АймақҚарағанды

137 шақырым жол жаңарады

Қарағандыда жол жөн­деу маусымы биыл бұ­рын-соңды болмаған ауқымда басталды. Қала көшеле­рінде 137 шақырым жол жа­ңартылып, оның 43,2 ша­қырымы толықтай қай­­та салынып, жаңғыр­тылады. Бұл – тек инфра­құрылымды жақсарту ғана емес, тұрғындардың күнделікті өмір сапасын көтеруге бағытталған маңызды қадам.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Қаладағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 923 шақырым. Соңғы жылдары жүйелі жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде олардың 85 пайызы нормативтік жағдайға жеткізілген.

Биылғы маусымда негізгі күш ірі жобаларға бағытталған. Атап айтқанда, С.Мұқанов көшесінде жаңа магистраль құрылысы жалғасады. Жоба аясында «Династия» тұрғын үй кешенінен Восток-5 шағынауданына дейін қосымша 5 шақырым жол салынады. Бұл бағыт қаладағы көлік қозғалысын едәуір жеңілдетуге мүмкіндік бермек.

Одан бөлек, Приканальная және Университет көшелерінде, Гапеев көшесіне дейінгі учаскелерде құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бауыржан Момышұлы көшесінен Камали Дүйсембеков көшесіне дейінгі аралық асфальтталып, абаттандырылады. Бұдан бөлек, А-17 автожолын қайта жаңғырту жұмыстары басталмақ.

Орташа жөндеу бағдарламасы да назардан тыс қалған жоқ. Алғашқы кезеңде Тәттімбет, Московская, Казахстанская, Бирюзов көшелерінде, сондай-ақ, Спасск тасжолында, Сахалин және Курьяновка кенттерінде жұмыстар жүргізілуде. Бұл жобалар қаланың екі ауданын да, жеке секторды да қамтып отыр.
Жолдардың қазіргі жай-күйін сақтау үшін жөндеу жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі. Биыл қиыршық тас төсеу, жолды тегістеу және 24 мың шаршы метр аумақта шұңқырларды жою жоспарланған. Бұл шаралар жол сапасын жақсартып қана қоймай, көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Көпір құрылыстары да назардан тыс қалмаған. Бұқар жырау даңғылындағы жол өтпесінде заманауи материалдарды қолдана отырып, деформациялық жіктерді жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл көпірдің ұзақ мерзімді қызмет етуіне және қозғалыс қауіпсіздігіне оң әсер етеді.

Қала әкімдігінің мәліметінше, қазіргі таңда жалпы ұзындығы 276 шақырымды құрайтын 149 жол учаскесі кепілдік мерзімінде тұр. Жақын арада арнайы комиссия олардың жағдайын тексеріп, анықталған ақауларды жою жұмыстарын қолға алады.

Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button