Бас тақырыпТарих

«Жолыңа қараймын…»

Алыста қалған жаздың бір күнінде батыр Қазыбек Нұржановтың әкесі Бейсен ақсақал шаңырағымызға келіп еді. Біраз уақыт отырып, әкеммен кеңінен әңгімелесті. Ойын баласы болсам да үлкендердің әңгімесінің кейбір тұстары есімде қалыпты. Сол естелігімді оқырманмен бөлісуді жөн көріп, қолыма қалам алған жайым бар…

Әкей қызмет бабымен Ақтоғай ауданының «Қоңырат» колхозынан «Бірлестік» колхозына ауысып, ауылдық кеңестің төрағалығына сайланған болатын.

Сол кезге тән бір жүйе бар еді. Жоғары жақ бір қызметке жіберу үшін оның балаларының оқуының аяқталуын күтетін.  Осыған байланысты әкейдің  жаңа қызметіне кірісуі жазға қарай ауыстырылды. Ол кезде мен екінші сыныпқа көшкенмін. Сол жылы маған жаз ерте шыққандай көрінді. Қоныс тапқан «Қоңырат» колхозын қимасақ та, жаңа жерге жетуге асыққандықтан болар – «ЗиС», «Газ-51» автокөліктеріне үй жиһаздарын, киіз үйді тиеп алып, «Бірлестік» колхозына түс ауа жеттік. Келе сала сегіз қанат аппақ киіз үйді ел-жұрт болып тігіп те үлгерді. Әдеттегідей, шешей киіз үйді қалай тігетінін айтып жүрді. Кіретін үйіміздің жөндеу жұмыстары әлі бітпеген екен. Біз болсақ, қарынды ет-бауырсақ, кәмпиттерге нығыздап, торсықтағы бал қымыздың бір кесесін сіміре салғаннан кейін көрші үйлердің балаларымен ойынға да кірісіп кеттік.

«Бірлестік» (Қызылтас) колхозы өзінің ерекшелігімен көзге бірден ыстық болып көрінді. Ауылдың бір жағында мүк басқан, аршасы күн беткейін жауып жататын, тал-қарақатқа бай, сайында піскен долананың иісі аңқып тұратын, әдемі ою тастардан қалап қойғандай тау орналасқан. Ең биігінде көлі бар. Суы тұнық, мөп-мөлдір, түбі көрініп жататын. Екінші беті көдеге бай, сайлары тобылғы, қарағанға толы кішігірім таудан тұратын. Ауылдың ортасынан кішігірім өзен ағатын. Көктемде суға толып, жазда құрғап қалушы еді. Ауылдың күнбатыс шетінде таудан бастауын алатын тас бұлақ ағып жататын. Тек бұлақтың басында ғана доланасы бар талдар жайқала өсіп тұратын.

Сонымен қойшы әйтеуір, жиырма шақты күннен кейін үй де бітіп, толығымен қоныстандық.

Түс мезгілі болатын. Үйдің есігі айқара ашылып, еңсесі биік, кеудесіне дейін түскен аппақ сақалмұрты  бар, үстіне жеңіл шапан киген, аяғындағы мәсісінің сыртынан калошын іле салған, қолында жеңіл сабау-таяғы бар, жасы сексенді алқымдап қалған ақсақал кіре берді. Қарияны жетектеп келген бала кейіннен білдім Аманбек деген сол үйдің баласы екен, бір мектепте оқыдық, сыртта қалып қойды. Ішке кірген жоқ. Әкей орнынан жылдам тұрып барып, қол алып амандасқаннан кейін, қолтығынан демеп төрге әкеліп отырғызды. Мен де барып сәлем бердім. Маған ұзақ қарап тұрғандай болып еді, айтайын деген ойын әкем түсінгендей:

– Ақсақал, бұл біздің кенжеміз

Болат, – деп таныстырып жатты.

Мен де есейгенімді білдірейін деп басымды изедім.

– Ой, айналайын, мен сенің үлкен Бейсен атаң боламын, келіп сәлем беріп тұр, үйіміз көрші. Менің балаларыммен сенің әкең жақын туысқан болып келеді, – деп, әкейге қарай жүзін бұрып әкетті.

Жүзі маған мұңлы көрінді. Төрге жайғасқан мезетте құманмен су әкелініп, қолын шайғаннан кейін шай ішу жалғаса берді.

– Иә, Ноғайжан қонысың жайлы болсын, ол жақта ел аман-есен бе? Иман баламыз колхоздың басқармасы деп естідім, – деді шай кесесін алып жатып.

Әкей ол жақтағы елдің жағдайын рет-ретімен айтып отырды. Шай ішіліп болғаннан кейін Бейсен ақсақал келген шаруасын айтқысы келгендей ыңғай танытты. Байқадым, әкей де оны түсінгендігін сездіргендей болды.  – Өзі

 шет жағасын естіген боларсың, менің үлкенім – Қазыбегім 1943 жылдың күзінен кейін хабарсыз кетті. Әйтеуір, бір хабарының болатынын мына жүрегім сезеді. Мен де қартайып қалдым, бүгінертең деп жүрген жағдайым бар. Сонда да күдерімді үзбеймін. Күн сайын ауданға шығар жолға қараймын да отырамын, бір хабар болар деп. Ноғайжан, сен де үкіметтің адамысың ғой, жақындығың бір басқа. Манарбек те, Өзбек те аянып жүрген жоқ, дегенмен туған бауырлары ғой, – деп, көзіне жас алғандай көрінді маған. Мен әрі қарай шыдай алмай далаға шығып кеттім. Әңгіменің жалғасын тыңдай алмадым, оған менің шамам да жетпейтін еді.

Шыққан бойы аудан жаққа барар жолға қарап, тұрып қалдым. Арқасында дорбасы бар, иығына қаруын асынған соғыстан қайтып келе жатқан солдаттың бейнесі елестеді. Ол – менің әкемнің інісі, менің де әкемдей. Үміт оты жарқ етіп жанғандай болды. Осылай, күнде жолға қарап жүрсем бір хабар қайтсе де келеді, көрші атамды қайтсем де бірінші болып қуантам деп ой түйдім…

Иә, расында тура бір жыл толғанда аудан жақтан сүйіншілеген хабар да жетті!К

СРО Жоғарғы Советі Президиумының 1945 жылғы 24 наурыздағы Жарлығымен Қазыбек Бейсенұлы Нұржановқа қаза болғаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Бірақ, бұл тек хабар ғана еді. Бейсен атам ести алмады бұл хабарды.

Ол хабарсыз кеткен ұлын күткен еді…

Болат ҚАЛИ,

Қазақстан Ауыл шаруашылығы академиясының Құрметті академигі.

Басқа материалдар

Back to top button