АймақСаран

Саранда серпіліс сезіледі

Саран қаласының әкімі Дарын Бұлқайыр өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыстағы БАҚ өкілдерімен брифинг өткізіп, қаланың 2025 жылғы әлеуметтік-­экономикалық дамуының қорытындылары және биылға белгіленген жоспарларымен бөлісті.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Қала әкімінің айтуынша, соңғы жылдары Саранда серпіліс сезіледі. Яғни, Үкімет пен кәсіпкерлердің қолдауымен экономиканы әртараптандыру салдарынан Саран осыдан екі жыл бұрын моноқалалар тізімінен шығарылған.

Осы кезеңде өндіріс көлемі 1,6 есеге, соның ішінде өңдеу саласы 1,6 есеге өсіпті. Өткен жылы 295 миллиард теңгеден астам сомаға өнеркәсіп өнімі өндірілсе, 92,5 пайызы өңдеу саласының өнімі. Нақты индекс көлемі жоғары – 137,2 пайыз, өңдеуде 156,1 пайыз болып сақталады.

РТБ өнеркәсіп алаңдарында жалпы сомасы 346,7 миллиард теңгенің 8 жобасы іске асырылды.

Барлық жобалар қуатына енген соң шамамен 4 мың жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бүгінде 2319 адам жұмысқа орналастырылған.

Жыл сайын қалада 3-4 жоба іске қосылады. Өткен жылы бұл индустриялық аймақтың екі жобасы болды: құны 6,2 миллиард теңге болатын ыстық мырыштау бойынша «Қазақстандық мырыштау зауыты» ЖШС; құны 20 миллиард теңге болатын болат тік тігісті құбырлар «ТЭМПО-Қазақстан» ЖШС.

Сондай-ақ, тұрақты жұмыс іс­тей­тін екі кәсіпорынды кеңейту ба­ғы­тында «QazTehna» ЖШС шанақ бөлшек­терін шығаруды іске қосып, ал «SilkRoadElektroniks» ЖШС Samsung брендімен жаңа өндіріс ашты.

Енді 2026 жылы 107,7 миллиард теңгенің тағы 4 жобасын іске қосу жоспарлануда. Атап айтқанда, «КарЗТФ» ЖШС по­лиэтилен құбырлары мен фитинг өндірісінің екін­ші кезеңі, «ЕurasiaTeh» ЖШС же­ңіл автомобильдер өндірісі, «Karagandalnsulation» ЖШС жылу изо­ляциясы материалдары өндірісі, «SaranMachinery» ЖШС HOWO маркалы жүк автомобильдері өндірісі.

Шағын өнеркәсіп аймағын құру да жалғасуда. Бұл «OptimTech» ЖШС тұрмыстық техникалары үшін электркомпоненттер өндірісінің оқшауланған орталығының құрылысы.

Өткен 2025 жылда негізгі капиталға 114 миллиард теңгеден астам инвестиция салынса, оның 95 пайызы – жеке компаниялардың үлесі. Биыл инвестициялар көлемін 156,5 миллиард теңгеге дейін өсіру күтілуде. Бизнес саласында былтыр қалада сауда және қызмет көрсету саласында 13 жоба жүзеге асырылды. Жалпы қала бойынша шағын және орта бизнестің 2833 субъектісінде 7 мыңнан аса адам жұмыс істейді. Бірыңғай кешенді бағдарлама аясында 778,3 миллион теңгенің 8 жобасына қолдау жасалды.

Жұмысын жаңа бастаған жас кәсіпкерлерге қала бюджеті есебінен 8 грант берілген. Сол сияқты әлеуметтік санаттағы 10 субъектіге де бизнес-идеясын іске асыру үшін гранттар беріліпті.

Бизнесті өндірістік инфра­құры­лыммен қамтамасыз ету мақсатында өткен жылы «Silk Road Elektroniks» ЖШС сумен жабдықтау мен бөлу жүйесі тартылған.

