Руханият

Нұржан ақын қайтып келді!

Мен бұл ақынның есімін ес жиып, етек жинаған кезден бастап естіп едім. Біздің тұқымнан Шөжеден кейін шыққан алғашқы ақын. Он тоғызыншы ғасырдың аяғында, жиырмасыншы ғасырдың орта тұсында жасаған кісі. Атақ-даңқы Семей губерниясы, Қарқаралы уезіне мәшһүр болған. Әкесі Шоң оны Қарқаралының ірі көпесі Құбайдұлла Бекметовке береді. Бұл Қарқаралыда Құнанбай ат басын шалдыратын ірі шонжар. Құнекең Қарқаралыда мешіт салғанда осы адамның үйіне тоқтаған. Сол Көк Үй мұнда әлі тұр. Алаштың ардагері, қазақтағы алғашқы юрист Ақпайдың Жақыбы осы көпестің Гүлбаһор деген ару қызына үйленген.

Нұржан ақын қайтып келді!

ГҮЛБАҺОРДЫҢ ӘНІ
Нұрлан Дулатбековке

Азан да қазан ел сіңген жерге мен сіңбей,
Қазаннан келіп, Қарқаралыны жерсінбей;
Теңсінбей не бір татардың қаратаяғын,
Оқалы орыс офицерін де менсінбей! –

Жүр едім… күнде төбем бір көкке тиеді.
Көрмеген едім күйкі мен көмеш, күйені.
Мен туған шаңырақ қарадан шығып хан болған,
Құнанбай түскен, Абай кеп түскен үй еді!

Қайран, шаңырақ,
Қалдым аңырап,
Көрісер күн бар ма,
Қозыдай маңырап –
Жамырап?!

Аттың үстінде кеппеген бір сәт тақымы,
Болмысы бөлек, бітімі, сезім, ақылы, –
Алдымнан шықты Алаштың ұлы, бір бекзат –
Ақпайдың Жақыбы!

«Беретін көктен бекзатым сен» – деп – Айды алып!»,
Көзімді жұмып, құшағына құлап, байланып;
Күндерім қайда көк үйде өткен шалықтап,
Штраустың вальсімен шыр-шыр айналып?!.

Татьянаның әніне елтіп, биге – бір,
Тәттімбетіммен күңіреніп, кейде, күй-көңіл;
Абайдың жыры ар-ұятымды әлдилеп,
«Махаббат, қызық мол жылдар» өткен үйде – бұл!

Петрбор анау – зеңбіректің зілді солқылы,
Татар мен қазақ несіне шошып, толқыды?!
Заманның лаңы тез болып түсіп тектіге,
Жаманның бәрі құтырып кетті сол күні!

…Жақаңмен жүрген баллдағы балдай биімді,
Сағынғандағы білмейді ел көңіл күйімді;
Атқора қылып алмаса болды құл-құтан,
Құнанбай түскен, Абай кеп түскен үйімді?!.

*Гүлбаһор Қарқаралыдағы татар көпесі Халиолла Бекметовтің ( 1833-1903 жж.) қызы, Ақпайдың Жақыбының жұбайы.

