Жаңалықтар

Қарағандыда бейбіт митинг өтті

Қарағандының орталық алаңындағы Абай ескерткіші алдында жексенбіде бейбіт митинг өтті. Ұйымдастырушылар үш мәселе көтерді: несиелік рақымшылық, шетелдіктерге  жерді  жалға бермеу, қытай экспансиясы.

Бұл – биыл мамырда  Мемлекет басшысы қол қойған «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» Заң аясында өз еркін ерікті түрде білдіру құқының кепілді түрде айқын жүзеге асқан көрінісі. Жаңа Заңға сәйкес бейбіт митинг өткізуге рұқсат сұраудың қажеті  жоқ, тек жергілікті атқарушы органға хабарлау жеткілікті. Заңның басты ерекшелігі — осында.

Сол құқықты қолдануға ешбір кедергі келтірілген жоқ.  Митинг өткізуге қатысты заңнамада қарастырылған барлық мүмкіндік мемлекеттік органдар тарапынан жасалды. Қажеттілік туындаған жағдайда  медициналық көмек көрсету, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету назарда ұсталды. 

Бейбіт жиын өтетіні туралы алдын-ала халыққа жаппай хабарланғанымен,  митингке бар-жоғы он шақты адам қатысты, бір сағат шамасында тарқады. Митингте ұйымдастырушыларды басқадан  ажыратуға мүмкіндік беретін белгілік нышаны болды.

Ашығын айтсақ, митингіде көтерілген кейбір мәселе бұған дейін-ақ өз шешімін тапқан еді. Мәселен, Мемлекет басшысы  биыл 10 шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында жер шетелдіктерге сатылмайтынын, бұл түпкілікті шешім екенін қадап айтқан. Сондай-ақ, былтыр 26 маусымда Қазақстан Президенті азаматтардың жекелеген санаттары үшін «Қарыз жүктемесін азайту туралы» Жарлыққа қол қойды. Үкімет пен Ұлттық банкке әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтардың кепілсіз тұтынушылық қарызын есептен шығару процесін бастау жүктелді.

Бұлардың қатарында, көпбалалы, мүгедек балалы, жалғыз асыраушысынан айрылған отбасылар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, әртүрлі себепке байланысты қиын жағдайға тап болған жетім балалар бар. Соның арқасында борышкерлердің әр несиесінен 300 000 теңге жабылды. Оған қоса, жарты миллион қазақстандық несиесін өтеуге қосымша 300 000 теңгеден алды. Олар бұл жағдайда құжат жинап әуреге түскен жоқ. Өтеу жөніндегі барлық үдерісті мемлекет өз мойнына алды. Тек рақымшылықтан кейін азаматтарға банктен өзінің  несие тарихын тексеру ғана қалған-ды.

Жалпы, бейбіт өткен бұл жиын қоғамның өз ұстанымын тиісті деңгейде жария етуге әзірлігін, мемлекеттік ұйымдардың «еститін мемлекет» тұжырымын табысты жүзеге асыруда екенін көрсетті.

Қызғалдақ АЙТЖАН.

 

Басқа материалдар

Back to top button