Өз атымен атайық

Қазіргі кезде көшеде жүретін қоғамдық көліктердің саны да, олардың жүретін бағыты да бұрынғыдан әлдеқайда арта түскені жұртшылыққа мәлім. Бірақ, олардың тоқтайтын аялдамасының саны онша көбейген жоқ, сол бұрынғы қалпы қалды. Оны өз көзімізбен көріп, сол қоғамдық көліктермен барар жерге жетіп жүрміз.

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімі талай жұмыстарды атқарып жатыр. Халыққа қолайлы және эстетикалық талғамға сай болуын ойластырғаны болар, аялдамалардағы жолаушылар автобус күтетін ескі күркешелерді алып тастап, жаңаларын орнатып шықты. Бірақ, темір қабырғадағы оюын абажадай етіп, ойып алып тастағаны алыстан қараған адамға болмаса, жанына келгенде онша келісті көрініс бермейді. Негізі күркешелер жолаушылардың желден, жаңбырдан ықтауына ыңғайлы болуы керек қой. Онымен қоса бұрын автобус келетін жақтың қабырғасы қысқалау болушы еді, қазір келер жақ пен кетер жақ қабырғаның ұзындығы бірдей, орындықта отырған адамға келе жатқан көлік көрінбейді. Сондықтан, жолаушының орнынан тұрып барып қарауына тура келеді. Бұл қарт адамдар үшін онша қолайлы емес.

Тағы бір айтарым, осы аялдамалардың аттары туралы. Жоғарыда аталған бөлім аялдамалардың атауларына онша көп көңіл бөле бермейді. Көңіл бөлсе де, көшеде жүретін жолаушы тасымалдайтын автокөліктердің жүргізушілері мен кондукторларына атауларын дұрыс атауды ескертпейді. Егер атап айтатын болса, өзім жүріп-тұратын бағыттағы автобустардың аялдамалары дұрыс атала бермейді. Мәселен, кондуктор «Арай» базары» деген дайын атау тұрғанда, көбіне «Океан» деп хабарлайды. Қазір ондай дүкен жоқ. Сол сияқты кинотеатрдың «Аврора» деген атауы да келмеске кетіп, «Сарыарқа» деп аталғанына қарамастан, әлі күнге ескі атауды көксейтіндер көп. «Өнеркәсіптік құрылыс жобалау институты» деген аялдама әлі күнге дейін «Валют-Транзит» болып аталып жүр. Сол сияқты «Банк колледжі» аялдамасына келгенде кондуктор бұрынғы ескі атауымен «Қаржы институты» деп саңқ ете қалады.

Тағы да айта берсем толып жатыр. Олардың барлығын тізбелеп шығу міндет те емес, қажеті де шамалы. Тағы бір айта кететін мәселе, жуырда қаладағы көптеген көшелердің атаулары заманға сай өзгертілді. Енді солардың атына сай аялдамалардың да аттары өзгеруі тиіс қой. Біздің кондукторларымыз болса, әлі күнге дейін «Волочаевская», «Луговая» деп жүр. Бірде осы туралы бір автобустың кондукторына айтып едім: «Білмеймін, бізге ондай өзгертулер туралы ешкім айтқан жоқ, нұсқау түскен жоқ», – деген жауап естідім.

Аялдамаларды аталған бөлім қызметкерлерінің тағы бір түгендеп қарап, атауларын өзгертулері қажет. Тек өзгертіп қана қоймай, олардың дұрыс аталуын, көлікте келе жатқан жолаушыларға дұрыс хабарлануын қадағалағаны дұрыс. Жолаушы тасымалдайтын автопарктерге бұл туралы қатаң ескерткені жөн болар еді. Әйтпесе жатталып қалған, жауыр болған ескі сүрлеумен тарта береріміз сөзсіз. Қанша дегенмен де қазір біз ХХІ ғасырда өмір сүріп, өркениетке бет алып келе жатырмыз ғой. Өркениетті елде барлығы өнегелі болуы тиіс.

Менің бұл ұсынысым қала әкімшілігі тарапынан қолдау табады деп ойлаймын. Онымен қоса жұртшылықтың, яғни, жолаушылардың өздері де немқұрайды қарамауы қажет.

Сүйіндік ЖАНЫСБАЙ,

Қазақстанның Мәдениет қайраткері,

ардагер журналист.