Ресми

Түбегейлі тұжырым – жұмыс тиімділігін жетілдіру

ЖАҚЫНДА ЕЛОРДАДА ҚАЗАҚСТАН МӘСЛИХАТТАРЫНЫҢ ҚҰРЫЛҒАНЫНА 25 ЖЫЛ ТОЛУЫНА ОРАЙ, «ЖЕРГІЛІКТІ ӨЗІН-ӨЗІ БАСҚАРУ ЖҮЙЕСІНДЕГІ, ӨҢІРЛЕРДІҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫНДАҒЫ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ СЕНІМДІ НЫҒАЙТУДАҒЫ МӘСЛИХАТТАРДЫҢ РӨЛІ» АТТЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТКІЗІЛДІ. «ҚАЗАҚСТАН МӘСЛИХАТТАРЫ ДЕПУТАТТАРЫНЫҢ БІРЛЕСТІГІ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІ ҰЙЫМДАСТЫРҒАН АЛҚАЛЫ БАСҚОСУҒА ПАРЛАМЕНТ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ ДАРИҒА НАЗАРБАЕВА, ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ ОРЫНБАСАРЫ БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ ЖӘНЕ ПАРЛАМЕНТ МӘЖІЛІСІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ ВЛАДИМИР БОЖКО ҚАТЫСТЫ. АЛҚАЛЫ ЖИЫНҒА ҚАТЫСУШЫЛАР ҚАТАРЫНДА ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ХАТШЫСЫ СЕРІК ӨТЕШОВ БАСТАҒАН КЕНДІ АЙМАҚТЫҢ ДЕЛЕГАЦИЯСЫ ДА БОЛДЫ.

Сыртқары өңірлерден келген депутаттардың алғашқы жұмыс күні бекітілген бағдарламаға сәйкес, салалық бағыттар бойынша жоғары деңгейлі мемлекеттік құрылымдардың басшылық құрамының өкілдерімен кездесуден басталды. Аталған іс-шараға Ұлттық экономика министрлігі, Білім және ғылым министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі, сондай-ақ Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі тартылды. Министрліктер өкілдері бюджеттің жоспарлануы, түрлі мемлекеттік бағдарламалардың түзілу реттілігі мен шарттылықтары, олар дың түпкі нәтижелері туралы жан-жақты әңгімелесе, мәслихаттар депутаттары мен хатшылары көңіл төріндегі орнықты ұсыныс-пікірлерін бүкпесіз білдіріп, өздерін жиі мазалайтын сауалдарға жауап іздеді. Екіжақты тұрғыда алуан мазмұнда өрбіген пікір алмасулардың қос тарап үшін де тиімді болғаны анық еді. Мұны біз өңірлерден барған меймандар көтерген мәселелердің өткірлігі мен нақтылығынан, оларға министрліктер өкілдерінің ерекше ден қоюынан айқын аңғардық.

Келесі күні әр тараптан жиылған қауым Тәуелсіздік сарайында ұйымдастырылған республикалық конференцияда бас қосты. Мерейтой аясындағы жиын Парламент Сенатының депутаты, «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеубек Мұқашевтың кіріспе сөзімен ашылды.

Алғашқы құттықтау сөз кезегі Парламент Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаеваға берілді. Өз лебізінде мәслихаттар жергілікті басқару мен өзін-өзі басқарудың аса маңызды деңгейі екендігіне ерекше екпін берген Дариға Нұрсұлтанқызы аталған құрылымның халыққа мейлінше жақын тұрғанын атап өтті. Олардың жұмысты ұйымдастыру мен жүргізудегі мүмкіндігі мол екендігіне, аймақтарды дамыту ісіндегі басымдық сипатты иеленетін әрекеттердің әлеуетін арттыра түсудегі құзырлы қалпына назар аударды. Сонымен қатар, мәслихаттар қызметіндегі кері байланыстың маңызына көңіл бөліп, халық қалаулыларының іс-қимылдары ашық болуы тиістігіне мән берді.

Бір топ депутатқа Парламент Сенатының Құрмет грамотасын тапсырып, «Қазақстан мәслихаттарына – 25 жыл» мерейтойлық медалімен марапаттады.

Өзінің құттықтау лебізін «Сіздер ел билігінің бір тармағы ретінде мемлекеттің дамуына айтарлықтай үлес қосып келесіздер, халықпен тығыз байланыстасыздар…» деп бастаған Вице-Премьер Бердібек Сапарбаев конференцияға қатысушыларға Қазақстан Республикасы Үкіметінің ыстық ықыласы мен риясыз құттықтауын жеткізді. Халық қалаулыларының алдағы қызметіне толайым табыс тілеп, лайықты тұлғаларды Премьер-Министрдің Алғыс хатымен марапаттап, мерейтойлық медальдар тапсырды. Мерейі өскен жандардың қатарында Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Ғазым Жарылғапов та болды.

Парламент Мәжілісінің ілтипаты мен ізетін Мәжіліс Төрағасының орынбасары Владимир Божко білдірді. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің ыстық ықыласқа толы сәлемін жеткізген ол бір топ депутаттар мен мәслихат хатшыларына Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» алтын медальдарын табыс етті. Бұл жолы облыстың ресми делегациясы құрамындағы Абай аудандық мәслихатының хатшысы Борис Цай марапат иегері атанды.

Бұдан кейін Ақтөбе облыстық мәслихатының хатшысы С.Қалдығұлова, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ш.Мырзахметов, Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы В.Бубенко, Алматы қалалық мәслихатының жас депутаты С.Грачев және басқалары жергілікті мәслихаттардың қызметі мен олардың тиімділік деңгейіне қатысты түрлі тақырыптар аясында сөз сөйледі.

Қазақстан мәслихаттарының ширек ғасырлық мерейтойына арналған конференцияға қатысушылар оның қорытындысында тиісті тараптарға бағытталған бірқатар ұсыныстар қабылдады. Онда Парламент Сенатына, Парламент Мәжілісіне, жергілікті өкілетті органдарға және Мемлекеттік басқару академиясының алдағы қызметіне қатысты ұсыныстар тұжырымдалған.

Соған орай, ұсыныстардың оңтайлы жүзеге асырылуы тұрғындардың мәслихаттар қызметіне сенімі арта түсуіне, жергілікті қоғамдастықтың сұраныстары мен мүдделерін кең тұрғыда есепке алуға, сондай-ақ жергілікті және жоғарғы өкілетті органдардың өзара тиімді әрекет ету жүйесін қалыптастыруға негіз қалайтыны аталып өтілді.

Осы орайда, республикалық конференцияда жасалған түбегейлі тұжырым – жұмыс тиімділігін жетілдіру жайы болғанына ерекше мән берген жөн.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ

ҚАРАҒАНДЫ – НҰР-СҰЛТАН – ҚАРАҒАНДЫ.

Басқа материалдар

Back to top button