Руханият

Жылуына оранып Қасым жырдың…

Ақерке АСАН (Ақжауын) – Қарағанды қаласының тумасы, жас ақын. Мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген «Ақзер», «Айша Бибі» жыр жинақтарының авторы. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті филология факультетінің аға оқытушысы.

АЙША БИБІ

немесе Ар туралы аңыз

“…күз, бұлттар, дөңгеленген дүние…”

*Айша бибі кесенесіндегі жазу…

Тіл бітірген Қорқыттың қобызына,

Әулие Ата…

тәу еттім Абызыма!

Құлақ түріп өсіп ем бала жастан,

Айша бибі – Қарахан аңызына.

 

Айша бибі…

Мұңымды тұрам шағып,

Топырағыңды түйіп ем тұмарша ғып.

Көз көрім жер қалғанда сүйіктіңе,

Өлді дейді өзіңді жылан шағып.

 

Жылан тағдыр… қалайша аямады,

Көне Тараз – махаббат саябағы.

Мұнарасы Арудың мұңға оранып,

Айша қыздың сыңсиды баяғы әні…

 

Махаббат пен ғадауат…

нені күтті?!

Ару арман сан рет жеңіліпті.

Қараулықтың жыланы шаққан дейді:

Ләйлі, Жібек, Баян мен Еңлікті.

 

Бағзы ғайып…

бұл күннің сұсы бөлек,

Арулардың қол соқтық ісін елеп.

Сайыстарда алтын тәж киген қызға,

Айша Арудың кіршіксіз рухы керек.

 

Ақ көйлегін қалдырған жайып қырға,

Пәк күйінде айналған ғайып нұрға…

Айша қыздың арлы ісін ұмыт қылған,

Алаш Ару дертіңнен айықтың ба?!…

 

Алаш Ару намыстың биігісің!

Ар – шешетін махаббат түйінісің.

Тексіздерді төріне шығармайтын,

Ибалысың, иманның иірімісің.

 

Соны ойласам, менің де санам асқақ,

Әлі талай дүрмектен… ғалам аспақ.

Ар-ожданын арудың бұл күндері,

«Жылан жалап» кеткендей жалаңаштап.

 

Иманменен қиылар неке нағыз,

Сонда ғана ұрпақтан өседі Абыз…

Айша Аруды аңдаусыз шаққан жылан,

«Сұлу қызға» айналған деседі аңыз…

 

Өксік өмір, өзекке ылаңды сап,

Күрсінісін көңілдің тұрам тұсап…

Түнгі клуб. Жартылай жалаңаш қыз,

Елестейді көзіме жылан құсап…

Тараз, 2017 ж.

 

Елегізу немесе  Эрмитаждағы ой

(Қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлының рухына)

Петерборда… ескі сүрлеу, ескі күн,

Ауыр бұлттар еңсе басқан кеш бүгін.

Эрмитажға күңгірт сәуле ұялап,

Көне ғасыр…күй күмбірін естідім.

 

Бір керемет нұр құйылып ғарыштан,

Заманалар елес берді бағы ұшқан…

Жүрегімді осқылады намыс, кек,

Көк бөрінің үні келіп алыстан.

 

Құдіреті ұмытылмас бұл кештің,

Өзге әлем…тылсымы көп сыр кештім.

Күмбірлеген Хан Кененің рухымен,

Намаздыгер шамасында тілдестім…

 

(Боз даласын қалғандай ма сағынып),

«Ұрпағым-ай, – деді бабам қамығып.

Сүйек деген топыраққа айналар,

Өлмейтұғын рухтың қалқам барын ұқ»

 

Кезі еді ғой намаздыгер, екінді,

Құбылаға бұрдым Тәңiр бетімді…

Азаттықтың алтын тәжі – кей кезде,

Хан Кененің ғазиз басы секілді!

 

Жанарыма мөлт-мөлт етіп жас келді,

(Мұңды серік қылып мен де өскем-ді…)

Хан Кенедей асыл баба аңсаған,

Алашыма сол азаттық кеш келді.

 

Тоғышарлар – тарих жасап тұрқымен,

Тексіз ұрпақ – ойнап жатыр ұлтымен…

Тәуелсіздік! Төбемізден түскен жоқ,

Ол оралды – Хан Кененің рухымен!

