АбайАймақ

Елбасының ерен еңбегі

Маған өмірдің әр күні қызықты. Өйткені, тіршіліктегі уақыттың қалай өтетінін бағамдау мүмкін емес. Оны алдын ала болжап, өзгерістер енгізуге болар, бәлкім. Бірақ, келесі минутта нақты не болатынын ешкімнің айта алмасы анық. Әрбір сәттің өз ерекшелігі мен қызығы бар. Менің өмірімнен ойып орын алған және ешқашан ойыма келмеген бір ерекше оқиға туралы баяндайын…

Жұмыста едім. Бір адам қоңырау шалып, менің кандидатурам Қазақстан халқы Ассамблеясы сессиясының жұмысына қатысу үшін құпталғанын айтты. Сол кезде аздап абдырап қалдым. «Мен үлкен мінберде тұрып елге не айтпақпын. Жұмысшы отбасынан шыққан мектептің қарапайым мұғалімімін. Өзім туралы да жарытып ештеңе айта алмасым анық» – деп ойладым.

Мен түрлі ұлт пен ұлыстардың мекені Қарағанды облысының кеншілер шаһары Абай қаласында тұрамын. Ата-анам – марийлықтар. Әжем – татар халқының қызы. Олар 1976 жылы Қарағандыға Башқұртстаннан келген екен. Анам оқуын бітірген соң, жолдамамен Қазақстанға келіпті. Осында біздің отбасы қырық төрт жыл бойы ғұмыр кешті. Қазақстан Отанымызға айналды. Осы киелі жерде білім алдық, отбасын құрдық. Бүгінгі таңда мен төрт қыз, бір ұл тәрбиелеп отырған бақытты анамын. Олар менің шаңырағымның шаттығы. Мектепте математика пәнінен ұстаз болып, 24 жыл еңбек етіп келемін. Жалақым да жақсы. Ең бастысы елге қадірлі мамандық иесімін. Отбасым – бақытым. Мен үшін одан қымбат ештеңе жоқ.

2019 жылы 29 сәуірде Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясы өтті. Елбасы баяндама жасады. Оның кез келген мінберден айтқаны үлкен әсер қалдырады. Нұрсұлтан Әбішұлы мемлекетіміздің дамуындағы жаңа көкжиектер мен жастардың жалыны, Ассамблеяның орны туралы орамды ойларын ортаға салды.

Мен де сөз алып, мінберге көтерілдім. Сөзімді даналығына, ерік-жігері мен табандылығына талай жұрт таң қалатын – Тұңғыш Президент пен бір жарым мыңдық аудитория тыңдайды. Сол кездегі бастан өткерген толқынысымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес еді. Айтатын сөзім көмейімде кептеліп қалатындай қорқыныш сезімі баурап алды. Алайда, Нұрсұлтан Әбішұлының бар ынтасымен тыңдап отырғанын көргенде барлығы да орнына келгендей болып, жаным жай тапты. Бір сәтке толқып кетсем, басымды Нұрсұлтан Әбішұлы отырған жаққа бұрып, сенімді түрде сөзімді жалғастыра бердім. Сессияға қатысушылармен қол алысқан кезде оның алақанынан жылу сезінгендей болдым. Бұл – Елімізді 30 жылға жуық басқарып, адамның болашағын бірінші орынға қойған, бейбітшілік пен келісімді сүйген, төрткүл дүниеге танымал мемлекет құрған адамның жан жылуының қуаты болатын.

Лариса КРАВЦОВА,

«№9 мектеп-балабақша кешені» КММ директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары,

Қазақстан халқы Ассамблеясы XXVII сессиясының спикері.

АБАЙ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button