Жаңалықтар

Еңбеккерлер жалақысы көтеріледі

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ қазақстандықтарға арнаған Жолдауы халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мен табысын өсіруге бағытталғандықтан, елдің ерекше назарында тұр. Бұл тапсырма бойынша меншік нысанына қарамастан, көптеген мекеме мен кәсіпорындар еңбекақыны көтеруді жоспарлап отыр.

Алдағы жылдың 1 қаңтарынан іске қосылатын бұл жобаға дайындық жұмыстары Шет ауданында қауырт жүріп жатыр. Түрлі деңгейдегі бюджетке қарайтын жүзге тарта мекемеде істейтін қызметкерлердің үштен бірінің, яғни, төменгі жалақы алатын мың жарым адамның еңбекақысы 1,5 есеге артады. Жалақы көтеру үрдісі бюджеттегі 3,5 мың адамды қамтитын болады және 2019 жылы осы мақсатқа 367 млн. теңге қажет екенін қаржыгерлер есептеп те қойды. Бұл соманың елеулі бөлігі штаттарды оңтайландырудан үнемделетін қаржылармен жабылмақшы.

Елбасының бастамасын бірауыздан қолдаған 83 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 908 жеке кәсіпорын мен 1489 жұмыс істеп тұрған шаруа қожалығы бүгінде аудан әкімдігімен меморандумға отыруда. Қазірдің өзінде меморандумдар саны бір мыңға жуықтады. Халықтың тұрмысы мен табысын көтеруге бағытталған мұндай ірі жобаларды жүзеге асыру үлкен дайындық пен мұқият есепті қажет ететіні сөзсіз. Ірі кәсіпорындарда жүздеген, мыңдаған адам істейді. Ал, қыс айларында әдетте өндірістік процестер мен экономикалық белсенділіктің төмендейтіні тағы бар. Қайсыбір кәсіпорындарда ең төменгі разрядпен істейтін адамдардың орташа жалақысы бюджеттегілерге қарағанда 2-3 есе жоғары. Соған қарамастан түсті металдар өндіретін үлкен өндіріс ошағы «NOVА-ЦИНК» ЖШС өз жұмыскерлерінің еңбекақысын жаңа жылдан бастап 10 пайызға көтеруді ұйғарды. Осындай міндеттемені темір рудасын өндіруші «Металлтерминалсервис» серіктестігі де алып отыр. Ал, «Бапы Майнинг» темір кеніші мен былтыр ғана іске қосылған мыс зауыты бар «Сары-Арқа Коппер Процессинг» (Алмалы) кен орны еңбекақыны төменгі жалақы алатындарға қатысты көтермекші.

Ақсу-Аюлы ауыл округіне қарай тын және өндірістік мәдениеті мен әлеуметтік жағдайы ілгері шаруа қожалықтарының бірі саналатын «Харекет» өз жұмысшыларының еңбекақысын 12 пайызға өсірмекші.

Мұндай үрдісті жеке кәсіпкер санатына жататын сауда дүкендері мен тамақтандыру орындары да жалғастыруда. Ертеден қара кешке дейін тұтынушылармен жұмыс істейтін бұл ұжымдардың жалақысы аса көп емес. Соны ескерген мекеме басшылары өз адамдарына еңбекақыны 25 пайыз көбейтетінін растап қол қойыпты. Әрине, өте құптарлық қуанышты хабар.

Бір айта кетерлігі сол меморандумға отырғандардың барлығы жалақы өсіруді сылтауратып, жұмыскерлер санын қысқартпауды, еңбекақыларын уақытылы төлеуді және тағы басқа да еңбек заңдылығына сәйкес процедураларды жасауды мойындарына алды.

Қорыта келгенде, бюджетке қарамайтын сектор бойынша еңбекақы мөлшері жаңа жылдан бастап ірі кәсіпорындарда орта есеппен 10 пайызға, шаруа қожалықтарында 12, кіші және орта кәсіпорындарында 14 және жеке кәсіпкерлік секторында 25 пайызға көтерілмек.

Президенттің коммуналдық төлемдердің тарифтерін төмендету бағытындағы бастамасы мен жүгенсіз кеткен монополистерді ауыздықтау жөнінде берген нұсқаулары халықтың көңілінен шықты.

Ертай ЖӘНІБЕКОВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button