Жомарт жердің бабын тапқан
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар екендігіне де тоқталды. «Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы. Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек» деді. Осы бағытта біздің облыста жұмыс істеп жатқан компаниялар да бар. Соның бірі – «Астра-Агро ЛТД» ЖШС.
Компания Көксу кеңшарынан бөлініп 1997 жылы ашылды. Ол уақытта атауы «Астра» болатын. 26 жыл бұрын Голландиядан келген компания иелік етті. Негізгі бағыты – картоп тұқымының шаруашылығы. Яғни, Қазақстанға картоп өнімінің голландық жаңа сұрпын кіргізіп, тұқымын Қазақстанға сату үшін құрылды. Еліміздің түпкір-түпкірін осы картоппен қамтамасыз етті. Көксу ауылының орталығында орын тепті. 2000 жылдың бас кезінде компанияға немістер келді. 2015 жылдан бастап, бұл шаруашылықтың басшысы – Аманкелді Мұқашев.
– Негізгі бағытымыз – картоп, оның ішінде бұрыннан келе жатқан тұқымды әрі қарай шетелден алып, Қазақстан бойынша тарату, одан бөлек шетелге кіріптар болмас үшін өзіміз 2015 жылы ашқан ғылыми зертханада құтыда өндіріп, дамытып жатырмыз.
Қазақстанда өсіріп, көбейтуге рұқсаты бар шетелден әкелген сұрыптардың тұқымдарын шығарамыз.
Тек голландтық тұқым бар деген қате ұғым, дүние жүзінде неміс, Шотландия, Франция, Польша басқа да мемлекеттен келетін картоп тұқымының түрі көп. Бізде тек білетініміз голландтық қана. Еуропа жерінің құнарлығы мен ауа райының ыңғайына байланысты картопты көп егеді. Әр елдің өз картобының сорты бар, – дейді Аманкелді Мұқашев.
Дегенмен, делдалдар да бұл салада өріп жүр. Алап басынан 30-40 теңгеден алған олар дүкен, базарға жеткенше бағаны жүз құбылтатыны тағы бар.
Бұл тығырықтан шығудың жолдары жасалып жатқанымен, түбегейлі шешім жасар күн тумағаны тағы анық.
Мемлекеттік қолдау да бар. Мысалы, «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының арнайы дүкендерінде сатылымға қойылған картоп осы алаптардан тікелей делдалсыз жеткізіледі.
Айта кетерлігі, 2017 жылдан бастап, «Астра-Агро LTD» ЖШС – еліміздегі картоп тұқымының оригинаторы мәртебесіне ие жалғыз компания.
– Абай, Павлодар, Алматы, Жамбыл облысының диқандары жыл сайын бізден картоп тұқымдарын алып тұрады. Өзбекстаннан да келіп алатындар бар. Оңтүстік Қазақстан облысынан да тапсырыс берушілер көп, – дейді компания басшысы.
«Астра-Агро LTD» ЖШС-ның құрамында мал шаруашылығы да бар. Фермада 200-250-ге дейін сауын сиыр ұстайды.
Қазір 150 бас сауында байлаулы тұр. Қалғаны қаңтар айында бұзаулауы керек.
– 500 сиырға ферма салып қойдық. Соны қосқанда байлаулы тәсілді алып тастап, жаңа технологиямен малдарды бос жіберуді енгізбекпіз. Яғни, сиырлар байланбайды, жем-шөбін жеп, арнайы орнына өзі кіріп автоматты түрде сауылып, емін-еркін жүреді. Мал жайылымға шықпайды. Жыл, он екі ай қолда, жем-шөпті де өзіміз дайындаймыз, – дейді Аманкелді Мұқашев.
Оған да себеп бар. Өрісте жүрген ауыл малдарынан кесел жұқтырып алуы мүмкін.
Шаруашылық арнайы барып, 2015 жылы Чехиядан 300 симменталь ірі қарасын, кейін Латвиядан да асыл тұқымды мал сатып алды. Алдағы уақытта Еуропадан мал әкелуді жоспарлап отыр.
Көксу ауылы Топар су қоймасына жақын жерде орын тепкені де жақтасып, жадырасып тұрғандай. Мұндағы 2500 гектардай суармалы жер осы көлден шөл басады. Оның 1 гектардай жері «Астра-Агро LTD» ЖШС-не тиесілі.
Дәнді-дақыл да осы суармалы жерде өсіріледі. Жоңышқаның бірінші шабылымы жем-шөп қорына жіберіледі. Одан бөлек, жүгері егіп, сүрлем жасалады. Қолдағы сауын сиырға осы құнарлы да дәруменге бай дақыл беріледі.
Табиғат биыл диқандарды сынаққа алған жыл болды. Жаз күні күйдірген ыстық болса, күз жаңбырлы болып есті алды. Астралықтар да жауын тоқтаған уақытты пайдаланып, салынған картопты дайын тұрған техника, жұмысшылар күшімен жинап алды. Дегенмен, толассыз жауын 30 пайыздай өнімді жинауға мұрсат бермеді. Жерде қазылмай, жинаусыз қалды.
– Ауа райы қолайсыздық танытқанымен, картопты жинап үлгердік, далада қалғаны да бар. Табиғаттың бұл тосын мінезіне байыппен қарауымыз керек. Келесі жылы жанға жайлы болатын шығар? – дейді шаруашылық жетекшісі.
Абай ауданына қарасты Көксу ауылындағы «Астра-Агро LTD» компаниясында бүгінде 100 шақты адам жұмыс істейді. Науқан уақытында қосымша тағы 150 шамасында жұмысшы тартылады.
«Теміржол бойында болсақ қой, жұмыс болар еді» деп, жерден нәсіп таппай отырған ауылдарға үлгі болатындай Көксу ауылының жетістігіне осы «Астра-Агро LTD» компаниясының да үлесі мол.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,
Абай ауданы