Жаңалықтар

Жылу жүйелі берілуде

            Өткен жұма күні Қарағанды қаласы әкімдігінде қала әкімінің орынбасары Сәбит ОСПАНОВТЫҢ төрағалығымен дөңгелек үстел өтті. Күн тәртібіне қойылған мәселе – облыс орталығындағы коммуналдық қызмет көрсету ұйымдарының қыс маусымы кезінде атқарып жатқан қызметін саралау.

Шараға қатысушылар қатарында Қазыбек би ауданының әкімі Татьяна Шатохина, Октябрь ауданы әкімінің міндетін атқарушы Сәтбек Әбдіхалықов, Қарағанды қаласындағы коммуналдық қызмет көрсету ұйымдарының басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері болды.

Дөңгелек үстел кезінде жылу беру маусымының өту барысы тілге тиек етілді. Мәселен, Қазыбек би ауданында 1521 көпқабатты тұрғын үй орналасқан. Оның 1452-сі орталық жылу беру жүйесі арқылы жылумен қамтамасыз етіледі. Соның ішінде, 789 тұрғын үй №3 жылу-электр орталығы, 663 тұрғын үй №1 жылу-электр орталығы жүйесіне қосылған. Бұдан бөлек, 8 үй 4 автономды жүйе арқылы жылу көзімен қамтамасыз етілсе, 61 үй пеш және электр жылу жүйесі арқылы жылынады. Қазіргі күні аталған ауданда жылу беру маусымының ойдағыдай өтуі қамтамасыз етілген әлеуметтік, мәдени және тұрмыстық маңызы бар 150 нысан тіркелген. Аудан аумағында орналасқан №37, №44 және №64 сынды 3 мектеп автономды жылу беру жүйесі негізінде жылумен қамтылған. Бұл туралы Қазыбек би ауданының әкімі баяндады.

– Әкім аппараты жылу беру маусымын ойдағыдай өткеру бойынша ауқымды жұмыстарды жүйелі түрде атқаруда. Яғни, диспетчерлік қызметтің тәулік бойғы жұмыс жүйесі реттелді. Сондай-ақ, келіп түскен барлық өтініштердің электронды журналы жүргізіледі. Мұнымен қоса, біз әлеуметтік желілердегі өтініштерді де бейжай қалдырмаймыз. Мәселе туындаған мекен-жайға барып, көмек көрсетеміз. «Теплотранзит Караганда» ЖШС, «Қарағанды Су» ЖШС және «Қарағанды Жарық» ЖШС сынды коммуналдық қызмет көрсетушілердің қатысуымен жылжымалы топ құрылды. Өткен жылы жылу беру маусымы кезінде диспетчерлік қызметке 437 шағым келіп түссе, биыл бұл көрсеткіш 373 шағымды құрады. Яғни, 64 шағымға азайған. Жалпы, жылу беру маусымын ойдағыдай өткізіп келеміз деуге болады. Қандай да бір күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жылу беру тоқтатылған емес. Тек, 22 қаңтар күні ғана «Қарағанды Жарық» ЖШС желісі бойынша «Оңтүстік-Шығыс» секторында электр көзі сөндірілгенімен, оның өзі 51 минуттың ішінде қайта қалпына келтірілді. Өз кезегінде «Теплотранзит Караганда» ЖШС тоқтатылған сорғы жұмысының  қызметін қайта іске қосу бойынша шаралар қолданып, тұрақты жылу беруге кедергі келмеуін қадағалады. Бұл жұмыс та айналдырған 1 сағаттың көлемінде толықтай атқарылды, – деді Татьяна Шатохина.

Қазыбек би ауданы әкімінің айтуынша, жылу беру маусымы кезінде шағым түсірген тұрғындардың басым бөлігі – басқарушы органы жоқ көпқабатты үйлердің пәтер иелері. Басқарушы орган деп отырғанымыз – көпқабатты үйлерге қызмет көрсететін  пәтер иелерінің кооперативі, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер және жеке кәсіпкерлер. Мұнымен қоса, жиырма пәтерге дейінгі көпқабатты үйлердің тікелей бірлескен басқаруы тағы бар. Бұл кезде жылу жетіспеушілігі коммуналдық қызмет көрсету ұйымдарының емес, келіп тұрған жылуды дұрыс үлестіре алмаған көпқабатты үй тұрғындарының кінәратынан болған. Мәселен, басқарушы органы жоқ мұндай тұрғын үйлердегі құбыр жүйесі де сан қилы. Сондай-ақ, тұрғындардың жылу беру маусымына деген әзірлігі де маңызды. Есік, терезе жақтауларын жылылау да пәтердегі ауа температурасына әсер етпек.

Бұдан кейін Сәтбек Әбдіхалықов та жылу беру маусымына қатысты Октябрь ауданында жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталып, баяндама жасады. Өз кезегінде, облыс орталығындағы коммуналдық қызмет көрсету ұйымдарының басшылары да сала бойынша мәлімет беріп, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сауалдарына жауап берді.

Рауан ҚАБИДОЛДИН.

Сурет интернеттен алынды.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button