Бас тақырыпБасты тақырып

«Тастанды»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ биылғы Жолдауында, алдағы жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасын жүзеге асыру жөнінде Үкіметке берген тапсырмасын жұртшылық жылы қабылдады. Бұл бір шақалаққа зар болған талай отбасының үмітін оятқаны анық. Өйткені, елде шаңырағы шайқалған әрбір бес жұптың біреуі баланың жоқтығынан ажырасады екен. Өкінішке орай, бар баланың бағасын білмей жүрген бейбақ та баршылық. Тастанды! Бұл сөз кейбіреудің көңіліне ауыр тиетіні түсінікті. Ата-ана алақанының жылуын сезінбей өскенді айтамын. Бұл әлеуметтік кемсітудей көрінуі де мүмкін. Әрине, әке тәрбиесін көріп, ана мейіріне шомылған шолжаң оны түсінбейді… Ал, «Баламның табанына кірген тікен, менің маңдайыма қадалсын» дейтін қазақта «Тірі жетім» қайдан шығады? Оның нақты санын ешкім айта алмайды. Дегенмен, кейбір дерекке жүгінсек, Қазақстанда қазір жүз мыңға жуық жетім бала бар көрінеді. Қадау-қадау қазақты саусақпен санап жүргенде, бұл аз ба, әлде көп пе?

ҚОҒАМ ҚАСІРЕТІ

Өркениетке қанша ұмтылғанмен, қоғамда кездесетін келеңсіздік көп. Соның бірі – тастанды бала тағдыры. Жалғанның жарығын көрген сәттен-ақ маңдайына әке мен шешенің аялы алақанының жылуын сезіну бақыты бұйырмаған ондай баланың болашағы – бұлыңғыр. Ол әуелі – сәбилер, сосын жетім балалар үйінде тәрбиеленіп, жасы кәмелетке толған соң өмірдегі даңғаза дүрмекке араласып кете барады. Бірі түзу жол тапса, енді бірі адасып, жаза басып, жаңылысып жатады. «Тастанды» тағдыры – қоғам қасіреті.

Ата-анасы сырт айналған баланы мемлекет қамқорлығына алады. Сол сәбиді шетелден келіп бауырына басқан бөгде де бір кезде көбейіп кеткені рас. Оған құзырлы орын, қалың қоғам қайраткері жабылып жүріп тосқауыл қойғандай болды. Қазір Қазақстан азаматына бала асырап алуда басымдық берілген. Елде тұрақты тұратын қазақстандық азаматқа немесе баланың туысына тәрбиелеуге беру мүмкін болмаған жағдайда ғана шетелдік азаматтың асырап алуына рұқсат етіледі.

Шетелдіктің енді агенттік арқылы ғана бала асырап алу мүмкіндігі бар. 2012 жылы «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» ҚР Кодексі шетелдік азаматтың бала асырап алу үдерісін өзгертті. Әділет министрлігінің ресми сайты «солай» дейді. Оған сенсек, егер бұрын шетелдіктің тікелей бала асырап алу мүмкіндігі болса, бүгінде бұл мәселені тек «заңды тұлға» – агенттік ел аумағындағы өзінің филиалы, өкілдігі арқылы жүзеге асырады. Сондай-ақ, міндетті түрде Білім және ғылым министрлігінің жолдамасы керек.

Бұрынғыдай емес, екпін ептеп басылғанымен, үзілді-кесілді тыйым болмағандықтан біздің балаға көз тігетін бейтаныс әлі де табылады. Бірақ, бұл жағдай өз баласын өзекке тепкен тасбауыр әке-шешені ойландырып жатқаны шамалы. Баласын «уақытша» деп қалдырып, артынан мүлде қайырылмай кететін де кездеседі. Жауапсыз ата-анаға қандай шара қолданылады? Бала асырап алу оңай ма? Көзі жәудіреген жетімнің жетіліп кетуіне кедергі келтіретін қандай қиындық бар? Оны шешудің жолы қандай? Осындай сан сауал санаңды сансыратады.

БАЛА АСЫРАП АЛУ ОҢАЙ МА?

