Экономика

«Ырысым жатқа шашылды…»

Қазіргі таңда кәсіптен нәсіп табуға ұмтылған қазақ жігіттері неге аз? Базарға барсаңыз – армян, татар, әзірбайжан мен түріктер. Одан қалаберді алдыңнан қол жайып сыған шығады. Құрылысқа барсаңыз, өзбектер өріп жүр. Көлік жөндеу орталықтарында – орыс ұлты. Зауыт басшылары – қытай мен кәріс ұлтының өкілдері. Бұлар – заманауи кәсіптің ебін тапқандар. Ал, қазақ неге қамсыз?!

ҚЫР АСҚАН ҚЫРУАР ҚАРЖЫ

Интернеттегі ашық дерек көздері мәліметтеріне сүйенсек, шетел асқан қыруар қаржы «Золотая корона», Western Union, «Юнистрим», Contact, Faster, MoneyGram, BLIZKO және тағы да басқа ірі аударым жүйелері арқылы жіберілген. Айталық, 2019 жылдың қазанында қазақстандықтар сырт елдерге 66,6 млрд. теңге сомасында 244,2 мың транзакция жасапты. Бір мезгілде жіберілген қаржы орташа есеппен алғанда 272,8 мың теңгені құрайды. Сол жылдың қыркүйегімен салыстырғанда жалпы аударылымдар көлемі 1,7 %-ға артқан.

Ал, былтырғы жылдың басынан бері шекара асқан қаржы көлемі 75,8%-ға өскен. Өзбекстан мен Грузияға, Тәжікстанға, Түркия мен Қырғызстанға екі еселеп, тіпті, үш еселеніп жіберілген. Жалпы соманың тек 5%-ы Грузия мен Тәжікстанға, ал 80%-ы Ресей, Өзбекстан, Түркия мен Қырғызстанға жіберілгені анық көрсетіліпті. Осы тұста еліміздегі инвесторлар мен гастарбайтерлер санының көптігін де аңғаруға болады.

2019 жылдың 9 айында шетелден 290,2 млрд. теңге ел бюджетіне түскен. Бұл көрсеткіш жылдағыдан 1%-ға кем. «Мұндай жағдай жалғасса, мемлекет қазынасындағы қор азайып, теңге бағамының күрт түсуіне ықпал етеді» – дейді мамандар. Өткенде «Алтын арба» базарында сауда жасайтын тәжік азаматымен сөйлестім. Мұнда ғы гастарбайтерлер ең кемі 6-7 жыл істепті. Ол біздің елге досы екеуі жұмыс іздеп келген. Баспана жалдап тұрса да, тапқан-таянғанын отбасына, яғни, шетелге жіберіп тұрады. Әлгі жігітпен тілдесіп тұрып, «Шетелде жұмыс істеп, отбасына ақша аударып тұратын қазақтың саны қанша екен?» – деген ойға қалдым. Осынша қаражат ел ішінде айналымға түссе, қалтамызды тесіп шыға ма?! Елдің көбі жұмсақ орындық пен жылы кабинеттен үмітті. Осы бір ой психологияға сіңіп қалған. Содан қашан арылады екенбіз? Әр қазақ жеке кәсібін дөңгелетсе, не кедергі?

Көлік жөндейтін орталықтардың біразында өзге ұлт өкілдері істейді. Бәрі өз ісінің мамандары.

Бүгінгі таңда қазақ азаматтарының құрылысқа баруға, немесе басқаша кәсіп жасауға деген ниеті қандай? Бірі мақтаса, екінші тарап – кереғар пікірде. Үлкен құрылысты қолға алған Құрман есімді азамат қазақ жігіттерінің жұмысқа жауапкершілікпен қарамайтынын айтады.

