Жаңалықтар

Жемқорлықты айыптау марафоны

Мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тиімділігін арттыру, қоғамдық дертке қарсы қозғалысқа қалың бұқараны тарту арқылы сыбайлас жемқорлықтың деңгейін мейлінше төмендету – бүгінгі күннің басты талабы. Қаражал қаласында осынау ізгі мақсатпен ұйымдастырылған «Адал жол – Честный путь» марафон-эстафетасы мазмұндық сипатымен ерекшеленіп, әр санаттағы көкірегі ояу, көзі ашық адамдардың баршасына ой саларлықтай жоғары деңгейде өткерілді.

Биыл – сыбайлас жемқорлыққа қарсы қабылданып, жалпы қоғам үшін қатерлі кеселмен күресудің құқықтық негіздерін айқындап берген қазақстандық тұңғыш заңнаманың 20 жылдығы. Соған орай, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қарағанды облысы бойынша департаментінің ұйытқы болуымен қолға алынған марафон-эстафета екі аптаға ұласты. Қаражалдықтар эстафетаны Жаңаарқа ауданынан қабылдап алып, оны өткізу кезегін Жезқазған қаласына тапсырды.

Бұқараға тигізер әсері мен қоғамға қайтарымы мол, терең ойластырылған марафон аясында бір ұстанымдағы, алайда, сипаты алуан түрлі 19 іс-шара өткізілді. Олардың ішінде, марафон тақырыбы жазылған жалауды желбіреткен велосипедшілер шеруін, «Коррупцияға жол жоқ!» тақырыбындағы кітап көрмесін, «Жастар сыбайлас жемқорлықсыз әлем үшін» флешмобын, «Сыбайлас жемқорлықпен күрес – біздің ортақ парызымыз» атты дөңгелек үстел отырысын, жемқорлық құбылыстарына қарсы мазмұндағы үздік плакаттарға жарияланған қалалық деңгейдегі байқауды, бұқаралық спорт түрлерінен ұйымдастырылған спартакиаданы және тағы басқаларын айрықша атап өтуге болады.

Марафон аясында қала әкімі, «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының төрағасы Тілектес Досаевтың төрағалық етуімен күн тәртібіндегі көкейкесті мәселені жан-жақты қарастырып, оның жолын кесудің оңтайлы тәсілдері талқыланған кеңес өткізілді. Алқалы жиынға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Қарағанды облысы бойынша департаменті Жезқазған аумағы бойынша ауданаралық басқармасының басшысы Санат Көлбаев қатысып сөз сөйледі. Кеңес қортындысында ортаға салынған орнықты ой-пікірлер екшеліп, тиянақты тұжырымдар жасалды.

Ерекше мазмұндағы екі апталық марафон аясында, сондай-ақ, жергілікті басылым беттері мен әлеуметтік желілерде жеккөрінішті жемқорлық құбылыстарын айыптайтын мақалалар мен жазбалар тұрақты түрде жарияланды. Тақырыптық буклеттер әзірленіп, оларды ерікті жастар қауымы жұртшылыққа тарату ісімен шұғылданды.

Қала аумағында жарты айға созылған жағымды әрекеттерді қортындылауға арналған шараға қатысушылар қатары мейлінше мол болды. Іс-шарада сөз алған қала әкімінің орынбасары Төлеген Ерденов бүгінгі күні ұлттық проблемаға айналып үлгерген сыбайлас жемқорлықтың елдің дамуына тигізер кері әсері мен оған қатысты тек мемлекеттік қызметшілер ғана емес, сонымен қатар, жалпы халықтың арасында «мүлдем төзбеушілік» қағидатын қалыптастыруға қатысты ұстаным болуы хақында жеріне жеткізе әңгімеледі. Сол мақсатта ұйымдастырылған кешенді іс-шаралардың тұрғындар санасын сілкінтіп, олардың ортақ мүдде тұрғысынан сыбайлас жемқорлық көріністерімен күреске ынталы болатындығына сенім білдірді.

 Акцияны қортындылау рәсімінде қалалық спартакиада аясында дойбы, шахмат, үстел теннисі, волейбол, пневматикалық қарумен нысана ату және футболдан өткен сайыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін, сондай-ақ, жемқорлықпен күрес тақырыбындағы плакаттар байқауына қатысушыларды марапаттау шарасы өткізілді. Үздік спортшылар мен бәсекелі байқауда озық шыққандарға қала әкімінің грамоталары табыс етілді.

Көрерменді отаншылдық пен елжандылыққа үндейтін патриоттық мазмұндағы әндер шырқалды.

Қысқаша түйіндегенде, қазыналы қала аумағында бөлек бітім-болмыста ұйымдастырылған сыбайлас жемқорлықты айыптау марафон-эстафетасында бастапқы діттеген межеге белгілі бір деңгейде қол жеткізілді деуге толық негіз бар. Өйткені, жергілікті тұрғындар, әсіресе, жас буын өкілдері жемқорлық атаулының жиіркенішті қалпын ой сүзгісінен тағы бір мәрте өткізіп, өзіндік тұжырымдар жасау мүмкіндігін иеленді.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button