Қалада орталықтандырылған жы­лумен жабдықтаудың екінші жылыту маусымы аяқталды.
Орталық жылу көзіне көпқабатты 262 үй мен 44 әлеуметтік-мәдени нысан, сондай-ақ, Горняк ықшамауданының пешпен жылытылып келген 43 тұрғын үйі де қосылды.

Қаланың 7 оқшау қазандығы да осы маусымда іске қосылып, қазандықтардың ағымдағы жөндеуі жасалып, жылу жүйелерінің апатты учаскелері ауыстырылды.

Сумен жабдықтау және бөлудің 4 инвестициялық жобасын жүзеге асыру жалғасып, биыл су өткізу тораптары үшінші кезегін жаңғырту жөніндегі жұмыстар да бітеді. Су құбырларының 92 шақырымының 72 шақырымы төселіп, құдықтарды монтаждау мен орнату жұмыстары жүргізілуде.

Өткен жылы бір мезгілде су өткізу тораптарында 119 бұранданы ауыстыру мен орнату да жүргізілген.
Екінші су көтеруді жаңғырту жұмыстары да жалғасуда.

Жалпы көлемі 10 мың текше метр ауыз­суға арналған екі резервуардың құрылысы да тәмамдалды.
Өткен жылы ұзындығы 35,5 шақырым кәріз жүйелерін жаңғырту жобасын іске асыру, көшеде өздігінен ағып жатқан коллекторлар мен құдықтарды қалпына келтіру жобасын жүзеге асыру басталды. Қазірге дейін 4 шақырым су өткізгіш құбыры тартылып, Горняк ықшамауданында 130 құдық монтаждалыпты.

Сондай-ақ, РТБ аумағында салынған ықшам аудандарды инфрақұрылыммен қамтамасыз етудің 3 жобасы әзірленуде. Бұған сумен жабдықтау, кәріз және жылу тораптарының магистралдары кіреді.
Қаланы газбен жабдықтаудың жо­балық-сметалық құжаттамасын жасау аяқталып қалды. Қаражат бө­лінген жағдайда оны Ақтас кентінен бастау көзделіп отыр.

Бұдан кейін Дарын Бейбітұлы қала көшелері жолдарының жөнделуі, жарықтандырылуы, қауіпсіздігі жайын сөз етіп, көлік тұрақтары мен аялдама павильондары мәселесіне тоқталды.

Сарандағы жұмыссыздық деңгейі облыстағы 4,1 пайыздан төмен болып, 3,7 пайызды құрап, бүгінге дейін 1515 адам жұмысқа орналастырылып, 11 бос орындар жәрмеңкесі өткізілген.

– Әлеуметтік салада заңнамада көзделген халықты мемлекеттік қол­даудың барлық шаралары толық көлемде қамтасыз етілген, – дейді Дарын Бұлқайыр.

Яғни, барлығы 192,8 миллион теңгенің жәрдемақысы төленсе, соның ішінде оны 389 көпбалалы отбасы алған екен. Атаулы әлеуметтік көмек 27 отбасының 98 мүшесіне тағайындалыпты.

Көктем кезінде су басу қаупінің алдын алу шаралары да қолға алын­ған. Жамбыл көшесінің гүлзары абаттандырылып, Халық қатысатын бюд­жет бойынша 11 жоба жүзеге асырылған.

РТБ аумағындағы тұрғын үй қорын қалпына келтіру жалғасып, биыл 13 коммерциялық үй пайдалануға берілсе, өткен жылы пәтер кезегінде тұрғандар үшін жеке құрылыс салушылардан 90 пәтер сатып алынған көрінеді.

Мемлекет қаржысы есебінен 75 пәтерлі үйді жаңғырту аяқталып, 16-үйді биыл пайдалануға беру мен РТБ аумағын тазарту жоспарланып, ондағы 39 апатты үйді сырып тастаудың құжаттары әзірленуде.
Брифинг соңында Саран қаласының әкімі Дарын Бұлқайыр журналистер қойған сұрақтарға жауап берді.

Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»
САРАН

Басқа материалдар

Back to top button