Тастанды сәби санын азайтудың бір жолы – бала асырап алуды жеңілдететін заңнамалық тұрғыдан жағдай жасау. Қазір қаптаған қажетті құжатты түгендегенше, шыны керек, табаныңнан таусыласың. Қағазбастылық қажытады. Оған бюрократтық былықты қос. Бала асырап алғысы келген адам, жинайтын қаптаған құжатты көргенде, жауапсыз жайбарақаттықпен бетпе-бет келгенде бастапқы ойынан айнып қалуы да бек мүмкін.

Бізде бойдақтың бала асырап алуына шектеу қойылған. Қазақстанда, әсіресе қыздың тұрмысқа шыға алмай, уақытын зая кетіретінін ескерсек, бойдаққа бала асырап алуға мүмкіндік беру баланы сыртқа жібергенге қарағанда, әлдеқайда дұрыс болар еді. Сондықтан, осы саланың маманымен, ғалыммен, заңгермен бірлесіп, жан-жақты талқылап, егжей-тегжейлі зерттеп, безбендеу керек. Әрине, мүмкіндігінше Қазақстан азаматына бала асырап алу үдерісін жеңілдеткен жөн.

Мұны мемлекеттік деңгейде ойластырып, бала асырап алуға қажетті құжатты азайту жағын қарастырса қайтеді? Сосын бала асырап алушыға көмекті көбейтіп, түрлі жеңілдік жасалса, игі іс болар еді. Қалай десек те, жетімін жылатпаған қазақтың бүгінгі ұрпағы тастанды сәбиді көбейтті. Бұл – ащы да болса, ақиқат! Бұл – жақсылықтың нышаны емес.

«БАЛА АСЫРАП АЛ!»

Балалар үйіндегі бүлдіршін мына жарық дүниеге тағдыр тәлкегіне түсуге келмеген. Ол аналық мейірімді, әкелік қамқорлықты аңсайды. Көзі жәутеңдеп біреуді күтіп отырады. Егер жағдайың көтерсе, әлеуметтік ахуалың мұрша берсе, тастанды сәбиді асырап алуға, бейкүнә балақайға ата-ана болуға асық! Бұл қазақ салтында да, Қазақстан заңында да, Ислам дінінде де қарастырылған.

Қазақ салтында:

Бала асырап алу үрдісі қазақта ежелден бар. Сәби сүймеген шаңырақ бала асырап алса, бедеу әйел құрсақ көтеріп, бала тууы мүмкін деген ырым, сенім қалыптасқан. Олар әдетте, баланы ең жақын туған-туысынан, яғни, қаны бір, бір әулеттегі бауырынан асырап алуға тырысады. Оған кез келген отбасы келісе бермеуі мүмкін. Туысқаны да тартынады. Ондайда тастанды бейкүнә сәбиді асырап алғанның айыбы жоқ. Қайта, сауап!

Қазақстан заңында:

Бала асырап алу жасы кәмелетке толмаған балаға байланысты әрі соның мүддесіне сәйкес жүзеге асырылуға тиіс. «Неке және отбасы туралы» Заңда бала асырап алудың тәртібі, құқықтық салдары, тиісті адамның заңды міндеті, жеке жауапкершілігі, тағы да басқа мәселе егжей-тегжейлі қарастырылған.

Ислам дінінде:

Арабта бала асырап алу Ислам дініне дейін-ақ кең тараған көрінеді. Алла Елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарлық қонбастан бұрын осы салтпен Зәйд бин Харисаны бауырына басып, оны «ұлым!» деп жариялайды. Ол Зәйд Мұхаммедұлы атанады. Ол кезде асырап алған ұл-қыз сол адамның баласы саналып, мұрагері болады. Ал, Ислам діні енгеннен кейін арабта асырап алған баланы өзінің туған әкесінің атымен атау қағидасы орнықты.

Жетім баланы асырап алғанда ата-тегі (фамилиясы) болса, шариғат шарты бойынша, оны ешкім өз атына ауыстыра алмайды. Жалпы, Ислам дінінде бала сүю-сүймеу – Алланың бұйрығымен болатын іс. Бұл жөнінде Құран Кәрімде былай делінген:

«Көк пен жердің иелігі Аллаға тән. Қалағанын жаратады. Кімге қаласа, қыздар, кімге қаласа ұлдар береді. Немесе ұлдар мен қыздарды жұп-жұбымен береді. Сондай-ақ, қалағанын бедеу етеді. Күдіксіз ол, толық білуші, аса күшті» («Шұғара» сүресі, 49-50 аят).

