Жаңа әліпби — жаңғыру белесі

Рухани қазынамыздың түп негізі – ана тіліміз деп білеміз. Сол ана тілімізді қадірлеп, қастерлеп, келер ұрпаққа асыл мұра ретінде жеткізу және осы тілдің сөздік қорының өте бай екендігін әлемге кеңінен таныту – заманымыздың басты міндеттерінің бірі.

 

«Қазақ тілі – әлемдегі ең бай тілдердің бірі» деген сөздің дәлелі ретінде бірқатар тұлғалардың ана тіліміз жайлы жазған пікірлеріне тоқтала кетсек, артық болмас. Белгілі шығыс зерттеушісі В.Радлов «Әлем тілдерінің ішінен тек үш тілдің ұлылығын мойындадым. Ол – орыс, француз және қазақ тілі» десе, Шыңғыс Айтматов «Қазіргі қазақ тілінен үйренеріміз көп. Мен өз басым жаңа шығарма жазар алдында қазақ әдебиетінің озық туындыларын үңіле оқимын, орайлы атауларды өз шығармаларымда пайдаланып отырамын…» – деп ой толғаған. Белгілі жазушы Герольд Бельгер өзінің «Казахское слово» шығармасын осы құдіретті де қасиетті қазақ тіліне арнаған. Осындай шұрайлы, әуезді тілімізді көзіміздің қарашығындай сақтап, мақтан тұта отырып, жас жеткіншектерге жеткізу мақсатында, тіл байлығын айқара ашып, әлемге паш ету жолында қазақ жазуының латын графикасына көшуінің мәні өте зор. Олай дейтініміз, латын әліпбиі тіліміздің дыбыстық жүйесін дәл таңбалауда, күн сайын дамып жатқан әлемдегі коммуникациялық кеңістікке еркін қол жеткізуде, сонымен қатар, әлемдік деңгейде білім алуға, дамыған 30 елдің қатарына кіріп, жаһандану процесінде біртұтас ұлт болып қалуға үлкен ықпал тигізбек. Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру – уақыт талабы. Тиісінше, жаңа әліпбидің нұсқасын мамандарымыз халықпен бірге қызу талқыға салып, зерттеп, зерделеп жатқаны белгілі. Ендеше, еліміздің еншісіне ұлт мақтанышы Ахмет Байтұрсыновтың төрт талабына сай, «тілге шақ», «жазуға жеңіл», «баспа ісіне қолайлы», «үйренуге де қолайлы» жақсы әліпби бұйырарына сенімдімін.

Сәуле КЕЙКИНА,

М.Әуезов атындағы орталық қалалық кітапханасының әдістеме бөлімінің меңгерушісі.