Жаңалықтар

Жыл басы кім болады? (Қазақ халық ертегілерінен)

       Қазақтың есептерінде жылдан үлкен мүшел деген бар. Мүшел – он екі жыл болады. Сол жылдардың аттары әр жануардың аттарына ұқсайды. Мысалы: әуелі жыл мүшелде тышқан, екінші – сиыр, онан соң барыс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, мешін, тауық, ит һәм доңыз. Бұрынғыдан қалған сөздер бойынша сол жануарлар жыл басы болуға дауласыпты.

Сонда жылқы айтыпты: «Мен адамның алысын жақын етемін, менің күшім болcа көреді, сүтім болса ішеді, қылыма дейін арқан, жіп еседі, адамға менен пайдалы мал жоқ, жыл ағасы мен боламын», – дейді. Түйе айтады: «Сен адамның жұмысын қыласың, арпа, сұлы, шөп асайсың, тамағың үшін құл болдың. Міне, мен, сен көтере алмайтын ауырды көтеріп, неше айлық алыс жолдарға барамын. Аш болдым деп арпа, сұлы сұрамаймын, көде болса көде, жусан болса жусан, не кез келсе соны қорек етіп, табылса су ішіп, табылмаса шөлде де жолға жүре беремін. Жыл басы болу маған лайық», – дейді.
Сиыр болса: «Адам егін ексе менімен егеді, сүтімді ішеді, құрт-май істейді», – дейді.
Қой айтады: «Мен болмасам қазақ үйін немен жабар еді?
Жүнімді алып, киіз істейді, жабағымменен киім тігеді, арқан-жіп істейді, сүтімнен құрт-май алады», – дейді.
Ал, ит: «Мен болмасам сендердің көбіңді не ұрлап, не қасқыр жеп тауысар еді. Сендердің баршаларыңның бақташыңмын, дұшпан көрінсе үріп, абалап иеме хабар беремін», – депті. Сонда тауық: «Мен болмасам кісі ерте тұрып, жұмысына бармай ұйықтап қалар еді. Мен таңертең тұрып шақырып, «таң атты» деп хабар айтамын, көп отырса «жұмысыңнан қаларсың, жатар уақыт болды» деп, түн ортасында шақырамын, кеш болса тағы мезгіл болды деп шақырамын», – дейді.
Тышқан не айтарын білмей тұрады да, бір түрлі қулық ойлап, жиналған көпке айтады: «Бұл таласқаннан еш нәрсе өнбес, күнді қарап тұралық та, кім бұрын көрсе, сол жыл басы болсын», – дейді.
Өзгелері қарап тұрғанда, түйе өзінің биіктігіне сеніп «менен бұрын кім көреді»,– деп тышқанның сөзін қостап, бәрі де қарасып тұрады. Біраздан соң тышқан жорғалап түйенің үстіне шығып, өркешінің басына мініп отырды. Мұнан соң күнді бәрінен бұрын тышқан көріп, хабар беріп, жыл басы болады.
«Түйе бойына сеніп жылдан құр қалды», – деген сөз осыдан қалса керек.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button