«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында қала билігінің өкілдері жұмыстың жаңа форматына ойысты. Ендігіде көшелер бұрнағыдай бөлшектеп емес, бір мезгілде «бас-аяғымен» толық тазаланады. Облыс орталығынан басталған қанатқақты жобаның алғашқы нәтижелері қандай?

Мәселен, Жанғозин мен Абай көшелерінің қиылысында коммуналдық қызметтердің бір мезгілде кешенді тазалау қағидатын айқындайтын көшпелі іс-шара өткен болатын. Ілкімді шараға Қарағанды қаласы әкімдігінің және қаланың барлық коммуналдық қызметтерінің өкілдері дерлік қатысты. Көзайым жұртшылық әр тарапты мамандар шоғырының бір уақытта қалай жұмыс үйлестіргенін тамашалады. Көше қиылысын механикаландырылған әрі қолма-қол тазалау, қоқыс шығару, жолдарды жуу, іргелес аумақтарды жинау жұмыстары қаз-қатар бір мезгілде жүргізілді. Мұндай тың тәсіл қалалық ортаны күтіп ұстаудың тиімділігі мен сапасын едәуір арттыруға қолайлы. Бұдан соң Аханов пен Шәкіров көшелеріне кезек келеді. Одан әрі соны форматты мұқым қалаға тарату жоспарлануда.
Қалалық әкімдік өкілдерінің айтуынша, алғашқы учаскенің оң тәжірибесі алдағы уақытта Қарағандының басқа көшелерінде де кеңінен қолданылатын болады. Жаңа тәсілдің артықшылықтары, технологиялық шешімдері және жұмысты кеңейту жоспарлары туралы Қазыбек би атындағы аудан әкімі Ералы Оспанов мырза оқиға орнында толығырақ айтып берді.
– Көріп тұрғандарыңыздай, тазалық жұмыстары бір көшеге бірнеше рет қайта оралмас үшін бүгін қызметкерлер шоғыры қурап қалған ағаш бұтақтарын кесу, көше жарығын жөндеу және техникалық қызмет көрсету, жиекжолды тазалаумен айналысуда. Сонымен қатар, «Горкомтранс» мекемесінің өкілдері контейнерлік алаңдарды тазарту және дезинфекциялау жұмыстарын қоса жүргізуде. Жұмыстарды кідіріссіз жүргізу үшін полиция бөлімінің көмегімен көше учаскелері уақытша қоршалады. Полиция қызметкерлері өз мәліметтік базалары арқылы автокөлік иелерімен жедел байланысқа шығып, тұрақ орындарын босатуды сұрайды. Тазалық аяқталған соң көліктер орнына қайтарылады. Бұл бір реттік акция емес. Жұмыстар тұрақты негізде жүргізіледі. Әр көшеге кешенді әрі сарабдал қалыпта келеміз, – деп мәлімдеді Ералы Оспанов.
Белгілі болғандай, кәсіпкерлермен алдын ала келіссөздер жүргізілген. Дәмхана мен дүкен иелері таңғы сағат 9:30-дан бастап, өз аумақтарын тазалауға уәде берді. Бір шағын учаскені тазалауға шамамен екі-екі жарым сағат жұмсалады. Күннің қорытындысы бойынша әкімдік тарабы мердігерлердің жұмысын талдап, кестеге керекті түзету енгізеді. «Таза Қала» акциясы жалғасуда. Қала билігінің өкілдері тұрғындар мен бизнес өкілдерін өз аумақтарын таза сақтауға үндейді.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