Нұржанның шығармалары әдеби айналымға түспеген. Сейтқазы Әбдіразақов деген мархұм, мұғалім-тарихшы, менің аяулы ұстаздарымның бірі, өткен ғасырдың 60-70-жылдары Қазақ ССР Ғылым академиясының қолжазба қорына біразын жинап тапсырған екен, ол сонда шаң басып қалған болуы керек? Айдаржан Хасенов деген Ақтоғайдың азаматы араб әліпбиінен кириллицаға көшіріп, қотарып, белгілі ақын, «Қасым» журналының Бас редакторы Серік Сағынтай биыл алғаш рет «Тенгри» баспасынан соны жалғанның жарығына шығарып отыр! Бүгін осы азаматтарға деген алғысымыз ерекше болып тұр!
Нұржанның баласы Біләл ақсақалды мен де көрдім. Ақ сақалы беліне түскен пірадар еді, дініне берік, ақынжанды молда кісі. Арқаның атақты әншісі Мейірхан Адамбековтің туған нағашысы.
Әпкем Гүлғайын (Күлкен) туғанда шешем Һалифа он тоғыз жаста. Мен Ақсұңқардың тұла бойы тұңғыш ұлы; шешем мен туғанда Кеңасуда ұлан-асыр той жасайды. Сол кезде Ақсұңқар Петропавлда басқарманың оқуында екен. «Сонда Біләл жырау таңды таңға ұрып, өлең айтқан» дейді ел. Аруақ менің арқама Қызыларайдың топырағы мен осы Біләл жыраудың шілдеханада айтқан ән-жырынан қонған болуы керек, меніңше?!
Білкеңнің тұңғышы Раузадан туған әнші Мейірхан (Адамбеков) әуелетіп ән салғанда менің көз алдыма Білекең ақсақал елестейді ылғи! Мейірхан бауырым да келмеске кетті… Жер бетінде боздап «Шайтанкөлің» қалды! Екі көзі төрт боп мен қалдым… Содан бері қырық қабырғам саудырап, Мейірханмен қоса Тәңір бауырымды суырып әкеткендей күй кешіп жүрмін…

Мейірханды жоқтағанда

Түркі – Ата болса,
Ақсораң – Ұлы Анамыз.
Ауызда – Қарқаралы дуаны аңыз.
Басында Ойантаудың ойран дауыл,
Қасымда Біләл жырау дуалы ауыз.

Туғаннан менің шерлі шемен кеудем,
Елде жоқ сиқыр үнге елеңдеумен.
Есіктен Біләл жырау төрге озғанда,
Бесікте шыбын жаным бебеулеген!

Біледі Білекеңдей беренді кім,
Сезеді мендей қайдан тереңдігін?
Белінен сол бір шалдың сен жаралсаң,
Демінен мен жаралғам сенен бұрын?

Жоқ менің Алаш сынды алапқа өкпем,
Тәңірі ән салғызды танып көктен.
Тамшы ма ең Жәнібектің көзіндегі,
Алаштың айдынына тамып кеткен?

Әлемді бір шолдым да әріге өттім,
«Бұ жалған – Әміренің әні» деппін.
Бұ күнде Шайтанкөлге нөсерлеп тұр,
Көзінен тамған жасы Жәнібектің!

Көкшетау Біржан салмен бір түлесе,
Наданды Мәди-Семсер кескілесе;
Қазағым – Ғаламның Бір Шерлі Даусы,
Есінеп есер дүние естімесе,
Қайтемін енді…

P.S. Бүгін өшкеніміз жанып, өлгеніміз тіріліп отыр. Ұлттық әдебиетіміздің айналымына Нұржан Шоңұлы деген ақынның шығармалары келіп түсті! Қарқаралы-Ақтоғай аймағының шежіресі тағы бір талантты, қанатты ақынымен толығып жатыр, – «Ақжолтай» дейік ендеше!

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ,

Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

ЖАЗ

Көшпелі ел мал семіртіп алты ай жазда,
Жағалай үйін тігіп салқын сазға.
Көкдауыл қаршығаның қырандарын,
Бозбала қырғын салып үйрек, қазға.
Тізілтіп кешкітұрым алып қайтса,
Таңданып ақсақалдар өнерпазға.
Таласып қанжығаға қыз-келіншек,
Бой жазар әзілдесіп мұң мен назға.
Жаратып, ат жүйрігін сынастырған,
Қараңғы ел сөйтіп көрген күнің аз ба?
Елде барда – адамда аштық бар ма,
Қыдырып қымыз ішкен ез бен таз да.

