Жыл қорытындысы шығарылды

Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының алқа мәжілісінде өткен жылдың қорытындысы қаралды. Оған Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Абзал НҮКЕНОВ, өңірдегі спорт мектептерінің басшылары, селекторлық режимде қалалар мен аудандар әкімдерінің орынбасарлары қатысты. 2019 жылы атқарылған жұмыстар туралы басқарма басшысының міндетін атқарушы Темірхан АБЫЛАЕВ есеп берді.

Алқа мәжілісінде жүзеге асырылуы қажет жоспарлар мен міндеттер белгіленді. Соның бірі – облыс спортшыларының Токио Олимпиадасына лицензия ұтып алуы. Облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінің басшысы Данияр Мыңбаев өңір спортшылары спорттың синхронды жүзу және қыздар күресі түрлері бойынша екі лицензия жеңіп алғанын атап өтті. Қалған 15 үміткердің алдағы уақытта төртжылдықтың басты ойынына қатысу үшін күресуі қажеттігіне және олардың осындай құқыққа ие болуы үшін мүмкіндігі мол екендігіне назар аударды.

Сол сияқты облыстың мамандандырылған мүгедектер спорты мектебі директорының орынбасары Жанат Жұмабеков хабарлама жасап, 2020 жылғы ХVІ жазғы Паралимпиада ойындарына дайындық жайы туралы айтты, облыс спортшылары қазірдің өзінде бес лицензия ұтып алғанын мәлімдеді.

Денешынықтыру мен спортты қаржыландыру жүйесіндегі қазіргі қолданыстағы жүйені жетілдіру, оның мөлдірлігі мен әділеттілігі хақында басқарманың ДШжСБ жоғары жетістіктер спорты және спорт резерві бөлімінің басшысы Наталья Темірбаева хабарлама жасады.

– Берілген есеп пен баяндамаларға қарағанда нәтижелер бар, бірақ әсіре көрсеткіштер мен ұлғайтылған жоспарлар емес, нақты көрсеткіш қажет, – деді Абзал Нүкенов.

Бұдан соң облыс әкімінің орынбасары бірқатар тапсырмалар беріп, балалардың таланты мен талабы қаншалықты анықталып жатқандығын білу үшін спорт мектептерінің көрсеткіштерін, әртүрлі деңгейдегі жарыстардың нәтижелерін жіті бақылауға алу қажеттігіне назар аударды.

– Спорт әр адамға қолжетімді болуы қажет. Моноқалалар мен аудандардың кенттерінде, мысалға алғанда, спортпен айналысу үшін Street workout сияқты алаңқайлар болуы тиіс. Бұған бизнесті, инвесторларды тарту керек. Спортпен айналысуды ұйымдастыру үшін кез келген мүмкіндік, лайықты бөлмелер пайдаланылуы тиіс. Жаттығу толыққанды болуы спорт нұсқаушыларымен көбірек қамтылуға байланысты, – атап өтті Абзал Нүкенов.

  Сүйіндік Жанысбай.