Жүрек қалауы жаққан үміт
Биыл еріктілер қозғалысы айрықша назарға ие болып отыр. Бүгінде аймағымызда 4 мыңнан астам ерікті қоғам игілігі үшін еңбек етуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Волонтерлік – азаматтық қоғамның ажырамас бөлігі» екенін атап өтіп, еріктілердің қоғамдағы рөлін жоғары бағалады. Бұл бастамалар өңірімізде жүйелі жұмыстар арқылы көрініс табуда.

Қарағанды облысында ерікті қозғалысы қоғамның маңызды әлеуметтік тіректерінің біріне айналған. Бүгінде өңірде 4 000-нан астам белсенді волонтер тіркелген, ал жалпы 75 еріктілер ұйымы мен топтары жүйелі түрде жұмыс істейді. Бұл көрсеткіштер аймақтағы азаматтық белсенділіктің жоғары екенін аңғартады. Дегенмен, соңғы үш жылда еріктілер саны айтарлықтай өзгермеген, бұл қозғалыстың тұрақты деңгейін білдіреді.
2024-2025 жылдары фронт-офистер арқылы жүзеге асқан жобалар еріктілер жұмысының ауқымын айқын көрсетеді. Әсіресе, экологиялық бағыттағы бастамалар кең қолдау тапқан. «Таза Қазақстан», Balkhash Tour Fest және ROAD эко-эстафетасы аясында 206-дан астам іс-шара өткізіліп, 4 435 адам қамтылды. Нәтижесінде табиғатты қорғауға бағытталған акциялар барысында мыңдаған килограмм қалдық жиналды. Мәселен, Balkhash Tour Fest кезінде 1 200 килограмнан астам, ал, ROAD акциясы барысында 860 кг қалдық тазартылған.
– Әлеуметтік және гуманитарлық бағыттағы жобалар да ерекше маңызға ие. «Забота рядом», «Ардагерім – ардағым», Meyirim жобалары аясында 276 іс-шара ұйымдастырылып, 3 028 адамға көмек көрсетілді. Оның ішінде, су тасқыны кезінде 130 тонна гуманитарлық көмек жеткізіліп, қарттарға арналған 350-ден астам іс-шара өткізілген. Бұл бастамалар еріктілердің тек ұйымдастырушылық емес, сонымен қатар, адамгершілік миссиясын да айқындай түседі. Еріктілер қозғалысына мемлекет тарапынан да тұрақты қолдау көрсетілуде. 2024 жылы бұл салаға 142,6 млн теңге бөлінсе, 2025 жылы 68,6 млн теңге, ал, 2026 жылы 115,6 млн теңге қарастырылған. Сонымен қатар, 2025 жылы 8 млн теңге көлемінде грант бөлінсе, 2026 жылы әрқайсысы 2 млн теңгеден тұратын 25 грант ұсынылуда.
Бұл еріктілердің қоғамдағы әртүрлі мәселелерге бейжай қарамай, жан-жақты жұмыс жүргізіп жатқанын көрсетеді, – деді облыстық жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Ардана Мырзанова.
Фронт-офистер еріктілерге кешенді қолдау көрсетеді. Атап айтқанда, жобаларды сүйемелдеу мен іс-шараларды үйлестіру арқылы ұйымдастырушылық көмек беріледі. Жыл сайын кемінде 4 ірі тренинг өткізіліп, 200-ден астам адам қамтылады, ал, көшпелі оқыту шаралары арқылы 3 000-ға жуық азамат білім алады. Облыс бойынша 14 фронт-офис пен 10 тегін коворкинг орталығы жұмыс істейді. Ақпараттық қолдау, медиа сүйемелдеу, Алғыс хаттар, сертификаттар мен гранттар еріктілерді ынталандырудың тиімді құралдарына айналған. Еріктілер қозғалысында шешімін күтетін мәселелер де бар. Атап айтқанда, білікті координаторлардың жетіспеушілігі, үкіметтік емес ұйымдар санының аздығы және бір волонтердің бірнеше ұйымға тіркелуі секілді түйткілдер қозғалыстың тиімділігіне әсер етуде. Бұл мәселелерді шешу үшін оқыту жүйесін күшейту, жаңа ұйымдарды қолдау және волонтерлердің бірыңғай базасын қалыптастыру бағытында жұмыстар қолға алынған.
Бұл қаражаттар волонтерлік қозғалысты дамытуға, оқыту жұмыстарын ұйымдастыруға, форумдар мен акциялар өткізуге, сондай-ақ, әлеуметтік, экологиялық және білім беру жобаларын іске асыруға бағытталған. Қарағанды облысында еріктілер ең көп тартылатын бағыттың бірі – әлеуметтік көмек көрсету. Экология, спорттық-оқиғалық іс-шаралар және нашақорлықтың алдын алу бағыттары да белсенді дамып келеді.
– Еріктілікке келуіме қоғамға пайда тигізуге деген ішкі ұмтылысым себеп болды. Университетте қоғамдық жұмыстарға араласа жүріп, мұқтаж жандарға көмектесудің маңызын түсіндім. Белсенді жастардың әрекеті де маған үлкен мотивация берді. Кішкентай істің өзі біреудің өміріне өзгеріс әкелетінін түсініп, бұл бағытта әрі қарай дамуға жігер алдым. Қазір әлеуметтік көмек және экологиялық бағыттарда жұмыс істеймін. Қайырымдылық акцияларын ұйымдастырып, осал топтарға қолдау көрсетемін, тазалық, көгалдандыру және экологиялық ағарту жұмыстарына қатысамын. Меніңше, адал азамат – жауапкершілігі жоғары, жанашыр адам. Еріктілік осы қасиеттерді қалыптастырады. Ол қоғамдағы сенімді нығайтып, жастардың дамуына оң әсер етеді. Уақыт тапшылығы мен ресурстардың жетіспеуі сияқты қиындықтар болады. Бірақ, оларды дұрыс жоспарлау мен мотивация арқылы еңсеруге болады. Жастарға айтарым – еріктіліктен қорықпаңыздар. Шынайы ниет болса, кез келген кіші қадам үлкен өзгеріске бастайды, – деді ерікті Айым Тілеш.
Жуырда Қарағанды облысының Абай қаласында 2012 жылы туған жасөспірім жоғалғанда іздестіру жұмыстарына полиция қызметкерлерімен қатар еріктілер де жұмылдырылды. Ауқымды іздеу барысында мобильді топтар мен жергілікті тұрғындар бірігіп, бірнеше сағат бойы дала аумағын тексерген. Нәтижесінде жасөспірім Абай қаласынан шамамен 15 шақырым қашықтықтағы ашық далада табылып, аман-есен жақындарына қайтарылды. Абырой болғанда, оған медициналық көмек қажет болмаған. Бұл оқиға еріктілердің жедел әрекеті мен бірлескен жұмысының арқасында адам өмірін сақтап қалуға болатынын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Қарағанды өңіріндегі еріктілердің қызметі – қоғамдағы жанашырлық пен жауапкершіліктің жарқын үлгісі. Олар табиғатты қорғаудан бастап, әлеуметтік қолдауға дейінгі түрлі бағытта аянбай еңбек етіп, елдің дамуына өзіндік үлес қосып келеді.
Жамал СОВЕТҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



