Бас тақырып

Жылыту маусымына дайынбыз ба?

Жаздың соңғы айы да аяқталуға жақын. Қыстың хабарын жеткізер күз де келді. Осы мезгіл ауылдағы ағайынды «жем-шөп дайындауың қалай?», ал, қалалықтарды «жылытуын ойдағыдай ма?» деп қыспаққа алады? Олай болса, аяз бен боран сынайтын шаққа дайынбыз ба? Өңірде қысқа дайындық бұрынғы жылдарға қарағанда қауырт па дерсің? Оған негіз де жоқ емес. Қарағандыда сапалы жылумен қамту тапшылығы мәселесі шешілуде. Алдағы уақытта оң өзгерістерді Оңтүстік-Шығыс тұрғындары, сондай-ақ, жаңа үйлердің тұрғындары сезінетін болады.

Облыс орталығында «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында ЖЭО-3-тен М-3 жылу шығару құбырын салу бойынша жоба жүзеге асуда.

Ауқымды жоба биыл басталды.

Қазірдің өзінде 3,5 шақырым құбыр салынды. 75 адам мен 22 арнайы техника жұмыс көрігін қыздыруда. Жер асты магистралдық жылу желілерінің жалпы ұзындығы – 20 шақырым. Сондай-ақ, төрт сорғы станциясы салынады. Жылу құбыры қаланың тұрғын үй алаптарын айналып өтіп, Оңтүстік-Шығыс тұрғындарының үйлеріне жылу жеткізеді. Құрылыс-монтаж жұмыстарын 2023 жылға дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Құрылыс облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің бастамасымен іске қосылды. Өңір басшысы бұл жоба туралы: «Қарағандының оңтүстік-батыс, солтүстік-шығыс және оңтүстік-шығыс жоспарлы аудандарын одан әрі дамыту ЖЭО-3 жаңа жылу құбырынсыз мүмкін емес.

Қарағанды облысының энергия өндіруші ұйымдарына отынға жұсалған шығындарды өтеу үшін субсидиялар бөлінеді. Бұл тұтынушылар үшін тарифті қолайлы деңгейде ұстауға мүмкіндік береді» деген болатын Ал, жалпы облыстағы жылу беру маусымына дайындық ауыз толтырып айтарлықтай. Мысалы, Балқаштағы Қоңырат шағын ауданында орталық жылумен жабдықтау құбырлары тартылды. Ұзақ жылдар бойы тұрғын үйлер қазандықтың көмегімен жылытылып келді. Тұрғындар пәтерлеріндегі температураның төмен екенін айтып шағымданған. Енді жағдай өзгереді. Жаңа жылу магистралі 2020 жылы «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында салына бастады. Балқаш ЖЭО-нан Қоңыратқа дейін 17 шақырым жылу құбыры тартылды.

Жақын арада желі қысыммен тексеріліп, қыркүйек айына дейін нысан пайдалануға беріледі. Жобаны іске асыру кезінде жобаны басқару әдістері мен құралдары ескерілді.

Орталық жылуға тұрғын үйлер, әлеуметтік сала және бизнес нысандары қосылатын болады. Сонымен қатар, Қоңыратта ұзындығы 8,3 шақырым болатын орамішілік жылу желілері салынуда.

Балқашта жылу желілерін қайта құру басталды. Өйткені құбырлар 1960-жылдың басында пайдалануға берілген. Содан бері жаңармаған. Өткен жылыту маусымында құбырлардың тозуына байланысты ұзын саны үш жүзге жуық апат болыпты. Қала халқының төрттен біріне жуығы жылуды толыққанды алмады және ыстық су тапшылығын сезінген екен. Мердігер компания Желтоқсан көшесі бойындағы Әлімжанов пен Әбуғалиев арасындағы учаскедегі М2 магистральдық құбырының бір бөлігін ауыстыруға кірісті. Құбырды диаметрі 630 миллиметрден 720 миллиметрге дейін ұлғайта отырып ауыстыру көзделеді.

– Қайта құруды бастау үшін учаске кездейсоқ таңдалған жоқ. Дәл осы жерде келесі жылы қала жағалауын абаттандыру бойынша қала үшін маңызды жобаны іске асыруды бастау жоспарлануда, – дейді Балқаш қаласының әкімі Ораз Тәуірбеков.

Осы уақытқа дейін мәселе тудырып келген Шахан кентінде де орталық қазандық пен жылу желілерінің құрылысы кесте бойынша жүргізілуде. Пайдалануға беру жаңа жылыту маусымына қарай жүргізілетін болады. Қазіргі таңда мұнда қазандық ішінде жабдықтар толық орнатылған. «Механомонтаж-2004» ЖШС мердігерлік ұйымы барлық темірбетон жұмыстарын, құрылымдарды монтаждады. Инженерлік коммуникациялар жүргізілді. Қазандықтарды гидравликалық сынау жүргізілді.

P.S. Биылғы жылдың басында жылу болмай суықтан тоңып-дірдектеген Қарағанды тұрғындарының шағымына қала басшысы Ермағанбет Бөлекбаев «Ауа температурасы – 20 градустан төмендегенде қазандықтың жылытуға күші жетпейді» деп, «Қарағанды энерго орталығы» ЖШС-ның бас директоры Сабырғали Ыдыры[1]сов: «Бұған қаладағы жаңа үйлердің көптеп салынуы себеп», – деп ақталған болатын.

Енді алдағы қыста қалай болар екен? Мүмкін үйіміз жылы болар. Соған сендік. Өйткені, облыс әкімі Жеңіс Қасымбек жаңа маусымға дайындықты өз бақылауында ұстап отыр…

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button