Бас тақырыпМәселе

Жылы аялдаманың «жыры» көбейіп тұр

Жылы аялдамаларға қадағалау жоқтығынан әйнектерінің шағылып, есіктерінің қирағаны туралы өткенде ғана жазып, алаңдаушылық білдірген едік. Не керек, қаладағы 14 аялдаманы аялап ұстау қиындап барады. Демалыс күні Кеншілер мәдениет сарайының алдындағы аялдаманың жылытқыш пешін ұрлап кетіпті.

Ұрылар ізін әбден жасырса керек, неше күн өтсе де күдіктілерді қолға түсіре алмай әлек полицейлер. Тіпті, терезесін шаққан бұзақылар да ұсталмапты. Біздің құқық қорғау органы қызметкерлері құлық танытпай отыр ма, әлде? Бұлай жалғаса берсе, аялдаманың өзінен айырылып, жер сипап қалуымыз да мүмкін ғой. Бейнебақылау камераларын орнатуды бұл оқиғалар қаперімізге салып-ақ тұрса да, әлі салғырттық танытып отырмыз…

Жылытқышы ұрланған аялдаманың әйнегі әжептәуір қырауланып қалыпты. Дегенмен, «МегаСтройСпектр» ЖШС мердігерлік міндеттемелері негізінде жап-жаңа жылытқыш пешін орнатып қойды.

Қарағанды қаласының коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Темірлан Талдыбаев қазіргі таңда қаладағы аялдамаларға жауаптыларды бекіту үшін конкурс өтіп жатқанын жеткізді. Онымен қоса, тиісті қаражат бөлінсе, биыл тағы он аялдама орнататынын алға тартты. Алдағы уақытта бейнебақылау камералары ішіне де, сыртына да қойылатынын да атап өтті.

Қала тұрғындарының тағы бір реніш білдіретіні – жылы аялдамаға үйсіз-күйсіз жүргендердің түнеп шығатыны. Қаңғыбастардың қара қосына айналған аялдаманың тазалығына да көңілі толмайтындар көп. Біздің де көзбен көріп жүргеніміз – сол көрініс…

Иә, жеделдетіп жауаптыларды бекітпесе, жылы аялдамалардың «жыры» көбейіп тұрғаны тұрған…

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Суреттерді түсірген Еркебұлан ХАДЫЛБЕК

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button