Бас тақырыпБасты тақырыпРуханият

Бітімі бірегей «Бұйратау»

Бұл — қазақтың кең-байтақ даласындағы он екінші мемлекеттік ұлттық табиғи парк. 2011 жылы 11 наурызда БҰҰ Даму бағдарламасының жобасы аясында «Далалық экожүйені сақтау мен тұрақты дамыту» ғаламдық экологиялық қорының қолдауымен 2011-2014 жылдарға арналған «Жасыл Даму» салалық бағдарламасына сәйкес ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман және аңшылық шаруашылығы комитеті құрды. Мақсат — таралу аймағының оңтүстік шекарасындағы далалық дара экологиялық жүйені және қарақандыағаш орманы мен әр жерде шоғырланған қайың тоғайының ескіден қалған жұрнағын сақтап қалу, сондай-ақ, бұрын мекендеген аңдарды қайта оралту мен жаңасын жерсіндіру.

АЙМАҚТЫҚ АТАУДАН – МЕМЛЕКЕТТІК МӘРТЕБЕГЕ

Мемлекеттік ұлттық табиғи паркті құрғанға дейін жаңа құрылым атауын иеленген «Бұйратау» аймақтық табиғи паркінің базасында бұрын осы өңірді мекендеген маралды асылдандыру арқылы көбейтіп, жергілікті табиғат пен ауа-райына бейімдеу мақсатында 2001 жылы торлы орын орнатылып, қаумал қоршалды. 400 гектар аумақты алып жатқан қаумал мен торлы орында жануардың табиғи шөппен жылдың басым бөлігінде азықтануына, қыста белгіленген мөлшерге сәйкес қосымша жемдеуге мүмкіндік жасалды. Жүйелі жолға қойылған санитарлық және ветеринарлық қадағалау асыл тұқымды табынның алаңсыз өсіп-өнуіне қолайлы жағдай тудырды.

Жоғарыда бұдан тоғыз жылдан астам уақыт бұрын мемлекеттік ұлттық табиғи парктің тұсауы кесілгенін тілге тиек еттік. Оның құрамына айырықша қорғау табиғи аймағына жататын жергілікті маңызы бар «Бұйратау» табиғи паркі, Белодымовск және Ерейментау мемлекеттік зоологиялық қорықшасы мен бұрын Ерейментау мемлекеттік қорығының төңірегінде резервтелген аумақ енді. Қазір мемлекеттік ұлттық табиғи парк 88 968 гектар аумақты алып жатыр: солтүстік бөлігі (60 814га.) – Ақмола облысының Ерейментау, оңтүстік бөлігі (28 154га.) Қарағанды облысының Осакаров ауданында. Орталық кеңсесі Молодежный кентінде орналасқан.

Мемлекеттік ұлттық табиғи паркі республикалық маңызы бар табиғат қорғау және ғылыми мекеме мәртебесі берілген екінші санаттағы айырықша қорғау табиғи аймағына жатады. Ол биологиялық және ландшафттық алуандықты сақтау үшін табиғат қорғау, экологиялық-ағартушылық, ғылыми, туристік және рекреациялық мақсатта мемлекеттік табиғи-қорық қорындағы ерекше экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық маңызы бар бірегей табиғи кешендер мен нысандарды пайдаланады. Айырықша қорғау табиғи аймағының қорына орман, геологиялық, гидрогеологиялық, геоморфологиялық, зоологиялық және ботаникалық нысандар жатады.

КҮРДЕЛІ КЛИМАТ – КЕДЕРГІ КЕЛТІРМЕЙДІ

«Бұйратау» ұлттық паркі Азия құрлығының ортасында орналасқан. Сондықтан, климаты күрт құбылмалы. Арктикалық және оңтүстік ендіктен ескен аңызақ пен салқын жел көктем мен жазда құрғақшылықтың құрсауына алады. Жаздың аптабы мен қыстың аязы, атмосфералық ылғалдың жеткіліксіздігі мен тұрақсыздығы, жыл бойы соғатын жел қалайда қиындық тудыратыны анық. Алайда, мұндай күрделі климат ұлттық парктің игілікті қызметіне кедергі келтіре алмайды.

