Алдағы уақытта Қарағанды қаласындағы 2000-нан астам шағын және орта кәсіпкерлік нысанындағы тіл нормаларына баса ден қойылады. Сол арқылы мемлекеттік қызмет көрсетудегі ұйымдар кәсіпкерлік субъектілеріндегі жарнамаларда Қазақстан Республикасының тіл және жарнама туралы заңнама талаптарына сай мемлекеттік тілде дұрыс рәсімдеуін қалыптастыруды көздейді. Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Сапалы жарнама – сапалы қызмет» әлеуметтік жобасын іске асыру бойынша өткен құқықтық оқыту тернингі осы мүддені өзек етті.

– Бұл жобаны біз 3 жылға жуық өткізгенбіз. Биыл жаңартып, өзгерістер енгізіп, бір жылдық жоба етіп отырмыз. Көрнекі ақпарат пен жарнама – қаланың келбеті. Жобадағы топ мүшелері – мемлекеттік тілдің насихаттаушысы. Жобаны әдеппен, өзімізге сай стильмен, дау-дамай туғызбайтындай етіп жүргізуге мүдделіміз. Тоқсан сайын кездесулер өткізіп, жылдың соңында бір нәтижеге жету – мұрат. Ең бірінші мақсат – ол тіл тазалығын сақтау. Қарағанды қаласы 70-80% қазақтанған. Урбанизация арқасында аудан, қалалардан көшіп келіп жатқан азаматтар қаншама?! Сондықтан, тұтынушы ретіндегі әр азамат мемлекеттік тілде өзінің сұранысын қамтамасыз ете алуы керек. Тіл тазалығы сақталмай, қалай болса, солай аударылған жарнамалар көпшілік арасында талқыға жиі түседі. Ұлттың ынтымағы үшін бұл орайда жұмыла жұмыс істеу – міндет. Заңда жарнаманың сол жағында бірінші қазақ тілінде, оң жағында орыс немесе басқа да тілде жазылады делінген, – деді тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Алма Шалабаева.
«Qaz Лингва» орталығының жетекшісі Гүлназ Мұстағұлова жобаны іске асыру алгоритмі бойынша медицина, қоғамдық тамақтану орындары, сауда орындары, халыққа қызмет көрсету орындары және көлік қызметі қамтылатынын атады.
Тренинг барысында Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің психологы Аружан Әшім «Эмоцияны басқару: конфликтке жол бермеудің тиімді тәсілдері» тақырыбында баяндады. Онда даулы жағдайда адам өзін қалай ұстауы керектігі туралы ақпарат берілді.
– Жоба негізі 2020 жылдан бері іске асырылып келеді. Жобаның қоғамға да, тіл үйренушілерге де пайдалы екені осы жылдарда аңғарылды. Бүгінге дейін біраз жарнамаларды қазақ тілінің заңдылығына сай ауыстырдық. Біздің негізгі мақсат – жарнама мен көрнекі ақпаратта тіл тазалығын сақтау, – деді Гүлназ Мұстағұлова.
Жоба аясында «Көрнекі ақпарат және жарнама тілін біріздендіру» акциясы ұйымдастырылады. Акцияда Қарағанды қаласында орналасқан мемлекеттік қызмет көрсетудегі ұйымдардың, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің қызметінде «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы», «Жарнама туралы» және «Тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңдарының талаптарының орындалуына мониторинг жүргізіледі.
Айша ҒАНИ,
ҚарҰЗУ ІІ курс студенті



