Жаңалықтар

Бәйгеден білімді озған уақыт

Тәуелсіз елдің тірегі – білімді ұрпақ. Бүгінде білімдінің алға түсіп, бәйгеден озып келетін уақыты. Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни, одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады», – деп атап көрсетті.

Қазір Қазақстан Республикасының білім беру саясаты әлемдік білім беру кеңістігіне енуді мақсат қылып, білім беруде нәтижеге бағдарлану, оқытуды оқушының жеке тұлғасына бағыттау, ал оқыту әдістерін тұлғааралық қарым-қатынастарға бейімдеуді көздеп отыр. Бұл ретте, бiлiм беру жүйесiнің басты міндеті – өзгермелі қоғамда өмір сүруге икемді, өздігінен білім алуға, алған білімін өмірлік жағдаяттарға сәйкес қолдана білуге, өзін-өзі толық жүзеге асыруға дайын, шығармашылыққа бейім, құзыретті және бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыру мен дамыту.

Қазіргі кезде бастауыш сатыда білім беру ХХІ ғасырдың өмір талаптарына сай балаларды сапалы даярлауға бағытталған. Білім беру жүйесінің түлегі қызметтік жағынан функционалды сауатты болуымен қатар, кез келген өмірлік мәселені шешу барысында, қойылған мақсатқа жету үшін құрал, әдіс пен жол таңдауда рухани және адамгершілік қуатын көрсетуге қабілетті болуы тиіс.

Мәселен, Елбасы: «Біз осы заманғы білім беру жүйесісіз, әрі алысты барлап, кең ауқымды ойлай білетін, осы заманғы мұғалімдерсіз, инновациялық экономика құра алмаймыз» деп атап көрсеткендей, осы заманғы ұстаз – болашаққа заман ағысымен ілгерілеген озық тұлға. Мұғалімге осындай көзқараспен қарау, оның алдына қойылар талапты да айқындайды. Әр оқушыны дара тұлға деп танып, олардың бойына үнемі оқып үйренсем деген ізденімпаздық қасиет дарыту, оларға өздігінен білімдерін толықтырып тереңдету тәсілдерін жаңа технологиялармен, әдіс тәсілдермен байланыстыра отырып дамыту қажет. Қазіргі кезеңдігі оқытудың негізгі мақсаты – болашақ мамандығына байланысты әрбір балаға тереңірек білім беру, білімді өзгермелі өмір жағдайларына пайдалана білу дағдысын қалыптастыру. Сондықтан қазіргі қоғамның өзекті мәселелерінің бірі – әлеуметтік экономикалық өзгермелі жағдайларда өмір сүруге дайын болып қана қоймай, сонымен қатар оны жақсартуға игі ықпал ететін жеке тұлғаға қойылатын бірінші кезектегі нақты талаптар: шығармашылық, белсенділік, әлеуметтік жауапкершілік, жоғары интеллект, терең білімділік, кәсіби сауаттылық. Осылардың барлығын педагогикалық шеберлікті арттыру орталығының ұйымдастыруымен өткен «Назарбаев зияткерлік мектебі» курсы бағдарламасы қамтиды. Аталған міндеттер үшін арнайы курстарда бірқатар модульдер бар. Білім беру мен білім алудағы жаңа тәсілдер, сыни тұрғыдан ойлауға үйрету, бағалау және оқуды бағалау, сондай-ақ, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану. Ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсыновтың «Ұстаз үздіксіз ізденгенде ғана, шәкірт жанына нұр құя алады», – деген сөзі ізденімпаз, жаңаша ұстаздарға арналғандай. Мұны әрбір мұғалім жадында сақтауы тиіс.

Болашақта өркениетті, дамыған елдер қатарына ену үшін заман талабына сай білім қажет. Ал, дамудың негізі білім мен ғылымға келіп тіреледі. Сондықтан да, әлемдегі дамыған елдер сияқты тәуелсіз елімізде білім жүйесі сапасын жетілдіру ең негізгі өзекті мәселелердің бірі. Осыған орай, білім беру жүйесінде жастарға сапалы білім беріп, олардың үйлесімді дамуы мен тұлға ретінде қалыптасуында ұстаздың кәсіби шеберлік көрсеткіштерінің бірі – жалпы педагогикалық, ғылыми-теориялық, әдістемелік жаңалықтар мен озық тәжірибені жетік меңгерудің маңызы зор.

Қазіргі ұстаздар алдындағы міндет: ғылым мен техниканың даму деңгейіне сәйкес оқушының білімі терең, іскер және ойлауға қабілетті, әлемдік стандарттар негізінде жұмыс істей алатын құзырлы тұлғаны қалыптастыру. Мұндай талапқа сай қызмет істеу үшін ұстаз үздіксіз ізденісте кәсіби білікті болуы тиіс.

Жаңартылған білім беру бағдарламасының ең негізгі мақсаты – білім алушылардың оқу нәтижелерін жетілдіру болып табылады. Орта білім мазмұнын жаңартудың көптеген компоненттері, соның ішінде мұғалімдердің біліктілігін арттыру бағдарламасы осы мақсатқа бағытталған. Соның арқасында біз бәсекеге қабілетті, іргесі мықты ел боламыз. Ұстаздықтың ұлы жолында өзімнің бар күш жігерімді салып, еліме пайдамды тигізіп жатсам, бұл ғаламда одан артық бақыт жоқ деп ойлаймын.

Жаңагүл НАЗИРОВА,

Қарағанды қаласындағы №77 мектеп-балабақша кешенінің мұғалімі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button