Бас тақырыпЖаңалықтар

“Маңғыт! Аузыңа саңғыт” көзбоя жобалардың жолы кесіле ме?

Саны бар, сапасы жоқ, сан-сапалақ жобалардың жолы кесілмейінше, көзбояудан арылмайынша, өрге баспайтынымызды қайталап айтудың өзі, тіпті, ұят. Бір күндік жобалар мен Үкіметтің берген қаржысын жекелеген жемсауларды толтыруға арналған «кіржуғыш» машиналардан таза құтылмайынша, ішіп-жеміміз – импорт, кигеніміз – қытай. Бүгін ашылып, ертең қаңырап қалатын зауыт-фабрикаларды құзырлы орындар «проблемалық жобалар» деп жақауратады. Бірақ, оның түп-төркіні, шын атауы – жемқорлық. Осындай жобаларға Үкіметтің миллиардтап ұшқан қаржысына қанша нақты кәсіпорын, неше балабақша, неше мектеп тұрғызуға болатынын санап, жүйкемізді тоздырмай-ақ қоялық. Әйткенмен, Елбасының өзі Жолдауында әр теңгенің қайтарымы болуы керектігіне арнайы тоқталуында – гәп бар.

Үкіметтік бағдарламаға еніп, елдің бәрін жарылқаймын дейтін жобалардың тумай жатып, туа шөгетіні несі? Мысалы, былтырғы 2017 жылғы Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысы туралы ақпаратқа үңілсек, республика бойынша Кәсіпкерлікті қолдау картасының 72 проблемалық жобасы болған екен. (Оның қаншасы бүгінгі күнде «адам» боп кеткені бізге әзірге беймәлім). Осындағы 11 жоба әрі қарай жұмыс істеуден бас тартқан. «Әрбір жоба бойынша Жол картасы қабылданды. Кәсіпорындарға инвесторларды іздеу, жер қойнауын пайдалануға шарттар жасау, екінші деңгейлі банктер арқылы кредиттеу, өңірдің кәсіпорындарына өнімді сатуға жәрдемдесу секілді мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілді», – деген-ді Үкімет отырысында Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек.

Мұнда Қарағанды аймағындағы жобалар да бар. Мұндай жобалардың жанын шүберекке түйіп, тұмар қылып тағынып, аман сақтап қалуға жан-дәрмен тырысатын – мемлекет. Яки, жобалық қуаттылығына шыға алмай, өкпесі өшуге жақындаған зауыт-фаб рикалардың реанимациясы рөлін мемлекет атқарып отыр. Алып жүре алмайтын шоқпарды беліне байлап алып, соның астында қалып, майып бола жаздайтын жобалардың жан сақтаушысы – Үкімет. Іштен шыққан шұбар жылан болған соң шығар Мемлекет байғұс шыр-пыр етіп, инвесторлары жерінген жобаларды «бауырына» басып жатады. Ал, ол елге құт па, әлде жұт па? Оны уақыт көрсетер.

Қарағанды аймағында қандай жобалардың қарық қылмағанын бұқара жақсы біледі. Біз де. Бірақ, бұл жолы өткенді қазбалап, көр-жерді теруден аулақпыз. Саусағымызды бүгіп, санамалар болсақ, сол жобалар ашыларда аспанға бөркімізді қоса атқанымызға, қысылатын халдеміз.

Осы орайда Мемлекет басшысының Жолдауда «Осы күрделі кезеңде бөлінетін әрбір теңгенің қайтарымының мол болуына қол жеткізу керек. Тексерістер нәтижелері айқындап отырғандай, құрылыс құны кей жағдайда жобалық құжаттар әзірлеу кезеңінде-ақ арттырылып көрсетіледі. Соңына дейін жеткізілмейтін немесе перспективасы жоқ екені әуел бастан белгілі болған жобалар бар. Егер жүктелген іске жауапкершілік танытатын болсақ, бюджеттің жүздеген миллиард теңгесін үнемдеп, тұрғындардың нақты қажетіне бағыттауға болады. Үкімет тиімсіз әрі уақытылы емес шығындарды болдырмай, шығыстарды оңтайландырып, қаражатты үнемдеу үшін жүйелі шаралар қабылдауы қажет» деуінің мәні – тереңде. Сондықтан, өтірік жоба ұсынып, оған бөлінген қаржыны талан-таражға салушыларға заңдық жауапкершілік күшейтілсе, тіпті, тамаша! «Маңғыт! Аузыңа саңғыт!» дейтіндей көрсоқыр қоғамда отырған жоқпыз ғой.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button