АймақРуханият

Ұлытаудың ұлары…

Ұлытау туралы толғанбай, тебіренбей сөйлеу мүмкін емес, әрине. Кейінгі кездері Ұлытауды көп айтқанымызбен, ұларын ұмытып бара жатқан сияқтымыз. Бір кездері ұлт ұясы – Ұлытаудың өзін ұмытуға айналғанда, Елбасы барып, есімізге қайта салғанын неге жасырайық? «Ұлытауға шықтың ба, Ұлар етін жедің бе?» деген сөздің астары қалың сияқты. Тегін айтыла салған сөз емес, меніңше.

Ұлттың көзінен жас ақпасын. Егер аға қалса, әуелі Ұлытауға таматындай болады да тұрады. Алаш күңіренсе, Ұлытаудың ұлары шулайтындай сезіледі. Сол Ұлытауда ұлар жоқ дегенге кім сенеді? Қыдыра, қона жатып барғандардың бәрі әуелі Ұлытаудың ұларын сұрайтын көрінеді ғой. О несі екен деп қоям. Маған түк те қызық емес. Біле білгенге, Ұлытаудың киесі мен символы ұлары мен ұлтының қасиеті емес пе? Кие мен қасиетті кім ұстап көріпті?! Сөйтсе де, жоқ деп те ешкім айта алмайды. Ақылға сыя бермейтін абстрактілі дүниелер. Алланың әмірімен ғана пайда болып, өмір сүретін жоғарғы әлеммен астасқан хикмет десе болар…

Дүниеде қазақ дейтін халық болса, атын шығарған ұраны Алаш болса, соның киесі Ұлытаудың ұлары секілді. Себебі, тек қана биік шыңдарды мекендейтін ұлар пенде баласының көзіне түсе бермейтін аса қасиетті құс деседі. «Ұлытауға шықтың ба, Ұлар етін жедің бе?» сөзін індете жүріп мына мәліметті бір емес, бірнеше мәрте кезіктіргендіктен айтамын мұны: «Қысы-жазы тау басын мекен ететін отырықшы, дене тұрқы кекілікке ұқсас келетін шағын ғана ұлар ешкімнің мазалағанын, тыныштығын бұзғанын қаламайды. Сондықтан да көзден жырақта, адамнан тасада тіршілік етеді. Ұлар құс торға түссе, дереу өліп қалады. Әлемнің бірде-бір зоопаркінен ұлар көрмейтініміз содан болар. Тауда ойнаған кекіліктің, қалыңда жүрер бөдененің, тіпті қырғауылдың жұмыртқаларын үй тауығына бастырып, балапандарын қолға үйретуге болады. Шөжелері тегім, нәсілім, басқа демей, телмеңдеп, тауықтың соңынан жүгіріп жүреді. Ал ұлар қолға үйренбейді. Жұмыртқасын тауық басып та шығара алмайды, балапанына адам қолы тисе болды – өледі. Қолға түспестігін меңзегені болар. Елімізде Алтай және Гималай ұлары кездеседі. Көбіне 5-10-нан топтасып жүріп, тек көктемде ғана жұптасатын олар өте сақ келеді. Тау бөктерінде жайылып жатқанда, біреуі биік құзға шығып, жан-жағын бағдарлап тұрады екен. Егер қауіпті сезсе, айрықша үн шығарып, хабар беретін көрінеді. Қалған құстар мұны естіп, әбігерленіп, шулайтын көрінеді. Сондықтан да қазақ халқында «ұларды шулатпа» деген тыйым сөз бар. Отбасы өзінің отағасынан немесе отанасынан айрылғанда артында қалған перзенттері «ұлардай шулап қалды» дейді. Қыстың аязды күндерінде тас қуыстарынан пана тауып, топтасып, бірін-бірі жылытады».

Осыдан кейін ұларды атып, етін жеп көр?! «Аққуды атпа» деуші еді, «Ұларды шулатпа» дегенге қарағанда, бұл одан да киелі болды ғой. Бірақ, ғаламтор көздерінде ұлар етінің денсаулыққа пайдасы, емдік қасиеті жөнінде деректер жыртылып-айрылады. «Еті ас қорыту ауруларын емдейді, қан тамыр жолдарын тазартады. Денедегі суықты шығарып, организмді калий мен кальций элементтерімен толықтырады. Ал, өті тыныс алу жолдары ауруларын емдейді» делінген ондағы деректердің бір парасында.

Қазақстанда Гималай ұларларын қолда өсіріп, көбейту қолға алынғаны бертінде көрінеді. Алғашында бұл деректі ғаламтордан ұшыратқанда, тіксініп қалғанбыз. Сөйтсек, оны асырап баққанда, табиғи орта қалыптастырып, тәлімбақтар салып, тек ғылыми жолмен ғана ұстай алады екен. Және ол асырап алып жатқан ұларлар арасында Ұлытаудың ұлары жоқ. Жалпы әлемде кездесетін ұларлар арасында Ұлытаудың ұлары жоқ. Біз жоғарыда айттық қой, Ұлытаудың ұлары ұлттың киесі деп. Қалаған уақытында ұшып, қалаған уақытында қонатын азаттық болуы да мүмкін. Сондықтан, оны тек көретіндер ғана көре алады. «Көрмес түйені де көрмес» демей ме қазақ?

Бірақ, біздіңше «Ұлы тауға шықтың ба, Ұлар етін жедің бе?» дегенде, ұлы тау деп биік Алтай, Гималай сияқты тауларды нұсқағанға ұқсайды. Кім біліпті?! Қалай десек те, Ұлытауды айналған ұлар текті ұлт тозбасын! Сонда ұларын да анық көретін күнге жетеміз. Сондай киелі құс қой ол!

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Back to top button