 

Қасқыр заман, қыспағында беренім,

Қазақ үшін құрбан болған ер едің.

Боз даланың боздақ мұңын арқалап,

Өзіңді іздеп келді міне өренің…

 

Эрмитажда…жанды баурап тұма мұң,

Көз жасыммен тарих шаңын жуамын,

Хан Кененің рухы, сірә, қолдады –

жүрегімде жүріп өтті бір ағын…

Санкт-Петербург, 2015 ж.

 

***

Өзекті өртемей өр мінез,

Жүрекке жығатын келді кез!

Махаббат осындай тым қатал,

Махаббат осындай қатігез.

 

Ар дей ме арманы адамның,

Қалайша адамзат алдандың?!

Махаббат ардан да биіктеу,

Махаббат жасы екен жанардың.

 

Дертімді өтінем, үдетпе!

Жетелеп түбі жоқ түнекке.

Махаббат анты екен Тәңірдің,

Дұға боп жазылған жүрекке.

 

Күрсініс күндердей күдікті,

Дүрсілдер жігерді үгітті.

Махаббат – уақыттың мазары,

Махаббат – меккесі үміттің!

 

Қарашаның соңғы күні…

Қарашаның соңғы күні,

Қара суық күй ойнап,

Көңілімнің солар гүлі,

Өткен күнді жиі ойлап…

 

Күбірлеген дұғасы көп,

Жер айналып Күн, Айды.

Ақ үмітім ақ ұлпа боп,

Қара жерге құлайды …

 

Сүрінген мен жеңілгендер,

Жеңгендерге жем болып,

Бұл дүниеде төгілген тер,

О дүниеде ем болып.

 

Жұбатамын өмір ғой деп,

Кей сәтімнің осалын.

Қарашаның соңғы түні еді,

Соңғы мұң деп болжадым…

 

Қыс ұзатып, көктем шулап,

Жаздан үміт күтеміз.

Бірақ түбі күздей қурап,

Қараша боп кетеміз…

 

Жертөледе туған жыр

Абай жүрек арқалап ғасыр жүгін,

Қанша абыздың бейнесін жасырды күн…

«Жаңғыртып жер сарайын келгенімде»

Жылуына тап болдым Қасым жырдың.

 

Жылуына оранып Қасым жырдың,

Шуағына бөлендім асыл нұрдың.

Ақ зер күннің айналған арманына,

Жауқазыны мен едім жасыл қырдың.

 

Шамшырақтар сөнеді ерте неге?!

Қасым ғұмыр…дариға-ай келте деме!

Адамзаттың ақыны тіл қатыпты,

Жердің иісі аңқыған жертөледе.

 

Қасым от қой, найзағай жарқылдаған,

Жыр дария бастауы сарқылмаған.

Том-том кітап жазады тоғышарлар

Алтын үйде, қолында алтын қалам.

 

Жертөледе туған жыр, тұма бұлақ,

Осқылайды жанымды мына сұрақ.

Құлагерді құлатқан жалғыз қaзық,

Таланттарға тап болды-ау күнә-сынақ.

 

Тіршіліктің қарсы алып бұла таңын,

Арай күннің шапағын ұнатамын.

Жер төледе туған жыр…Күрсінемін,

Содан кейін өзімді жұбатамын.

 

Талқы тірлік, тағдырдың саяқ дәмі,

Басқа шығып би болған аяқтағы…

Тас үңгірде ең алғаш түскен дейді,

Құранның да алғашқы аяттары.

 

Дәмеленбей өмірден сый күтемін,

Сезбеймін деп пенденің күйкі демін.

Жер астында жазыпты Қожа Ахмет,

Ең керемет кемеңгер хикметін.

 

Қасым жыры жазылса жертөледе,

Ақын өлді демеңіз ерте неге…

Алтын сарай тудырмас ақылды өлең,

Ессіз ақын бекерге еркелеме!

 

Талантына бас исін ғалам көріп,

Серпілейін тұрғанда санамда ерік.

Қасым ақын жыр жазған жертөледе,

Періштелер қолына қалам беріп!

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button