Қауіпсіздік қызметіндегі қайсар жол
Сан сынақты маңдай термен, табандылықпен өзіне бағындыратын кесек тұлғалар болады. Олар өз заманының тынысын дөп басып, кейінгі ұрпаққа үлгі-өнегеге толы өшпес із қалдырады. Осындай көрнекті тұлғаның бірі һәм бірегейі – алтын бесік Ақтоғай топырағында туған, Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік комитетінен тұңғыш болып генерал-майор шеніне жеткен Сәбет Малғаждарұлы Жақыпбеков. Биыл ел тарихында өзіндік орны бар арда азамат, қайраткер, генерал-майор Сәбет Малғаждарұлы Жақыпбековтің туғанына 90 жыл толып отыр.

Шыңдалу кезеңі
Осы атаулы дата аясында Ұлттық қауіпсіздік комитеті ардагерлері арасында бильярд спортынан генерал-майор Сәбет Жақыпбековтің Кубогына арналған кезекті VIII республикалық турнир өтеді. Дәстүрлі жарыс биыл сәуір айында Алматы қаласында ұйымдастырылады деп жоспарланып отыр.
Бұл турнир – ел қауіпсіздігі жолында аянбай еңбек еткен ардагерлерге, сондай-ақ, үкіметтік байланыс саласының негізін қалаған тұлғаға көрсетілер зор құрмет екенін айта кеткен жөн.
Сәбет Малғаждарұлы – 1936 жылы көпбалалы отбасында дүниеге келген. Бала кезінен зерек, білімге құштар болып өседі. Бастауыш білімді туған ауылында алып, Балқаш қаласындағы орта мектепті үздік аяқтаған соң, Новосібір электротехникалық институтына оқуға түсіп, инженер мамандығын игерген.
Жоғары оқу орнын тәмамдаған жас маман бастапқыда КСРО Ғылым академиясының Сібір бөлімшесіне қарасты Техникалық кибернетика институтына жолдама алғанымен, тағдыр оны Қазақ КСР Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне алып келді.
Сөйтіп, 1959 жылы Новосібір электротехникалық байланыс институтын бітірген жалындаған жас маман Алматы қаласына жолданып, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде қызмет жолын бастады.
Сәбет Жақыпбеков 20 жылдан астам уақыт бойы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Үкіметтік байланыс Бас басқармасын басқарып, тәуелсіз мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар жүйенің қалыптасуына өлшеусіз үлес қосты. Республикамыз бен ТМД елдеріндегі осы қызметтің ең танымал басшыларының бірі болды.
Оның Қазақ КСР МҚК үкіметтік байланыс бөлімінің инженері лауазымынан бастап, Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі бастығының орынбасары, Үкіметтік байланыс агенттігінің директорына дейінгі мінсіз қызметі – өз ісіне және Отанына шексіз берілгендіктің үлгісі.
Осылайша, Сәбет Малғаждарұлының бүкіл саналы ғұмыры Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің Үкіметтік байланыс жүйесімен тығыз байланысты болды.

Ерлікке толы жылдар
Ғылым мен техниканың дамуы жеке тұлғалардың батыл шешімі мен кәсіби жауапкершілігіне тікелей байланысты екені тарихта талай рет дәлелденген. Осындай тағдырлы сәттерде ел болашағына әсер еткен мамандардың бірі Сәбет Жақыпбеков еді.
1960 жылдары Кеңес Одағында координаттық жүйеге негізделген алғашқы автоматты қалааралық телефон станциясын іске қосу үлкен сынаққа айналды. Мәскеудің Автоматика ғылыми-зерттеу институтында әзірленіп, Ленинградтағы «Красная заря» зауытында жасалған бұл күрделі техника Қазақстан аумағында алғаш рет орнатылуы тиіс болатын. Алайда, іске қосу жұмыстары сәтсіз аяқталып, мамандар станцияны пайдалануға жарамсыз деп таныды. Тіпті, КСР МҚК Мемлекеттік комиссиясы да «аппаратураны тәжірибеде қолдануға болмайды» деген қорытынды шығарды.
