АймақҚарағанды

«Ұзтаз болу – жүректің батырлығы»

Білім ордасының табалдырығын енді аттаған балдырғанның болашағы бастауыштағы білімге байлаулы екенін айтудың өзі – артық. Бұл – аксиомаға айналып кеткен. Өйткені, бастауыштағы білім – келешектің іргетасы. Алғашқы күннен-ақ түзу қалануы тиіс. Ал, оны берік қып қалайтын бала жанының бағбаны – ұстаздар. Біз сондай ұстаздың бірегейін білеміз. Ол – №15 орта мектептің бастауыш сынып ұстазы Гүлнар НЫҒАНОВА.

Гүлнар Нығанқызы Ыбырайдың «Бір Аллаға сыйынып, Кел, балалар, оқылық!» дегенін ұстанып, білім ордасында 1-қыркүйектен бері 1-ші сынып оқушыларын білімнің қайнар бұлағына бастады. Болашақтың тұтқасын тәрбиелеудегі жауаптылықты жан-тәнімен сезінетін ұстаз екеніне осы аралықта көзіміз жеткен-ді.

Қазіргідей күрделі кезеңде баланың білімге деген ынта-ықыласын жоғалтып алмау да ұстаздардың онсыз да жауапты міндетін салмақтай түскен. Бүгінде Гүлнар ұстаз бүтін ел мен ата-ана сенімін ақтап келеді. Білімге бет алған балапандардың қанатын қомдатудан шаршағанын көргеміз жоқ.

Әр баланың жүрегіне жол тапқан мұндай ұстаздар сирек. Содан шығар, сірә, балалар мектепке үнемі асығып тұрады. Демалыстарда мектепті сағынады. Сабақта өткен қызықты тақырыптарын үйде әңгімелеп, ұстазының айтқан ұлағатына ұйығанын көрдік. Бұл – Гүлнар ұстаз еңбегінің ерендігін көрсетпей ме?! Әрине, солай!

Адал еңбегіңізбен ел алғысына бөлене бергейсіз, Гүлнар ұстаз!

15 орта мектептің

1 «А» сынып ата-аналары.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button