Зиялылық эталоны

Мұғалімі қарсы кездессе, жолын кесіп өтуге әл-дәрмені жетпей, үй айнала қашатын, сол арқылы мұғалімге деген айрықша сый-құрметін көрсететін ұрпақтың соңғы буынымыз біз. Әлі күнге ұстаз алдында қипақтап, қысылатынымыз – сол ізгі ілтипаттың ұшқыны, сірә. «Алты алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» деген Мағжан ақынның сөзімен суарылып, өсіп-өнген едік біз…

…Мұғалім –  зиялылық эталоны.  Аса  қадірлі ұстазымыз – Елеу Рашидов сол эталоннан еді. Ұстаз туралы  өткен шақпен сөз ету, әрине, оңай емес. Бірақ, Алланың ісіне амал қайсы?! Бақиға аттанардан біраз бұрын телефон шалып, хал-жағдайымды сұрап, бұйымтайын айтқан-ды. Тірліктің тырбаңымен «әне-міне» дегенде, жалғанға «Қош!» деп жүре беріпті ұстаз. Аманатқа қиянат жүрмейді. Мойнымда қарыз болып қалмасын. Бақиға сапар шеккен соң  шыбын жан тәнмен шырқырап қоштасатын қырық  күн толар тұста ұстазымның аманатын орындау –  парыз.

…Ел бұл кісіні «Елеу мұғалім» дейтін. Біз де, есейіп кетсек те, «мұғалім» дейтінбіз. Тыста, ел ішінде жүрген шәкірттері өте көппіз, жүздеген.

Негізі, Мұғалім атану үшін алдыңызды шәкірт көру – аз. Оған білім мен тәлімді тәрбие беру – шарт. Елеу мұғалім құстың қос қанатындай осы екі қағидатты қатаң ұстанды.

Өткен ғасырдың 64-ші жылынан бастап, жиырма бірінші ғасырдың 2003 жылына дейін Шет ауданы, кезіндегі Ақадыр ауданында ұстаздық етуінің өзі біраз жайтты аңғартса керек. Еңбек жолында басшылық қызмет те, ауылдық кеңестің депутаттығы да кездесті. Уақыт өзгеріп жатты. Адамдар да. Қоғам да. Билік пен биік мансап  ұстанымы берік азаматты ешқашан өзгерте алмайды екен. Сол табиғи, адами қалпынан бір ажырағанын замандастары да, әріптестері де, шәкірттері де байқаған емеспіз.

Талайларды көрдік. Көріп те жүрміз. Басшылық қызмет еткенін, өткенін дәреже көріп, сыздана сөйлеп, самарқау қарайтындар жетерлік. Мұғалім одан мүлде ада еді. Елі үшін елгезек. Ақиқат пен шындық үшін жан аянып қалмайтын арда жан-тын. Адамның жақсылығын көре білетін. Адам танитын. Жақсының жақсылығын айтып, нұрын тасытуға  құштар еді. Басқаны қайдам, өзіміздің жылт еткен жақсылығымыз болса, кездескенде соны айтып, марқайтатын-ды…

…Сексеннің сеңгіріне шыққаннан  соң келместің кемесіне мініп, мәңгілікке бет бұрған Елеу мұғалімнің еңбек жолы баршаға үлгі һәм өнеге. Қолымызда өзі жазып қалдырып кеткен естеліктері – соның айғағы.

«1940 жылы шілденің 29 жұлдызында Ақтөбе колхозында  дүниеге келдім. Бастауыш сыныпты сонда бітіріп, 10 жылдықты қазақ орта мектебінде 1959 жылы бітірдім. Жазда колхоз жұмысына араласып, күз айында Армия қатарына шақырылдым. Қарағандылықтармен бірге бір апта жүріп, Белоруссия жерінен бір-ақ шықтық, жер-жерге қалаларға таратылдық. Үш жылғы өмірім Белоруссия аймағында өтті. Осы жылдардың ішінде гвардиялық полк командирінің Құрмет грамотасымен марапатталдым. Гвардия және жауынгерлік саяси даярлықтың үздік төсбелгілері берілді. Қызыл Армияның мерекелік күні қарсаңында «қысқа мерзімді демалысқа Отанына барып қайтуға жіберілсін» деген бұйрық шығарды. Орындалды.

Құлазыған ауыл, самарқау тіршілік. Аудан орталығы Ақшатау, Ақтоғайға көшіп кеткен. Жұмыс жоқ, бір айдай бос жүрдік. Содан біразымыз салынып жатқан мектеп құрылысына қатыстық.  Біразымыз комсомолдық «урамен» көктем егісі науқанында тракторға отырдық.  Сөйтіп жүргенде, Шеттегі білім бөлімшесінің басшысы шақырып алып, «бізде бастауыш мектептің мұғалімдері жетіспей жатыр, мінездемең жақсы, орта білімің бар, кіші командирлік тәжірибең бар. Сен Кеншоқы училищесіндегі бастауыш мектептің мұғалімі болып бар» деп кеңес берді. Келістім. Аға мұғалімнің басшылығымен бастауыштың мұғалімі болдым» деп жазған екен мұғалім естелігінде.  Осыдан бастап ұстаздық жолы бастау алған. Тарих мұғалімі болғандықтан археологиялық қазба жұмыстарға қатысқаны және бар. Бірақ, өкінішке орай, ол туралы әңгімелесіп үлгермеппіз…

…Қазақстан Республикасының «Үздік еңбек сіңірген ұстазы», Білім және ғылым министрлігінің «Аға әдіскері» атақтарының берілуі, Ы.Алтынсарин  медалінің берілуі – қырық жылғы ұстаздықтың өтеуі. Жерлестерінің де жерге қаратқаны жоқ секілді. Кезінде Шет ауданының Құрметті азаматы атанды.  Аудан орталығындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы гимназияда тарих дәрісханасына есімі берілді.

…Жалпы, мұғалімнің отбасы – ұстаздар әулеті. Өйткені, Құдай қосқан қосағы – Ләззат шешеміз де ұстаз. Балаларының арасында  да  мұғалімдікті  жалғастырып отырғаны бар. Жаңылмасақ,  ұстаздар әулетінің жалпы өтілі  жүз жылдан асып қалады.

…Қазақ «Адам ұрпағымен мың жасайды» дейді. Ал, елге еткен еңбек, төккен тер, жинаған абыроймен ше? Мәңгілік, меніңше. Менің де ұстазым солай. Бұған күмән жоқ. Өйткені, ол – зиялылық эталоны-тын.

Р.S. Қым-қуыт тірліктен топырақ сала алмадым. Бір уыс топырағым – осы жазбам болсын, Мұғалім!

Қызғалдақ АЙТЖАН.