АймақНұра

Құс шаруашылығы іске қосылды

Нұра ауданына қарасты Ахмет ауылында «Кугабаев Н.С.» шаруа қожалығы өз қаражатына құс шаруашылығы кешенін іске қосты. 10 мың тауыққа арналған бұл кешенде жылына 100 тонна ет және 350-400 мың жұмыртқа өндіру жоспарланған.

Тың жобаны іске асыру үшін аталмыш шаруа қожалығына 20 миллион теңге көлемінде инвестиция тартылды. Дайындық жұмыстары барысында кәсіпкерлер 1300 шаршы метрлік бос тұрған ғимаратты қалпына келтірген. Сыйымдылығы әртүрлі 36 отандық және шетелдік инкубациялық жабдық, балапандарды өсіруге арналған 80 брудер, құстарды ұстауға арналған 50-ден астам тор және қуаты сағатына 150 құсты қамтитын модульдік тауық сою пункті сатып алынды.

Қазір құс кешенінде 50-60 күнде жетілетін «Кобб-500» етті тұқымының 900 балапанына күтім көрсетілуде. Сонымен қатар, мұнда «Маньчжур» тұқымының бөденелері де өсіріледі. Бүгінде олардың саны 2,5 мыңға жетіп тұр. Бұдан бөлек, «Брама», «Амрокс», «Кучинская» және «Хайсекс» сынды тұқымды тауықтар да бар. «Кобб-500»-ден басқа тауықтардың барлық түрлері жұмыртқа алуға және құс санын молайту үшін өсірілмек.

Жобаны жүзеге асыру арқылы жаңа жұмыс орындары ашылды. Құс кешені барынша автоматтандырылғанына қарамастан, өндіріске жергілікті тұрғындардан 8 адам тартылды. Тағы үш бос жұмыс орны бар.

Айта кету керек, бұл қожалық Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетімен бірлесіп жұмыс істейді. Соның нәтижесінде, университет тарапынан құстарды күтіп-бағу, тұқымдарына қарай іріктеу, азық мөлшері және ветеринариялық мәселелері бойынша консультациялық-түсіндіру көмегі көрсетіледі.

Жоба экологиялық таза өнім алуға бағытталғандықтан барлық талаптар қарастырылған. Алдағы уақытта алынған өнімді Нұра ауданы, Нұр-Сұлтан және Қарағанды қалаларының нарығына шығару жоспарда бар.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА.

НҰРА ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button