ЖАҢААРҚА ҚЫМЫЗЫ: аурухана мен үйде емделіп жатқандарға жөнелтілді
«Біз біргеміз!» акциясын қолдаған Ералиев ауылдық округінің халқы қасиетті жұмада игі іске ұйытқы болды. Ауыл әкімі Ербол МӘМБЕТОВ пен ауыл тұрғыны Ерлан ТҮСІПОВ бастаған белсенді азаматтар сырқатқа шалдығып аурухана мен үйде ем алып жатқан жұртшылыққа қолдан келгенше тегін қымыз таратуға бел буды.
Нәтиже күткендегіден де асып түсті. Азаматтардың бастамасын қызу қолдаған ауылда бие байлаған бірде-бір отбасы бұл игі істен тысқары қалмады. Екі сағаттың шамасында 1 000 литрден астам жаңадан ашытылған қымыз қотарылды. Әкімдік ғимаратына қымыз жинаған жігіттерге ауыл ақсақалы Шубай Нұржанбаев батасын беріп, ауыл имамы Ерсін Бейбітов игі тілегін жеткізді.
– Қазір ел қиын сәтті басынан өткізуде. Аты жаман індет күннен-күнге өршіп барады. Бұл қиындықты біз бір-бірімізге қолұшын беріп, қолдау көрсету арқылы ғана жеңіп шығамыз. Бәрі Алланың қалауымен болады. Бір қиындықтың артында бір жақсылық тұратыны ақиқат. Алла игі іске береке беріп, сауаптан жазғай, – деді Шубай ақсақал.
Жиналған қымыздың 200 литрі – Жаңаарқаға, 500 литрі – Қарағанды қаласына, 350 литрі Жезқазғанға жөнелтілді. Оны тегін жеткізіп беруді Нұржан Бейсенбин мен Қайрат Өмірбеков мойнына алды. Алла бұйыртса, ауыл халқы әр жұма сайын осы игі істі одан әрі жалғастырмақшы.
Әлібек ӘБДІРАШ.
ЖАҢААРҚА ауданы.