Ұлттық парк алып жатқан жер телімінде негізінен суы кермек көптеген тұйық қазанщұңқыр кездеседі. Сондай-ақ, Әжбай және Бозайғыр өзені ағып жатыр. Тереңдігі 1-1,5 метрден аспайтын екеуінің суы жан-жануарды суаруға ғана жарамды, минералдығы айтарлықтай. Қарабұлақ сияқты шағын өзен де бар. Дегенмен, судың жылдық ағысының басым бөлігі (70-90%) көктемнің 1,5-2,5 аптасының үлесіне тиеді. Сосын су едәуір тартылады немесе өзеннің кейбір табаны таза кеуіп қалады. Қалай болғанда да, ұлттық парктің аумағы судан зәрулік көрген емес.

Мұнда қазір сүтқоректі жануардың – 55, құстың 165 түрі бар. Аңның арасында арқар (елдің солтүстігінен әкелінген) ғана Қазақстанның Қызыл кітабына енген. Өсімдіктің 610 түрі шығады. Оның ішінде үлпілдек жанаргүл, еділ жанаргүлі, қызғалдақтың сирек түрі, қарғакөз, түкті селеу, қырғыз қайыңы және ашық кестежусан Қазақстанның Қызыл кітабынан орын тапқан.

«Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі күнделікті жұмысын белгіленген тәртіппен бекітілген жоспарға сәйкес жүргізеді. Табиғи қорды қорғаумен айналысады. Табиғи алқаптың биологиялық сыйымдылығын ұлғайту және биоалуандығын арттыру бағытында биотехникалық іс-шара кешенін жүзеге асырады. Ғылыми-зерттеу, рекреация және экоағартушылық қызметі тағы бар. Экологиялық туризмді дамытуға да бағыт ұстанған.

ТҮПКІ МЕЖЕ – ТУРИЗМ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған таяудағы кезекті Жолдауында ел ішінде экологиялық туризм мәдениетін белсенді дамыту маңызды міндет екенін қадап айтты. Бұл тұрғыда «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде мақсатты бетбұрыс бар. Бұдан бірнеше жыл бұрын Осакаров ауданында далалық сафари парк ашты. Осы ғасырдың басында торлы орын орнатып, қаумал қоршап асыл тұқымды марал жіберу, олардан өрген жарты миллионға жуық төлдің өңірді ойдағыдай жерсініп, төлдеуі экотуризмді қолға алуға негіз қалады. Оның үстіне паркте маралдан басқа мыңға жуық арқар, жүздеген бұлан мен елік, қабан мен түлкі, қаптаған қоян мен қарсақ, тағы басқа көптеген хайуанның түрі бар. Тіпті, сілеусін мен жанат тектес ит те кездеседі.

Мұнда туристердің жануарды өмір сүретін табиғи ортасында сырттай бақылап қана қоймай, селфи жасауына да, соқпақпен саяхатқа шығуына да, шатыр тігіп тастап тынығуына да, Әжбай мен Бозайғыр өзеніне қармақ салып, балық аулауына да мүмкіндігі бар. Ал, қаумал ішіндегі марал қолға үйретілген деуге болады.

Сонымен қатар, туристер археологиялық қазбаға куә боламын десе де, еркінде. Парк аумағынан ғалымдар VІ-VІІ ғасырдағы сақ мәдениетінің ескерткіштерін тапқан.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті Жолдауында: «Жануарларға көзқарас – кез келген мемлекеттің өркениеттілігінің өлшемі. Ал, бұл жағынан біздің жағдайымыз мәз емес» деп, өте орынды пікір айтты. Бұл – біздің алдағы қызметіміздің темірқазығы болуға тиіс, – дейді, «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі табиғи кешендерді қорғау бөлімінің бастығы Қаһарман Хавдалмұрат

Әлібек ӘБДІРАШ.

Басқа материалдар

Back to top button