Жылыту маусымына әзірлік пысықталды
Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек Теміртау қаласына жұмыс сапары барысында шаһардың алдағы жылыту маусымына дайындығын тексерді. Сондай-ақ, аймақ басшысы жаңа әлеуметтік нысандардың құрылысына қатысты мәселелерге де назар аударды.
Бүгінгі таңда Теміртауда 1163 көпқабатты үйдің 947-cі жылу беру маусымына толық дайындық актісін алды. Алдағы күндері тағы 20 үй құжат алады.
Қысқа дайындық жұмыстары кесте бойынша жүріп жатқандығына көз жеткізу үшін Жеңіс Қасымбек Қарағанды ГРЭС-1-ге барды. Биыл кәсіпорын 600 млн. теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізді. Бұл қаржыға үш қазандық, екі турбоагрегат, бу құбыры мен құбырлар, крандар мен қосалқы конструкциялар ретке келтірілді. Аймақ басшысы жөндеу жұмыстарына жұмсалған соманың жеткіліксіз екендігін айтты. Яғни, электр станциясының басшыларына инвестициялық саясатты қайта қарауға кеңес берді. Сондай-ақ, жаңа жабдықтарды сатып алуға және қолда бар жабдықтарды жөндеуге көмек көрсету нұсқаларын ойластыруға уәде берді.
Теміртау ЖЭО-2-де облыс әкіміне жылу беру маусымына дайындық туралы баяндалды. Мұнда № 5 және 6 қазандықтарда күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, №4 қазандықтың бітеу арматурасы мен қызу беті ауыстырылды, №3 турбина ретке келтірілді. Кейбір нысандарда жөндеу жұмыстары әлі жалғасуда. Биыл кәсіпорында жаңа, жетінші қазандықты монтаждау шаралары басталады. Ол үшін іргетас дайын. Бұл Теміртаудағы жылу тапшылығының көп жылғы проблемасын шешуге мүмкіндік береді.
Аймақ басшысы қаланың жылу маусымына дайындығын жеке бақылауында ұстайтынын ескертті.
Сонымен қатар, Жеңіс Қасымбек қала кәсіпорындарының басшыларымен кеңес өткізді. Кеңесте жаңғырту, тарифтер, қызметкерлердің жалақысын көтеру және басқа да мәселелер талқыланды. «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының бас директоры Парамжит Калон металлургиялық комбинатты газға көшіруді ұсынды. Оның айтуынша, осылайша өндіріс арзан әрі экологиялық болады. Ол үшін ел Үкіметі, «АрселорМиттал Теміртау» және Еуропалық Қайта Құру және даму банкі келісім-шарт жасасуы қажет. Кәсіпорынның толық жұмыс істеуі үшін күніне миллион текше метрге дейін газ қажет болады.
- Бұл – өте қызықты ұсыныс. Сіз сұраған көлем өте үлкен. Бізге нақты есептер қажет. Бұл қауіпсіздік пен экологияны және жаңғыртуды қозғайтын маңызды мәселелердің бірі, – деді Жеңіс Қасымбек.
Аймақ басшысы кәсіпорын басшыларына қызметкерлердің жалақысын көтерудің маңыздылығы мен медициналық сақтандыру қорына міндетті аударымдардың қажеттілігі туралы еске салды.
Жұмыс сапары барысында Жеңіс Қасымбек болашақ дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен жаңа емханада болды. Бұл нысандар Елбасының тапсырмасы бойынша «АрселорМиттал Теміртау» АҚ қаржысы есебінен салынуда.
Облыс әкімі емхананы осы жылдың қараша айында тапсыруға уәде берді. Мұнда 20 мың адамға қызмет көрсетілетін болады. Мердігерлер жаңа нысанның қабырғаларын көтеріп, терезелер мен есіктерді орнатуда. Жақын арада олар ғимараттың сыртын қаптауға және ішкі әрлеу жұмыстарына кіріседі, коммуникациялар мен аумақты абаттандыру басталады.
320 орындық көрермендер залы бар дене шынықтыру-сауықтыру кешені келесі жылы ашылады. Қазір ғимараттың іргетасы қаланып, металл конструкциялары құрастырылуда.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.