Жаңалықтар

Латын әліпбиіне көшу – болашақтың бағдары

Өткен аптада Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап кітапхана және облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жанындағы «Ресурстық тіл орталығы» қызметкерлерінің бірлесіп ұйымдастыруымен ҚММУ жанынан құрылған Қарағанды медицина колледжінің медбике ісі мамандығының I курс студенттерімен кездесіп «Латын әліпбиі – болашаққа қадам» тақырыбында ақпараттық сағаты өткізілді.

  • Бір жазудан екіншісіне көшу халықтың рухани байлықтан сусындауына қосымша қиындық келтіруі мүмкін. Сондықтан, әліпби мен жазу мәселесіне әлеуметтік лингвистика тұрғысынан жете назар аударған жөн. Алдымен әр тілдің дыбыс қорын анықтап, содан кейін әр дыбысты әріптермен таңбалау қажет. Әліпби жасау үшін алдымен графикалық лингвистика теориясын терең танып, тілдің дыбыс жүйесіндегі фонемалардың өзіндік фонологиялық ерекшеліктеріне жете назар аударып, бөгде тілдерден енген сөздерге қатысты фонемаларды қалай таңбалау керек деген мәселелерді шешіп алу керек, одан кейін тілдің болмысын танытатын негізгі заңдылықтарын біліп, тілдің табиғатына сай келетін, өзіндік дыбысталу ерекшеліктеріне кері әсер етпейтіндей мәселелерді ескеру керек. Жазу барысында әр әріптің өзара кездесу жиілігі де назарға алынуы тиіс, – деп ресурстық тіл орталығының әдіскері Жансая Мұхаметжанова айтып өтті. Сондай-ақ, латын әліпбиінің жаңа түрімен таныстырып, студенттермен латын қарпін де жазуларын есте сақтау және дағдыландыру мақсатында тестік тапсырмалар орындады.

Жылдың басында кітапханада «Кітапханаға латын әліпбиіндегі кітап сыйла» акциясы ұйымдастырылған болатын. Акцияға қала тұрғындары латын тілінде жарыққа шыққан кітаптарды табыстады. Олар: Abai Qunanbaev «Tandamaly olenderi», Nikolai Ostrovski «Qurysh qalai shynykty», Batyrlar, Djek London «Aq azuv», I.I. Sokolov «Fizika kursy».

Латын қарпінде жазылған кітаптарға тоқталып, шолу жасаған кітапхана қызметкері «Бүгінде латын әліпбиі мәселесі кімді болсын толғандырмай қоймасы анық. Латын әліпбиіне көшу туралы айтылып келе жатқанына біраз уақыт болғанымен, бұл мәселе төңірегінде сан алуан пікірлер бар. Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында бұл мәселенің де өз шешімі болары анық» екенін тағы бір мәрте түсіндірді. Студент қауымына «Менің айтарым» парақшасы таратылып, латын әліпбиінің терең дамуына өз үлестерін қосатындықтарын айтып, өз ойларын қағаз бетіне латын қарпінде жазып, жеткізді.

Студенттерге кітапхана сайты мен мекен-жайы, ұйымдастырылған шаралар туралы нақты жазылған жарнама үлгісіндегі қағаздарды таратты.

«Кеңесіп пішкен тон келте болмас» демекші, сіз бен біз болып осы әліпбидің жандануына септігімізді тигізер болсақ, біздің көздеген мақсатымыздың орындалатыны анық. Латын қарпіне көшу мәселесі ел болып жұмыла кірісетін үлкен шаруа болғалы тұр. Қандай қадам жасасақ та, ұлтымыз үшін игілікті боларына сеніміміз мол.

Мақпал ТҮСІПБАЕВА.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button