Бас тақырып

Қара жамылғандар қамқорлықсыз қалмайды

Былтыр қарашада Абай шахтасындағы апаттан алты әулет қан жұтып еді. Бейсенбінің түнінде тағы бес шахтердің шаңырағы қара жамылды. Шахтинскінің іргесіндегі Ленин атындағы шахтада метан жарылды. Көз жұмған бесеуден бөлек, төрт адам ауруханада жатыр. Жалпы, аталған шахта іске қосылған 1964 жылдан бері 69 кенші қаза тапқан. Ресми ақпаратқа сүйенсек, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-на қарасты шахтадағы апат 3 қараша күні түнде, сағат 03:03-те орын алды. Шамамен 800 метр тереңдікте газды дренажды ұңғымаларды бұрғылау кезінде кенет метан жайылып, жарылыс болды. Бұл уақытта жер астында 106 кенші жұмыс істеп жүріпті. Дабыл қағылған сәттен 101 адам шахтадан шығып үлгерді. Тек, бесеуі оқиға орнында жан тапсырып, төртеуі жарақат алды.

Қайғылы оқиға елді аяғына тік тұрғызды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қайғыға душар болған отбасыларға көңіл айту жеделхатын жолдады. Үкіметке және облыс әкімінеапат себептерін анықтау үшін шұғыл шаралар қабылдауды және қайтыс болған, зардап шеккен азаматтардың отбасыларына тиісті көмек көрсетуді тапсырғанын айтты.

Тиісінше, Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин жетекшілік ететін Үкіметтік комиссияны құруға пәрмен берді. Компанияның жеті шахтасы бір тәулікке тоқтатылды. Ал, Ленин шахтасындағы жұмыс комиссия тексерісінен кейін қайта жанданады.

Бүгінде марқұм болғандардың есімі белгілі. Жастары отыз-қырықтың маңындағы жігіттер:

– Арман Қадыржанұлы Қашкей, 1993 ж.т., бұрғылау қондырғысының машинисі. Жұмыс өтілі – 8 жыл. Соңында ата-анасы қалды;

– Марғұлан Серікұлы Ынтыбеков, 1996 ж.т., бұрғылау қондырғысы машинисінің көмекшісі. Соңында әкесі қалды;

– Дмитрий Игоревич Бойченко, 1991 ж.т., бұрғылау қондырғысының машинисі. Жұмыс өтілі – 8 жыл. Соңында анасы қалды;

– Андрей Павлович Санжаров, 1980 ж.т., бұрғылау қондырғысының машинисі. Жұмыс өтілі – 21 жыл. Соңында ата-анасы мен екі баласы қалды;

– Денис Анатольевич Инкин, 1984 ж.т., бұрғылау қондырғысының машинисі. Жұмыс өтілі – 13 жыл. Соңында әкесі, жұбайы, қызы және асырауындағы тағы бір адам қалды.

Зардап шеккен төрт адам Қарағандыдағы Х.Мақажанов атындағы көпбейінді ауруханаға жеткізілді. Газбен уланған бұлардың екеуі басынан да жарақат алған. Аурухананың медициналық бөлімі директорының орынбасары Талғат Жүкен олардың жағдайлары ауыр екенін жеткізді.

Сол күні кешке Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мен облыс әкімі Жеңіс Қасымбек баспасөз мәслихатын өткізді. Осы жерде аймақ басшысы әкімдік тарапынан қажетті көмек жасалатынына уәде берді.

– Мақажанов ауруханасында жатқан зардап шеккендерге барлық медициналық көмек көрсетіледі. Қаза болғандардың отбасыларын да елеусіз қалдырмаймыз. Сонымен қатар, компания Еңбек кодексі мен ұжымдық шарттың барлық талаптарын орындауға міндетті. Балаларының оқу ақысы, несие қарыздарынан бөлек, әр шахтердің отбасына он жылдық жалақы мөлшерінде материалдық өтемақы төлеуі тиіс, – деді Жеңіс Қасымбек.

Юрий Ильин жарылыстан кейін өрт болғанын мәлімдеді.

– Қазіргі уақытта метан газы жайылып, салдарынан концентрациясы шамамен 5 пайызды құрайтын жарылыс болып, өрт шыққанын айта аламыз. Нақты қорытындыны комиссия береді, – деді министр.

Арнайы құрылған комиссия құрамына мемлекеттік органдармен қатар, тәуелсіз сарапшылар да жұмылдырылмақ.

Айта кетейік, биылғы жылдың маусым айында аталған кенжарда метанның баржоғы тексерілген. Алайда, тексеруші топ метан таппапты.

Сондай-ақ, министр Ленин шахтасында осы уақытқа дейін 69 адам көз жұмғанын айтты. 1978 жылғы алғашқы апатта – төрт, 1985 жылы – төрт, 1995 жылы – он үш, 1998 жылы – бір, 1999 жылы – үш адам құрбан болды. Ал, ең көп кісі өлімі 2006 жылы тіркелді. 41 шахтер бақилыққа аттанды. Соңғы апат былтыр 13 қаңтарда тіркелді. Метан жайылып, бір адам жан тәсілім етіп, екі адам жарақат алды.

Әйтсе де, министр өндірісті мүлде тоқтату да мүмкін емесін тілге тиек етті.

«2006 жылы бұл шахтада 41 кенші көз жұмды. Шынымен, шахталарда көп адам қайтыс болғанын мойындау керек. Өйткені, шахтер – өте қауіпті мамандық. Дегенмен, көптеген адам нанынан айырылатындықтан шахтаны мүлде тоқтату туралы мәселе көтеру қажеттігі жоқ», – деді ведомство басшысы.

Полиция департаменті оқиға бойынша ҚР ҚК 277-бабының 3-бөлігі, яғни, «Екі немесе одан да көп адамның абайсызда өліміне әкеп соқтырған тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезіндегі қауіпсіздік ережелерін бұзу» бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмысын бастады.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button