Ар

«Алатаудың маралы – Алатаудан жоғары…» (Х.Есенғараева) дейді ақын. Жай ғана марал емес, Алатаудың қолқа-жүрегі ол білгенге. Алатаудың жаны мен ары, бары мен нәрі – сонда жүрген жан-жануар, тіршілік рухының иелері. Сондықтан, марал деген жанды бейне – бұл жерде. Алатаудың адамы да жоғары өзінен. Таудың өрлігін, даланың кеңдігін әйгілейтін адамы болмаса, оның қасиеті қайсы?..

…Дәл сол сияқты айтпағымыз да. Басынан басқаны аттатпақ түгілі, сөз асырмайтын қазақ Байрағын төбесінен асырып биік ұстайды. Көкке қолын шошайтпауы бар, туымен көк тірейді. Басынан елдік айғақты, елдік таңбаны ғана асырады тіріде. «Құдайдың бір аты – халық» деген рас, демек. Елдік деген – ең үлкен сөз, демек. Құдайдан кейін. Елдің тағдырын аманаттап, елдің тізгінін ұстар қызметке келдің екен, ойнауға болмайды, демек. Ел мен жер (Отан), ұлт пен ұлыс – жалғанға жіберген Құдайдың кіші қосы! Құдайдың қалауындағы жаратылысқа қулық-сұмдық жүрмейді. Оны тербеп, мәпелеп, аялап қана бағуға болады. Ал, олар – төбесіне тұтқан елдігінің белгісі, ұлттығының айғағы. Мемлекеттік рәміздерді құлатқаның – халықтың ғана емес, Құдайдың алдындағы абыройдан айрылғаның. Адамның емес, Алланың сенімінен кеткенің. Себебі, Алла көкірегіңе – рух, кеудеңе – жан, басыңа – ақыл, жүрегіңе иман беріп, саған сенім артты. Бұл қасиеттер тұрғанда, арын былғамас деді. Соған көзі ол баста жеткен қазақ «Малым – жанымның, жаным – арымның садағасы» демеді ме? Деді! Мемлекеттік рәміздер да сондай құбылыс. Елдің ары мен намысы. Оларды құлаттың екен, елдік пен теңдіктен айрылғаның. Жоғарыда айттық, халықтың ғана емес, Құдайдың аманатын аяқасты қылғаның. Өйтіп тірі қалғаннан өлген артық қазақта. Олимпиадада, я болмаса, басқа да еларалық сын-сайыстарға елдің атынан мемлекеттің намысын арқалап баратын спортшы не басқа сала өкілдерінің мойнына артылған жауапкершілік жүгін осыдан-ақ бағамдай беріңіз. Оның желкесінде Отан деген ұлы сөз, кең ұғым тұрады. Құдайдың кіші қосы – халықтың ар-намысы аманат оған. Жеңсе де, жеңілсе де жылап қайтатыны, сондықтан. Жеңсе – сол халықтың бағына қайта туғаны. Жеңілсе – тірі өлгені. Бұл – біздің Ұлы Далада ертеден бар құбылыс. Шаһид кешеді. Сақ патшайымы Тұмардың баласы жау қолына қапыда түсіп, Кир патша күллі еліне шарт қойғанда, есебін тауып ол өзін өзі құрбандыққа шалып жібереді. Оның жанына Құрыш (Кир) Сақ мемлекетіне «соғыссыз беріліңдер» деген. Түрік дәуірінде де, Қазақ хандығы тұсында да Отан үшін мұндай жанпидалықтар жетерлік. «Ер Мамайдың алдында, Шаһид кештім өкінбен» немесе «Бетегелі Сарыарқаның бойында, Соғысып өлген өкінбес» (Доспамбет жырау). Болмаса, Қазақ елі мен жері үшін басын бәйгіге тіккен Алаш арыстары, жеріміздің тұтастығы үшін қызметін құрбандыққа шалғаны былай тұрсын, жанын шүберекке түйген Жұмабек Тәшенев!

Есіме осы күні ғаламтор көзінде тарап жүрген Мұстафа Өзтүріктің сөзі түседі. «Еркектің де жылайтын кезі болады» дейді Мұстафа батыр. «Біріншісі – еліне болған сағынышында жылайды, елін іздегенде. Екіншісі – өлімде жылайды дегендей. Менің бір жылаған жерім бар. Түркияға алғаш Қазақстанның командасы болып халықаралық жарысқа Қазақстан атымен шыққан кезде шәкірттерді ертіп барып, жарыс болатын жерге барғанда, біздің туымыз желбіреп тұрды. Қаншама мемлекеттің ішінде, сонда… толқынып жылағам… «Осындай күнді Құдай бізге көрсетті, менің туым да желбіреді» деп».

Бұл – білек иесі батырдың ғана емес, телегей теңіз алып жүрек иесі ақынның ішкі толқынысы! Қазақ ұлдарына үнемі осылай толқып жылауды қисын Жаратқан!

Жәнібек ӘЛИМАН.