ЖаңалықтарЭкономика

Жеңіл өнеркәсіптің жолы неге ауыр?

Еліміздегі жеңіл өнеркәсіп саласы – тірсегін тұсамыс қажаған шабан торыдай сылбыр. Сондықтан да, экономиканың басқа салаларына шатқаяқтап зорға ілесіп келеді. Дүкендерде отандық өнімнің көрінбеу сыры да – осында. Ал, бауырлас түрік елі матадан, былғарыдан мың сан бұйым мен киім жасап, әлемдік нарықтан ойып тұрып орын алған. Оның сыры неде?

ТҮРКИЯ ТӘЖІРИБЕСІ

Түрік Республикасында бұл саланың негізі өткен ғасырдың 50-ші жылдары қаланды. Алайда, оның өркендей бастауы 80-ші жылдардың басына тұспа-тұс келеді. Осы жылдары ел аумағында түрлі экономикалық аймақтар пайда бола бастады. Оның бірінде өнеркәсіптің ауыры қанат жайса, екіншісінде жеңілі жүйткіді. Осылай қарқындаған жеңіл өнеркісіп бүгінде Түркиядағы жалпы ішкі өнімнің 10 пайызын құрады. Ал, бізде бұл көрсеткіш 0,1 пайызға жетпейді. Себебі, бауырлас мемлекеттердің бұл кәсіпті дамытудағы тәсілдері бөлек. Қазақстан істі мата мен тері өңдеуден бастады. Түріктер алдымен осы шикізаттарды дайын өнімге айналдыратын фабрикалар ашты. Біздің өнімге сұраныс пен талап болмады. Олар талғам мен сапаны ту етті. Сондықтан, біздің жұмыстың берекесі қашты.

Түркияда іс бастаған кәсіпкер өндіріске тек отандық құрал-жабдықтарды енгізсе, мемлекет өндірісті ашуға жұмсалған қаражаттың 90 пайызын субсидия күйінде қайырып береді екен. Сөйтіп, жеңіл өнеркәсіптің жолы жеңілдеп, ауыр өнеркәсіптің де тынысы ашылады. Бұларда өндірістің толық циклі қалыптасқан. Сондықтан, мақта мен жүн алдымен матаға, соңында дүрия көйлек пен мауыты шекпенге, ал, тері былғарыдан бәтеңкеге айналады, қысқасы. Ол саланың тағы бір ұтымды тұсы ынтымақтастық пен бәсекелестіктің болуы. Озық лазерлі станоктар шағын фабрикалардың көбінің еншісінде жоқ. Алайда, осы технологияға ие орта деңгейлі фабрикалар ақылға қонымды ақыға ұсақ тігін цехтарының киімін автомат арқылы кесіп, пішіп, бүгіп береді. Ал, тауардың сапасы мен үлгісі мықты әрі ұтымды, маркетингтің озық болуы – әрқайсысының өз мойнында. Бұл демеу мен қамшылау емес пе?! Одан бөлек, бұл сектордың тамыр соғысын байқап отыратын мемлекеттік ұйымдар да жетерлік. Олар кәсіпорындардың жаһандағы жұрттың жаңалығынан құр қалмауын ескереді. Түрлі көрсетілімдер мен көрмелер ұйымдастырады. Брендті насихаттайды. Қордалана бастаған мәселенің қоржын түбінде жатып қалмауын назарда ұстайды. Барлығы – қарапайым. Ұғынықты.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АХУАЛ

Қазақстан жеңіл өнеркәсіпті қайтсек көтереміз деп жатыр. Кеңес кезінде 14 салаға тармақталған жеңіл өнеркәсіптің 69 ірі кәсіпорнында 200 мыңнан астам адам еңбек етті. Ал, қазір адам саны 15 мыңға жетпесе де, 1500 кәсіпорын бар. Оның көбі – бұрынғы «ательенің» деңгейінде. Ел экономикасындағы өндіріс үлесі 1990 жылы 16 пайыз болса, осы уақытта 0,1 пайызға да жетпейді. Сондықтан, 90 пайыздан астам өнімді Қытай, Түркия, Ресей, Қырғызстан сынды елдерден импорттаймыз.

Маман тапшылығы бар деп айту да қисынсыз. Себебі, жүздеген арнайы оқу орындарына бөлек, 8 ЖОО осы салаға маман дайындайды. Олардың ішінде докторантура мен магистратурада оқып жүргені қанша. Алайда, олардың біліктілігіне де сын бар.

Республикадағы Бәйтерек Ұлттық басқару холдингі, Қазақстанның даму банкі, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттігі, «Kazakh Export» экспорттық-несие корпорациясы, «QazIndustry» Қазақстандық индустрия мен экспорт орталығы, Қазақстанның сыртқы сауда палатасы жабылып жүріп осы саланың көсегесін көгерте алмай-ақ қойды. Тіпті, 2019-2021 жылдар аралығына Ел Үкіміті бекіткен жеңіл өнеркәсіпті дамытудың «Жол картасы» да жасалған. Бірақ, елімізге 2030 жылға дейін барлық салық түрлерінен босатылатын инвесторлар асығар емес. Сондықтан, нәтиже көңіл көншітпей тұр. Осы сала жайында «Тегам» кәсіпорнының (бұрынғы Қарағанды шұлық фабрикасы) жетекшісі Шайгулян Арынғазина ой қосты.

