Мін тақпа бекер тағдырға,
Ел айтса – айтсын, жақынбыз.
Есіңе мені алдың ба?
Өлең оқыса ақын қыз.
Жыр оқыр, білем, көрерсің,
Еске сап мені сан әлі.
Болды ма ұқсас өлеңі,
Ұқсас па әлде жанары?
Несіне ойлап егілем,
Көктемгі аңсар жоқ бүгін.
Сағынған сәтте сені мен,
Ахметованы оқыдым.
Бар болса ойың қауышпақ,
Кінәлай көрме бақты аса.
Көрші үйдің қызы дауыстап,
Ахметованы жаттаса.
Қарындасыңа көрерсің,
Берсе егер бір күн о, тоба:
Ахметованың өлеңін,
Үй жұмысына оқуға.
Хәл емес шығар түңілер,
Білгейсің онда құт барын.
Сыйласа егер інілер,
Ахметованың кітабын.
Ұмытам десең жырақ қой,
Ахметованы сөреден.
Бермейді маза – бір-ақ ой,
Ол кімді оқып жүр екен?
Кәмшат ХАСЕН.