Қасым АМАНЖОЛОВТЫҢ туғанына – 110 жыл

110 жылдыққа – 110 түп қайың

Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен, Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облыстық филиалының ұйымдастыруымен дауылпаз ақын Қасым АМАНЖОЛОВТЫҢ 110 жылдық мерейтойына орай ақын атымен аталатын көшедегі ескерткіші маңына 110 түп жас қайың көшеті отырғызылды. Игі шараға облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рымбала ОМАРБЕКОВА, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ, алаштың аймаңдай ақындары Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ, Светқали НҰРЖАН және басқа да зиялы қауым өкілдері қатысты.

Бұл идеяның негізі көктемде бүрлеп, жүзеге асырудың сәті күзде түскен. Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, ағаштың сөл бөлетін кезін күту керек екен. Бұл тағылымды шара «Дүниеге келер әлі талай Қасым» республикалық жыр мүшәйрасымен тұспа-тұс келгенін атап өткен жөн. Жыр додасына қатысушы еліміздің әр аймағынан келген ақындардың да қолтаңбасы қалды мұнда.

Қайың көшетін табу біраз қиындық тудырған екен. Алайда, облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Құсайын, облыстық мәслихаттың депутаты, Ассамблея мүшесі «Имсталькон-Теміртау» компаниясының директоры Иван Георгиади, қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ләззат Төкен сынды жанашыр азаматтардың қол ұшын беруімен бұл тығырықтан шығар жол табылыпты.

Қасым – ұлт әдебиетінің ұлы тұлғасы. Қазір басқаша ойлайтын жас ұрпақ өсіп жетілді. Қасымға жаңаша көзқарас керек. Дауылпаз ақынды жұрттың жадына орнықтыру қажет. Осы мақсатта Қарағандыда түрлі шаралар өтуде. Жақында Қасымның үйі ашылады. Қасымның өз елінде осындай ауқымды шараның өтіп жатқанына қуаныштымын, – дейді Ғалым Жайлыбай.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button