– Біздің кәсіпорынның әлемдік деңгейде өркендей алмауы үнемі несие құрсауында болу, брендті дамыта алмау, шикізаттың шетелден келуі сынды келеңсіз факторлардың кесірінен. Құрал-жабдықтарымыз заманауи үлгідегі Италия, Жапония секілді озық елдердің өнімі. Оларға қол жеткізу үшін несиеге баттық. Шымкенттегі фабриканың шикізаты да жарамайды. Себебі, жіп боялмаған. Лайкра сияқты жасанды талшықты Ресейден аламыз. Бұлар – химия өндірісінің жұмысы. Сондықтан, шикізат тәуелділігінен құтылу үшін барлық саланы қатар дамыту керек. Рас, тауарымызды Ресей секілді елдерге экспорттаймыз. Бірақ, олар басқа брендтің атын жамылып кетеді. Брендті таныту, маркетинг мәселесіне қаражат аздығы қол байлау болуда. Мемлекеттік тапсырыс үшін тендерге түсу де қиямет-қайым дүние. Білікті маман жоқ. Сондықтан, жабдықты өндіріске енгізу үшін шетелдіктердің көмегіне жүгінеміз, – деді кәсіпорын басшысы.

ИНВЕСТОР ПІКІРІ

Әлемді шарлап, кәсіп жасап жүрген түрік кәсіпкерлері Қарғандыда да бар. GLB MAKINE компаниясын басқаратын сондай азаматтың бірі – Юсуф Екмекчі мырза. Аталмыш мәселеге байланысты ол кісінің пікірін білдік.

– Қай кәсіпті болсын, дамытатын алдымен адам. Сондықтан, бізде баланы кәсіпке жасынан бейімдейді. Ол – сонау Османлы заманынан бері қалыптасқан дәстүр. Менің досым бар. Түркиядағы танымал аяқ киім брендінің иесі. Сол кісі бала күнінен етікші әкесінің жанында жүріп кәсіп қылды. Ал, менің әкем жиһаз ұстасы еді. Оның бір кездері бедерлеп жасаған көп жиһазы бұл күнде құнды раритетке айналған. Өйткені, ол кісі сапаға басты мән беретін. Оның жанында жүріп көп дүниеге көзім қанды. Оқушы кезімнен жиһаз жасауды үйрендім. Әкем маған шебердің жарты ақысын төлейтін. Мен өз киіміме қаражат жидым. Әкем арзан жұмыс күшін пайдаланды (Күлді). Арнайы оқу орындары президент Тұрғыт Өзалдың кезінде ғана жаппай ашыла бастады. Бұлар коледждерден бөлек. Мұнда 8-ші сыныптан әрі оқуын жалғастырмағандар қабылданады. Ал, бір кездері міндетті оқу 5 –ші сыныпқа дейін ғана болды. Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп мамандары тапшы. Мәселен, біздің елдің азаматтары осы өңірде он шақты диірмен ашты. Солардың барлығына технолог Түркиядан келеді. Бұл – еңбекақысы жақсы мамандық. Бірақ, жергілікті адам бірен-саран. Өйткені, жастардың қызығушылығы жоқ.

Түркия мемлекеті «кәсіп ашамын» деген әйел адамға пайызсыз несие береді. Және оны салықтан босатады. Қазақстан бір кәсіпорынға 100 миллион доллар салып, үміт күтеді. Ал, Түркия оны жүз адамға бөліп береді. Қайсы тиімді екенін бағамдап көріңіз.

Түркияда барлық саланың сұраныс талабы күшті. Сондықтан, өндірісте жаңа идеялар қалықтап жүреді. Қазақстан Түркия мен Қытайға мал терісін өңделмеген күйінде сатады. Тұз себуді ұмытпайды ( Күлді). Өйткені, сапалы өңдеуден өткізе алмайды. Бұл мәселені шешу үшін бірлескен кәсіпорындар ашу керек. Сонда инвесторлар табысқа қызығып, технология әкеледі. Сіздердегі арнайы экономикалық аймақтардың талаптары маған тым қатал көрінді. Өйткені, өнім кедендік бақылаудан өткендей болады екен. Сол себепті орта деңгейлі шетел компаниялары бұдан үркіп қалып жатыр, – деді кәсіпкер.

ҚОРЫТЫНДЫ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы жылы өткен экономикалық мәселелер бойынша кеңесте оны әртараптандыру жөнінде нақты тапсырмалар берген болатын.

– Еңбек өнімділігін кемінде 1,7 есеге арттыруға және өңделген қазақстандық өнімнің экспортын едәуір өсіруге басымдық берілуі тиіс. Үкімет дайын өнімнің экспортын 2022 жылы – 1,5 есеге, 2025 жылы – 2 есеге арттыруы қажет, – деген еді Мемлекет басшысы.

Осы орайда, шикізат базасын қалыптастырмай, білікті маман дайындамай, маркетингті дамытпай, сапаны қадағаламай, мемлекеттік тапсырыс арқылы қолдау көрсетпей, контрабанда мен экспорт мәселесін шешпей – бұл саланы өркендету мүмкін емес деген қорытындыға келдік. Сондықтан, алдымен тың идеяларға серпін беріп, өндіріс салаларын өзара қабыстыруды ескеру керек. Бір сөзбен айтқанда жеңіл өнеркәсіптің желкенін жаймасақ, жаһан экономикасының мұхитында жүзе алмасымыз анық.

Құрманғазы ӨТЕБАЙ.

Басқа материалдар

Back to top button