Нұра ауданының Көбетей ауылында 1100 бас ірі қара малға арналған жаңа сүт-тауар фермасы ашылады. Фермада 60 жұмыс орны құрылмақ. Сүт-тауар фермасы жаңа агроөнеркәсіптік кешендерге жеңілдікпен несие берудің мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынғалы жатыр. Аталған нысанның құрылуына «Черниговское и К» ЖШС және «Рамадан МФ» ЖШС бастамашылық етіп отыр.
– Сүт-тауар фермасын салу идеясы қызметімізді әртараптандыру ниетінен туындады. Біз – өсімдік өсірушілерміз. Бірақ, жыл сайын моно дән егумен айналысу қиындап барады. Сондықтан, «Рамадан МФ» ЖШС-мен бірігіп, Қарағанды облысы мен Астана шаһарының сүт өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ететін заманауи сүт-тауар фермасын құру туралы шешім қабылдадық, – дейді «Черниговское и К» ЖШС директоры Айдос Қанапин.
Фермада жұмыстың барлық циклін автоматтандыруға мүмкіндік беретін заманауи бағдарлама енгізу жоспарланған. Кәсіпкерлер Гольштейн атты асыл тұқымды сиыр өсіруді қолға алмақ ниетте.
– Бұл сиырлар – ең сүтті тұқымдардың бірі ретінде белгілі. Ферманың жобалық қуаты – 1100 бас. Күніне 10 мың литрге дейін сүт өндіруді жоспарлап отырмыз. Бәсекеге қабілетті еңбекақы төленетін 60 жаңа жұмыс орнын құрамыз. Бірінші кезекте ауыл тұрғындарын жұмысқа орналастырамыз. Қазір олардың көпшілігі амалсыздықтан елордада жұмыс істеп жүр. Біздің ферма жастарға қалада жұмыс іздемей, туған ауылында тұруға және жұмыс істеуге, елдің өсіп-өркендеуіне үлес қосуға, сонымен бірге, жақсы табыс табуға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Айдос Канапин.
Сүт-тауар фермасы қажетті азықпен өзін-өзі қамтамасыз етеді. Ол үшін су тарту құрылысын және су құбыры желілерін салу жобасы әзірленген. Жоба сүрлемге және басқа да дәнді дақылдарға жасыл жүгері отырғызу жоспарланған 700 гектар алқапты суаруды көздейді. Жоба «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша қолдау тауыпты. Кәсіпкерлер оны жүзеге асыруды күтіп отыр және аустриялық Bauer фирмасының алты шашыратқыш машинасын сатып алған.
– Бұл – «Сарыарқа» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы қолдаған аудандағы, тіпті, облыстағы ірі сүт-тауар фермасын құру бойынша инвестициялық жобалардың бірі. Біздің ауданда қазір 30 басқа арналған бір ғана сүт-тауар фермасы бар. Жаңа ферма агроөнеркәсіптік сектор мен мал шаруашылығын дамытуға серпін береді, – деп атап өтті Нұра ауданының ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ербол Мәмбетов.
Бүгінде ауданда барлығы 671 шаруа және фермер қожалығы болса, 48 271 бас ірі қара бар екенін айтып өткен жөн.
Өз тілшімізден.