Келелі кеңес — жылы жүздесу

Қазақ қоғамында кезек күттірмейтін мәселе көп. Солардың бірі – қазақ тілінің ахуалы. Тәуелсіздік алғанымызға 27 жыл болса да, әлі күнге дейін қазақ тілі мәселесі өзектілігін жойған жоқ. Қазақ мектебінде оқитын балалар көшеде, ойын алаңдарында бір-бірімен орысша сөйлеcеді. Неге? Қай жерден қателік жібердік?

Алаш арысы Мағжан Жұмабаев атындағы №39 гимназияда облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің Бас редакторы Мағауия Сембаев мұғалімдермен кездесіп, өзекті тақырыптар аясында ой бөлісті.

Бәріміз ұстаз тәрбиесін алдық. Сонау бала кезде мектепте алған білімді әлі күнге дейін арқалап, азық етіп келеміз. Адамның адам болып қалыптасуы мектеп қабырғасынан басталады. Сіздердің пікірлеріңіз қашан да маңызды. Қоғамдағы өзектегі мәселелер төңірегіндегі ойларыңызды ортаға салыңыздар, газетке жіберіңіздер. Басайық, елге жеткізейік. Пікір ұстаздан шықпағанда кімнен шығады? Мәселен, осы күнгі қаланың қазақтары балаларына орысша тәрбие береді. Үйдегі тәрбие сыртта байқалып жүр. Жаңа байқап қалдым, мектептен шыққан балалар өзара орыс тілінде сөйлесіп барады. Бұл – қасірет. Қазақ тілі қазақтан басқа ешкімге керек емес. Осы жағына мән берсеңіздер екен, – деді Мағауия Сембаев.

Өз кезегінде Мағжан Жұмабаев атындағы №39 гимназия директоры Абылай Жәлелов алдағы уақытта газет редакциясымен тығыз қарым-қатынаста болуға ниетті екендіктерін мәлімдеді.

Бізде шығармашылыққа жақын, болашақта журналист болғысы келетін балалар бар. «Мектеп тынысы» деген газет шығарамыз. Осы балаларды сіздердің редакцияға экскурсияға алып барсақ? Газеттің қалай беттеліп, қалай басылып шығатынын көрсін. Бұл олардың осы мамандыққа деген қызығушылығын арттыра түсер еді, – деді гимназия директоры.

Кездесу барысында баспасөзге жазылу мәселесі де сөз болды. «Қазақстанға интернет алғаш келген кезде газет пен журнал бәсекеге түсе алмайды, жабылып тынады» деген пікірлер қылаң берген болатын. Әйтсе де, қазақ баспасөзі өміршеңдігін көрсете білді. Қиындық артта қалып, заманға сай қайта жаңғыра түсті. Өйткені, газет-журнал әр азаматтың рухани жан серігі.

Гимназия басшысы ұжымының «Орталық Қазақстан» газетіне 100 пайыз жазылуды дәстүрге айналдырғанын айтты. Әрі, оқырман ретінде өздерінің өтініштері мен ұсыныстарын да жеткізді. Солардың бірі – ұстаздарға, мектеп ісіне қатысты дүниелерді көптеп басу және қызықты материалдар легін көбейту.

Мағжан Жұмабаев атындағы гимназия – Тәуелсіздіктің төл құрдасы. Сонау тоқсаныншы жылдардың бас кезінде құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген. Әуелде орыс мектебі ретінде ашылған ғимарат бертінде аралас, одан кейін таза қазақ мектебіне айналыпты. Бүгінде мыңға жуық оқушы білім алып жүр. Олар біліммен қатар шығармашылық шеберліктерін ұштап, таланттарын шыңдауға да мүмкіндік алған. Мектеп қабырғасын безендіріп тұрған картиналар оқушылар қолынан шыққан туындылар екен. Бұл – балалардың қарым-қабілеттерінің жоғары деңгейде екендігін айғақтаса керек.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,
«Орталық Қазақстан»

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.