Олай болса, бала сүйгізу-сүйгізбеу – Алланың ісі. Ұрпақсыздық – бақытсыздық емес, Алланың сынағы. Нағыз бақытсыздық – сол сынақтан сүріну!

МӘН-ЖАЙДЫ МАМАН МӘЛІМДЕЙДІ

Айбек ДҮЙСЕМБЕКОВ, Жезқазған балалар үйінің басшысы:

«Тастанды баланы – 3 жасқа, психикасы мен дене бітімінің дамуында кемістігі бар баланы 4 жасқа дейін тәрбиелеуге бейімделген біздің мекеменің ашылғанына алдағы жылы ширек ғасыр толады. Бір-бірімен жылы аралық арқылы байланысқан екі қабатты екі ғимаратта жетім және мүгедек баланы тәрбиелеу мен емдеп-оңалтуға, мектепке дайындауға, арнаулы мектеп-интернатқа орналастыруға, асырап алуға, қорғаншылыққа, потранаттыққа дайындауға толық жағдай жасалған. Соңғы 17 жылда бірде-бір баланың шетінеуіне жол берілмеуі бізде қандай қабілетті ұжымның қалыптасқанын аңғартса керек.

Қазір 100 төсектік, оның 10-ы оқшаулау бөлмесінде, мекемеде 56 бала тәрбиеленуде. Оның басым бөлігі – денсаулығы дімкәс, кемтар бала. Сондықтан, ондай баланы басқа санаттағы балалар үйіне ауыстырудың жас шамасын алты жылға дейін ұзартып, мектепке барғанша осындай мамандандырылған мекемеде тәрбиелеуге мүмкіндік туғызылса деген ұсыныс бар. Оның үстіне кейінгі кезде қозғалып жүрген балалар үйін Білім және ғылым министрлігінің қарамағына беру туралы әңгіме бізді қатты алаңдатып отыр. Өйткені, онда Денсаулық сақтау министрлігіндегідей мүмкіндік жоқ. Ондай ойланбай жасалған қадам түбі аурушаң балаға тоқпақ болып тиеді.

Әрине, әр бала толыққанды отбасында тәрбие алғанға не жетсін? Бірақ, кейбіреуіне тағдыр ондай бақытты бұйыртпаған. Сонда да мүмкіндік туып жатса, оны отбасына қайтару, тіпті, болмағанда патронаттық тәрбиеге беру жағын қарастырамыз. Бір жыл көлемінде 3 бала өз отбасына оралды, 8 бала асырап алушы мен қорғаншылық тәрбиеге берілді. 3 бала болашақ отбасына қонаққа барып жүр. Бізде түрлі тағдыр теперішіне тап болған 3-4 жастағы бүлдіршін тәрбиленеді. Әке-шешесіз балаға қамқорлық көрсетудің, жақсылық жасаудың түрі көп: киім әперу, тамаққа тойдыру, ойыншық сыйлау, ақыр аяғы басынан сипап, жылы сөз айту. Бірақ, бала үшін жақсылықтың төресі – отбасын сыйлау. Яғни, асырап алу.

P.S. Адами түсінікте, «жетім» – әкешешесі қайтыс болған бала. Алайда, әртүрлі жағдайға байланысты жетім санатына жататыны жеткілікті. Тіпті жетімдік жіктеледі. Айталық, ата-анасы бар, бірақ баласынан бас тартқан немесе ата-анасының құқы шектелуінен осындай жағдайға душар болғаны – «әлеуметтік жетім». Ал, атаанасы қайтыс болғаны – «тұл жетім». Бүгінде біздің қоғамда әр он жетімнің екеуі ғана – «тұл» жетім, қалған сегізі – «әлеуметтік». Ойландыратын дерек!

Әлібек ӘБДІРАШ.

Басқа материалдар

Back to top button