Дәл осы тұста жас маман Сәбет Жақыпбеков кәсібилігімен әрі батылдығымен ерекше көзге түседі. Ол күрделі техникалық құжаттаманы мұқият зерделемей-ақ, мәселенің түп-төркінін монтаж жұмыстарының сапасыз орындалуынан екенін кесіп айтты. Бұл – сол кезең үшін тосын әрі тәуекелге толы тұжырым болса да, жалынды жас өз ойының дұрыстығына сенді.
Бөлім басшысы полковник Зелинскийге жасаған баяндамасында ол қасына бір көмекші бөлінсе, аппаратураны үш айдың ішінде іске қосуға уәде берді. Осылайша, жауапкершілігі ауыр бұл міндетті жас маман абыроймен орындап шығады. Ал, станцияның барлық техникалық параметрлері бойынша толық тексеріліп, сенімді жұмыс істеуі үшін тағы бір жарым жыл қажырлы еңбек жұмсалған.
Осы кезеңде Сәбет Жақыпбеков тарапынан енгізілген 30-дан астам техникалық жетілдіру кейін ресми түрде оңтайлы ұсыныс ретінде бекітіліп, Автоматтандырылған қалааралық телефон станциясы жұмысының сапасын тексеретін арнайы аспаптың жасалуына жол ашты. Нәтижесінде, техника сериялық өндіріске енгізіліп, оның келесі нұсқасы Иркутск қаласында орнатылды.
Бұдан бөлек, 1969 жылы Қытаймен арадағы қарым-қатынастың шиеленісіп, Қазақстан аумағында шекаралық қауіпсіздікті күшейту талап етілгенде шекаралық жасақтың байланыс жүйесін қамтамасыз ету – аса маңызды стратегиялық міндетке айналды. Сәбет Жақыпбеков басшылық еткен бөлімше одақтас республикалар арасында алғашқылардың бірі болып ведомстволық жедел байланысты автоматтандырып, қауіпсіз әрі жедел ақпарат алмасудың негізін қалады.
Кеңес Одағы ыдырап, тәуелсіз мемлекеттер қалыптасқан тұста Сәбет Малғаждарұлының тәжірибесі мен беделі жоғары бағаланды. Мемлекетаралық үкіметтік байланыс саласында жаңа өзара іс-қимыл тетіктерін қалыптастыру мақсатында ТМД-ның Үкіметтік байланыс жөніндегі үйлестіру кеңесі құрылды. Мәскеу қаласында өткен алғашқы құрылтай отырысында Кеңес төрағасы болып Сәбет Жақыпбековтің бірауыздан сайлануы – оның кәсіби жолының заңды жалғасы еді. Генерал-майор Сәбет Жақыпбеков басқарған жылдары Үкіметтік байланыс Бас басқармасында заманауи технологиялар енгізіліп, ақпараттық қауіпсіздік пен тұрақты байланыс жүйесі жаңа деңгейге жетті. Ол инженерлік-техникалық кадрлардың тұтас бір буынын тәрбиелеп, олардың кәсіби, әрі адал офицер болып қалыптасуына ерекше мән берді.
Сонымен қатар, Сәбет Малғаждарұлы – жоғары санатты инженер, 50-ден астам өнертабыс пен техникалық шешімдердің авторы. Бұл жаңалықтар Қазақстан аумағында арнайы байланыс құралдарын жетілдіруге және енгізуге кеңінен қолданылды.

Адал еңбек елеусіз қалмайды…
Арнайы қызметтегі мінсіз қызметі және ерен еңбегі үшін ол «Құрмет белгісі» және «Құрмет» ордендерімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет грамоталарымен, 20-ға жуық медальдармен, соның ішінде, «Тың жерлерді игергені үшін» медалімен марапатталған.
Сондай-ақ, ол төрт бірдей құрметті атақтың иегері. Атап айтсақ, «КСРО МҚК-нің Құрметті қызметкері», «Ресей Федерациясы Президенті жанындағы Үкіметтік байланыс федералдық агенттігінің Құрметті қызметкері», «ҚР ҰҚК-нің Құрметті қызметкері», «Құрметті байланысшы» атақтары оның тынымсыз әрі адал еңбегіне берілген әділ баға. Түсінген адамға бұл – өте үлкен жетістік.