Мал бағып көшіп қазақ қылған машық,
Үй жығып, таңмен бірге ұйқыны ашып.
Дені сау тоқты сойып, жемей бағып,
Көбейген сөйтіп шаруа алға басып.
Мал қамы үшін таласып жер мен суға,
Құтырған ақымақ байлар судай тасып.
Өмірде мал қолынан кетпестей боп,
Ғылым, білім жолынан аулақ қашып.
Семіріп, біткен малды көтере алмай,
Құртқан партияға босқа шашып.
Қайырын шашқан малдың көрмегендер,
Үйіне жете алмайтын сонша жасып.
Құр малды ішпей-жемей босқа бағып,
Беретін би, болысқа қорқып-сасып.
Кедейді қасқырдан да жаман көріп,
Алмайтын сәлеміңді кәпір пасық.
Өлімнен, жалшылықты қиын көріп,
Кедей бар ғылым қуған ақылы асып.
Көп елге сондай еңбек сіңіргендер,
(Қолжазба анық оқылмайды)
…жемісінің жиды нәсіп.
Білімге аяр малдан жұмсамаған,
Маңдайға жазбаған соң шараң нешік.
Еңбектің бақыты ашылған азаматтар,
Қалап жүріп … жарды кешіп.
сөз, аузына тамақ келді,
Жаратқаннан үміт кесіп.

АҚЫЛ

Ми – патша, ақыл – дария кеңес құрған,
Нәпсі – жел, көңіл – өзен толқын ұрған.
Жүрекке осылардың бәрі қонақ,
Суретсің, айырмасаң, босқа тұрған.

Жүгіртіп ойға-қырға қиял-саңлақ,
Жанқияр қосылмайды жолдас таңдап.
Ақыл мен жұпар заттас деген сөз бар,
Жолдасын тауып ұстар ақыл аңлап.

Ақыл бір алтынға ұқсас доп-домалақ,
Белгісіз қанша екені неше қадақ.
Ақылға азбын деген жан болмайды,
Көрсетіп ала алмайды ешкім қадап.

Адамның өз ойынша бәрі де алтын,
Кемдікке санамайды ешкімқалпын.
Толқынды жарыс болған майдан жерде,
Әркімнің көп сынайды шама-шарқын.
Қиялды ғазиз ақыл тартар төмен,
Желігер жеңіл ойлап емен-семен.
Тал бойын, талмай, жанға сынатады,
Мастанбас құр атаққа пәлен деген.

Жәбірден ақылды адам сақтанады,
Жандыға жапа істеуден ықтанады
Біреудің қалтасында жұпары бар,
Өзі айтып көрінгенге мақтанады.

Арсызда әдеп-ұят, қан бола ма,
Сүйекте қурап қалған тән бола ма?
Аңқып тұрған жұпармен ақыл ұқсас,
Екеуін танымайтын жан бола ма?

Бір жауһар ақыл деген өзгермейді,
Жілікті шаға алмаған сөзге ермейді.
Айнымас, айтса қайтпас тас жүректі,
Бір жерге осы екеуі кез келмейді.

Байғыздай ақылды адам жүреді ойлап,
Түбіне жүрегінің терең бойлап.
Ақыл мен ақымақтың арасы алыс,
Ақымақтар шоққа тастап шығады ойнап.

Біреу жүр мал құмары арын сатып,
Күліп жүр кейбіреулер таңға қатып.
Азамат, ат байлаған ақылдылар,
Байқайды бәрінің де дәмін татып.

Ақыл мен бақтың, малдың күндесі көп,
Құралып тұзақ құрған тілдесі көп.
Сүйекке қоса біткен бір үлкен жау,
Халықтың білгенінен білмесі көп.

Жақсы болсаң күндейді тап өз ауылың,
Кедей болсаң безеді туған бауырың.
Көзге ілінсең әртүрлі сөзге ілініп,
Ортасында жүресің үлкен даудың…

Бір мирас жамағайын көре алмайтын.
Жау келсе жанабына келе алмайтын,
Кінә тұтсаң азамат болмағаның,
Жатып үрер, ақсақ ит өле алмайтын.

Кез қылма ақымақтың амалына,
Қаудан өрт тастап қашар қамалына.
Досыңнан, дұшпаныңнан бірдей сақтан,
Таймастай талап жағып табаныңа.

Наданның кім түседі пиғылына,
Айдайды қайда қиын, шұғылына.
Жақсы қатын, өмірлік жан серіктің
Шамаң келсе, қарап қон тұғырыңа.

Нұржан ШОҢҰЛЫ

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button