Аграрлық ғылым «ҚАРТАЙЫП» бара ма?

Аспаннан киіз жауса да, құлға ұлтарақ тимейтіні секілді басқа салаларға инвестиция миллиардтап құйылғанда, ауыл шаруашылығына сондай ауқым бұйырмады. Содан көшінің жүрісі түзелмеді. Әрине, мемлекеттің мейірімін білдіретін қолдау бағдарламаларын жоққа шығару – әбестік. Бірақ, оның бәрі апыл-тапыл қадам басқан аграрлық сектордың нық тұруына қуат бермеді. Бұл саланың экономикада алғы шепке шығатын әлеуеті бар. Дегенмен, «бір қайғысы мың қайғысын қозғайтын» сектор тың көзқарасқа сусағалы қашан? Ғылымы дамымаған елдің өзі де өсуі – неғайбыл. Ал, соның ішінде, аграрлық ғылымның бүгінде қай дөңнің астында қалғанын нақ басып айту да онша қиын емес. Өйткені, ондағы тізесі шыққан проблемалар көп…

ДАБЫЛ ДАБЫРА ЕМЕС

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған Жолдауында да тоқталды. «Кәсіби мамандардың тапшылығы, сондай-ақ, аграрлық ғылымның ойдағыдай дамымауы – бұл саладағы қордаланған мәселелер. Осы бағытта атқарушы билік тарапынан нақты шаралар қабылдануы керек» деді Президент.

Аграрлық ғылымның «қартайып» бара жатқандығы туралы кейінгі жылдары дабыл жиі-жиі қағылады. Алысқа бармай-ақ, бір алқалы жиында Қарағанды өсімдік шаруашылығы және селекция ғылыми-зерттеу институтының мамандары өздеріндегі ғалымдар жасының 70-тен асқандығын айтты. Орнын басатын жастар жоқ. Сөйтіп, алқалы топ та Құдайдың зарын қылғанын көргенбіз. Бірақ, одан беріде сол «зардың» қандай да бір жарғақ құлаққа жетіп, жай тапқанына күмәніміз қалың. Президент айтқан аграрлық ғылым мәселесінде осындай мән-жайлар бар.

Қолдағы деректерге сүйенсек, соңғы 15 жылда ауыл шаруашылығы ғылымымен айналысатын мамандардың саны 8%-ға азайған. Ғылыми дәрежесі бар ғалымдардың орташа жасы – 57, бас ғылыми қызметкерлерде – 65, жетекші және аға ғылыми қызметкерлерде – 54, кіші ғылыми қызметкерде – 30 екен. Демек, «қартайғандығы» туралы «дабыл» бос дабыра емес.

ТАРАЗЫ БАСЫ ТЕҢ БЕ?

Жалпы, қазір осы саланың ғылымы бір бөлек, шаруашылығы бір бөлек. Екеуі екі жаққа қарап отырғаны да рас. Екеуінің түйісетін нүктесі жоқ. Бас қосып пікірлесуден қалған. Шаруашылықтың инновация аталған игіліктен құралақан қалуы да содан.

«Елдегі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының 0,3% — ы ғылыми негізде қамтылған, ал бұл көрсеткіш Германиядан 72, Швециядан 50, Финляндиядан 52%-ға және басқа елдерден едәуір төмен» дейді Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы.

Дәл осы орталық, 2019 жылы аграрлық ғылымды қаржыландыру көлемі 17,5 миллиард теңгеге немесе жалпы өнімнің 0,4%-ына жеткенін, агроөнеркәсіп кешеніне арналған мемлекеттік бағдарламасында 2021 жылы 25 миллиард теңгеге дейін немесе 0,5% дейін, 2030 жылға қарай саланың жалпы өніміндегі үлесін 1%- ға дейін жеткізу көзделгенін айтады.

Бұған қоса, 2002 жылдан бастап 30-ға жуық ауыл шаруашылық тәжірибе стансасы жеке меншікке берілгенін, әйтсе де сол жекешелендірілген кәсіпорынның бірде-бірі осы күні ғылыммен айналыспайтыны да мәлімделген. Бұдан соң «аграрлық ғылымның деңгейі неге төмен түсті?» деу де орынсыз. Таразы басы тең емес.

«ЭКСПО-2017» ИГІЛІГІ ҚАЙДА?

Құзырлы орындар атақты көрмеден ауыл шаруашылығына шарапаты тиетін, «Қазақстанда қолдану ықтималдығымен ауыл шаруашылығы үшін 15 елден 66 жаңа технология іріктеп алынды. Олардың арасында ауыл шаруашылығы қалдықтарынан энергия және жанғыш материалдар алу, балдыр биомассасын, тыңайтқыштар алу технологиялары, дәнді дақылдар өсіру технологиялары, ауыл шаруашылығы аймақтары үшін бейне-мониторингтің ұшқышсыз авиациялық кешендерін пайдалану және тағы да басқа инновациялық жобалар бар» деген болатын сол кезде. Ендеше, сол жобалардың шапағатын көретін кез келген сыңайлы. Президент тапсырмасында олар да ауылдың ертеңі үшін ескерілсе екен дейсіз ғой баяғы…

ТҮЙІН

Мемлекет басшысы Үкіметке бизнес өкілдерімен бірлесіп, агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі жаңа ұлттық жобаны әзірлеуді тапсырды. Бұған бизнесті тарту да құптарлық. Себебі, өзге әлем елдерінде мұндай тәжірибе бар. Яғни, бизнес қауымдастықтар мақсатты түрде ғылымға қаржы құяды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің ұсынған ақпаратынша, «бизнес-қауымдастық өкілдернің ғылымды қаржыландыру үлесі Люксембургте – 80%, Жапония мен Германияда – 70 %,Финляндия, Швеция, Қытай, АҚШ-та – 65%, Францияда – 54 %. Бұл елімізде небары– 5%». Сондықтан, бірлесіп жасалған жоғарыдағы жоба озық елдерден қалыс қалған тұстарымызды түгендеп берсе, жөн. Жұртта қалып, жұрттың шаңын бұрқыратып жүрген ауыл шаруашылығының өркениет көшіне керуен тартар кезін қаймана қазақ та асыға күтеді.

Қызғалдақ АЙТЖАН.