1997 жылы зейнеткерлікке шыққаннан кейін де Сәбет Малғаждарұлы ел дамуына үлес қосуды жалғастырды. Ол «Нұрсат» телекоммуникациялық компаниясының президенті ретінде еңбек етіп, Қазақстанның тәуелсіз ұлттық спутниктік байланыс желісін құруға белсене қатысты.
Мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР ҰҚК Құрметті ардагері ұзақ жылдар бойы Сарыарқа жерінде қызмет істеп, Сәбет ағасынан тәлім-тәрбие алған генерал-лейтенант Ә.Ш.Шаяхметовтің айтуынша: «генерал-майор С.М.Жақыпбеков КСРО МҚК ұзақ жылдар мінсіз қызмет атқарып, ҚР Президентінің Күзет қызметі бастығының орынбасары лауазымына дейін көтерілді, жоғарғы генерал-майор әскери атағын алды. Айта кетсек, ағамыз қаншама шәкірттер тәрбиеледі. Сондықтан, оның есімі тарихта алтын әріптермен жазылған. Генерал-майор Сәбет Жақыпбековтің өмір жолы жас қызметкерлер, менің замандастарым үшін де өмірде үлгі-өнеге болып табылады. Кезінде мен де ол кісінің ақыл-кеңестерін тыңдаған болатынмын.
2004-2009 жылдар аралығында Сәбет Малғаждарұлы ҚР ҰҚК Ардагерлер кеңесінің төрағасы болды. Бұл қызметте аянбай еңбек етті, ардагерлердің әлеуметтік жағдайларын көтеруге атсалысты, тарихи тұлғалы азаматтарды еске алып, есте қаларлықтай жұмыс атқарды. Оның бастауымен ҚазССР МҚК төрағасы генерал-майор Ә.Ә.Арыстанбековтің 100 жылдығы ерекше аталып өтті.

Генерал-майор С.М.Жақыпбеков атындағы бильярд турнирі алғаш рет 2019 жылы ағамыздың көзі тірі кезінде басталып, өткізілген болатын. Аталған турнир 7 облыста өтті. Содан бері бұл республикалық жарыс ҚР ҰҚК ардагерлерін біріктіретін, офицерлік рух пен салауатты өмір салтын насихаттайтын дәстүрлі додаға және ұрпақтар сабақтастығының символына айналды. С.М.Жақыпбековтің шәкірті генерал-майор Х.М.Нышанбаев қатарынан 3 турнирдің жеңімпазы атанды. «Ұстазы мықтының ұстанымы мықты» деп атам қазақ бекер айтпаған екен.
Биылғы VIII турнирдің ерекшелігі – генерал-майор С.М.Жақыпбековтің 90 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келуі. Алматы қаласында өтетін жарысқа еліміздің түпкір-түпкірінен ҚР ҰҚК ардагерлері қатысып, шынайы спорттық бәсекеде бақ сынамақ. Әрине, турнир ерекше өтеді деп ойлаймын. ҚР ҰҚК Мемлекеттік байланыс қызметі Ардагерлер кеңесінің төрағасы полковник Қ.А.Есімсейітов және ҚР ҰҚК Алматы қаласы бойынша ардагерлер кеңесінің төрағасы генерал-майор Х.М.Нышанбаев турнир дайындығына ерекше мән беріп жүргендері бәрімізге белгілі», – деп ҚР ҰҚК бұрынғы төрағасы генерал-лейтенант Ә.Ш.Шаяхметов сөзін аяқтады.
С.М.Жақыпбеков өз өмірін ел қауіпсіздігіне, мемлекеттік маңызы бар байланыс жүйесін дамытуға арнаған бірегей тұлға. Оның өмір жолы – бүгінгі және келер ұрпақ офицерлері үшін адал қызметтің, кәсібилік пен отансүйгіштіктің жарқын үлгісі, елге қызмет етудің биік өлшемі. Оның сара жолы мен қалдырған ізі бүгінгі буынға бағдар, келер ұрпаққа аманат болып қала бермек.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»



