Жырау тойы – тамызда

                Біртуар тұлға Бұқар жырау ҚАЛҚАМАНҰЛЫНЫҢ 350 жылдық мерейтойы 18 тамызға белгіленді. Бүгінде жырау есімін иеленген ауданда әзірлік жұмыстары басталды.

Бұқар жырау ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, өңір басшысы Шагурашид Мамалиновтың төрағалығымен өткен үш отырыста мерейтойды ұйымдастыру шаралары пысықталды.

Жиында «Бұқар жырау Қалқаманұлы» қоғамдық қорының және аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Төкен Арбабаев, аудандық бөлімдер жетекшілері даярлық шаралар барысынан есеп берді.

Мерейтойлық логотип анықталды. Қатысушылар назарына үш нұсқа ұсынылды. Комиссия мүшелері өнертанушы, Ботақара кентіндегі балалар өнер мектебінің ұстазы Амантай Әкішевтің идеясын қош көрді. Логотипте жыраудың портреті, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы­ның эмблемасы, Тәуке ханның «Жеті жарғысын» айшықтайтын жеті белгі орын тапқан. Алдағы уақытта нұсқа дизайндік өңдеуден өтіп, баспа беттерінде жарияланады. Бұдан бөлек, мерейтой шеңберінде жырау туралы жиырма минуттық фильм мен бейнероликтер түсіру жоспарда бар.

Мерейтой атап өтілетін күн ре­тінде 18 тамыз таңдалды. Мереке­лік шара 17 тамыз күні Бұқар жы­рау мавзолейінен басталады. Сон­дай-ақ, комиссия бәйге алаңы, киіз үйлер мен сахна орналасатын орынды белгіледі. Келешекте кентті абаттандыруға көңіл бөлінеді.

Тойды өткізуге қыруар қаржы қажет екені анық. Осы орайда, қор басшылығы қалталы азаматтарға, әлеуетті ұйымдарға үндеу жолдаған еді.

Отырыста аудан әкімі Шагурашид Қалиұлы мерейтойды ойдағыдай ұйымдастырудың маңызына тоқталды.

– Бұқар жыраудың мерейтойы –  біздің аудан үшін ғана емес, облыс үшін, республика үшін өте маңызды шара. Сондықтан, әр мәселеге мұқият қарап, кеңінен кеңесіп, халық пікірін ескере отырып жүргізген жөн, – деді аудан басшысы.

Нұрқанат ҚАНАФИН.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.