– Бір үйдің шатырын жабуға өзге ұлт өкілін жұмысқа алдым. Жұмысты жауапкершілікпен атқарып, уақытында бітірді. Кейінірек оны тағы іздеп таппаған соң, қазақ жігітімен келістім. Жұмыс басталғанына бір апта өтті ме, өтпеді ме, «Ертең мен бір жерге тойға баруым керек болып тұр. Бармасам, болмайды» – деп сұранды. Түсіністікпен қарап, жібердім. Одан кейін тағы бір мәрте сұранып, жұмысты келіскен күннен бір апта кеш бітірді. Бірақ, жұмыстың сапасы жағынан әлгі шетел азаматынан артық болмаса, кем емес» – дейді ол.

Қазіргі таңда жөн-жосықсыз ақша шашып, ас та төк той жасайтындар көбеюде. Оның да көп нәрсеге кеселін тигізетінін осыдан-ақ байқауға болатын секілді.

Жеті жұттың бірі – жалқаулық

Елде жұмыс жоқ емес. Халықты жұмыспен қамту орталықтары бос жұмыс орындарын ұсынып келеді. Жұмыс сұрап келушілердің қарасы көп, бірақ жалақы көлемі көңілінен шықпай бас тартқандар саны аз емес. Кейбірі таныс-тамырына сүйеніп, ебін тапса, енді бірі қолма-қол ақша тауып, нәпақасын айырып жүр.

Облыстық статистика департаментінің 2020 жылдың 4 айындағы қорытынды анықтамасына сүйенсек, жұмыспен қамту орталықтары еңбек ақысы 70–200 мың теңге аралығын қамтитын 7494 бос жұмыс орнын ұсынған. Оның ішінде, білім беру, құрылыс пен денсаулық сақтау ұйымдарында мамандар тапшы. Ал, жоғарғы еңбекақыны ауыл шаруашылығы, орман және балық шаруашылығы, ойын-сауық және демалыс орындары төлеуге дайын. Көп ата-ана ұлының заңгер, экономист және басқа да естір құлаққа жағымды оқу саласына түсуін қалайды. Жастарға механика, құрылыс бағытына неге бармасқа? Қазір нарыққа техниканы жете меңгерген мамандар ауадай қажет. Инвесторлардың көбісі шетелдіктер екенін мен де, сіз де жақсы білеміз. Ал, бізде мамандар – тапшы. Сол себепті, жоғары жалақы – шетелдіктерде.

ЖАУАПСЫЗДЫҚ – ЖАТ ҚЫЛЫҚ

Облыстық білім басқармасының мәлімдеуінше, былтыр 8700 түлек арнаулы оқу орынын тәмәмдаған. Қазіргі таңда олардың 78%-ы жұмысқа орналасыпты.

– Қазір нарыққа автослесарь, дәнекерлеуші, теміржол, шахта, өндірістік механика саласы мен газ құбыры мамандары қажет. Сол себепті, техника саласына бөлінген мемлекеттік грант саны да анағұрлым көп. Биылғы оқу жылында 1366 грант қарастырылған, – дейді басқарманың техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Құралай Ғалымқызы.

Егер сұранысқа ие маман қатарын толықтырмасақ, обалы – өзімізде. Кейінгі толқын Ұлттық Бірыңғай тесттен қашып, әйтеуір, бір колледжге түсуді мақсат тұтады. Арнаулы орта білім ордасын аяқтап, әскерге кетеді. Ал, Отан алдындағы борышын өтеп келген азаматтарға тек күзет қызметі ғана «тиесілі». Тоқетерін айтқанда, бұның бәрі – болашағына немқұрайлы қарайтын жастардың өздерінің жауапсыздығынан.

ТҮЙІН

Ел қаржысын ортақтасқан гастарбайтерлер санын мүмкіндігінше азайту керек. Бірақ, қалай? Олар біздің елге келіп, нәпақа табуды әбден жолға қойып алған. Емін-еркін кіріп-шығып жүре береді. Онымен қоймай, өз дінін, тілін, дәстүрін ала келетіні тағы бар. Ел экономикасын өсіретін де, жандандыратын да – өзіміз. Әрекеті ертең күнді кеш қылмай, өзімізден бастау қажет. Әр нәрсенің басын бір шалмай, кәсіп көзін дамытса, өзімізді де, елді де асырауға қауқарымыз жетер еді.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button