АймақҚарқаралы

«Жол картасы» Қарқаралы жолының ой-шұңқырында қалмаса жақсы нәтиже беруі тиіс

«Өзіңнен шықпай, өзегің майланбайды». Жаны бар сөз! Егер, өзіміздің туризм түлеп тұрса, миллиондап қаражат шашып, асқар тау асып, көгілдір теңіз кешіп, неміз бар? Туризм – әлемдегі экономикалық кірісі жоғары саланың бірі. Аймақтағы ауыз толтырып айтатын Балқаш көлі, Қарқаралы мен Ақтоғайдың тамаша табиғаты жанға – сая, дертке – дауа.

Қарқаралы демалыс орны

Алайда, экономикалық инфрақұрылымды жасақтауда түйткілді мәселе аймақтағы туризмнің дамуына қолбайлау болып отыр. Тұсаулы аттай тыпырлаған туризм саласында қызмет көрсету тұстары кемшін түсіп тұр.

Қарқаралы – этно-аграрлық туризм үшін өте қолайлы. Сулы да нулы алқап. Тек тамаша табиғатымен ғана шектелмей, тарихи-археологиялық қазбалардың, мәдениет пен өркениеттің, сәулет пен ескерткіштердің тартымдылығы, салт-дәстүрдің даралығымен ерекшеленді. Ауданда мемлекет қорғауындағы 301 тарихи және мәдени нысан бар. Бұл тұрғыда Орталық Қазақстан аумағының туристік базарына айналуға әлеуеті әбден жетеді. Жылына мыңдаған турист келіп демалады. Жаз маусымында демалыс орнын таппай дал болатындар қаншама? Алайда, өңір неге туристік орталыққа айнала алмайды?

Биыл Қарқаралы ауданында туризм саласын дамытуға арналған үш жылдық «Жол картасы» әзірленді. Облыстағы орман алқабының 90%-ы аудан аумағында. Оның ішінде, рекреациялық маңызы зор Ұлттық табиғи парк пен Қу орманшылығы бар. Осындай тамаша табиғаттың ортасында орналасқан 35 демалыс үйінің 3 мыңға жуық туристі қабылдауға қабілеті жетеді. Жыл сайын туристердің де саны артып келеді. Өткен жылы 23 мың 600 адам келген. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 127,7%ға артық. Ал, көрсетілген қызмет құны – 625 млн. 800 мың теңге.

Аймақтың тарихи және мәдени әлеуетіне, инвесторлар мен тұрғындардың қызығушылығы болғанымен, бірқатар мәселелерді атап өткім келеді. Бұл, ең алдымен, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның жайкүйі, кадр тапшылығы, сервистің жоқтығы және Ұлттық парк тарапынан қойылатын көптеген шектеулер. Ұлттық парктің рекреациялық аймағында шағын демалыс үйлерін, кемпингтерді, аңшылар үйлерін, қонақ үйлерді, спорт базаларын, лагерьлерді, сауда нүктелерін және тамақтану орындарын салу жобаларын жүзеге асыру шарт, – дейді аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Серік Төлеубек.

Қарқаралы демалыс орны

Қарқаралының туристік әлеуетін көтеруге бағытталған картада туризмді дамытудың негізгі алғышарттарына басымдық берілген. Онда туризмнің дамуына кедергі келтіретін түйткілді мәселелер айқындалды. Нақтырақ айтқанда, демалыс орындары мен туристік объектілердің инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдарын дамыту. Яғни, «Қарағанды-Қарқаралы» республикалық маңызы бар жолды орташа жөндеу, шағын авиация үшін әуежайды қалпына келтіру, ұялы байланысты, оның ішінде, интернетті дамыту, жұмыс істеп тұрған демалыс үйлеріне дейінгі жолдарды жөндеу, туристік маршруттарды абаттандыру. Сайып келгенде, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жақсартуға республикалық және облыстық бюджеттерден қаражат бөлу қажеттігі көрсетілген.

Сонымен қатар, туристердің қызығушылығын тудыратын тозығы жетіп тұрған нысандарды қалыпқа келтіру де кезек күттірмейтін мәселе. Мысалы, табиғат мұражайы мен қоршауын күрделі жөндеу, мемлекет қорғауындағы тарихи ескерткіш «Орманшы үйі» негізінде мұражай ашу, қала маңындағы демалыс орындарының жұмысын жандандыру мақсатында меншік иелерімен келіссөздер жүргізу де маңызды.

Туризмнің жүйелі дамуында қызмет көрсету сапасы мен білікті мамандардың да рөлі басым. Яғни, келген туристке жергілікті жердің тарихи маңыздылығынан ақпарат беретін көрнекіліктер мен кәдесыйлар дайындайтын шеберханалар, туристерге қажетті шатырлар, шаңғы, ұйықтайтын қаптарды жалға беретін орындар ашу, қоғамдық тамақтану орындарының саны мен сапасын арттыру мақсаты тұр. Олардың бос уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндік жасауда күн тәртібінде тұрған жайт. Сондықтан да, атпен серуендеу, балық аулау, аңшылық кәсібін көрсету секілді ауқымды жоспарлар жобада қамтылған.

Өңірде туризм саласын белсенді дамытудың «Жол картасында» бәрі қаражатқа келіп тіреледі. Туризм де инфрақұрылымға тәуелді. Қалталы адамға «қоңырқай» туризмнен гөрі мамыражай туризм тиімді. Егер, «Жол картасы» орта жолда Қарқаралының ой-шұңқырында қалмай, жоғарыға жетіп, қолдау тапса, өңірдің тұрмысы түрленіп, туризм базарына айналары сөзсіз.

Сағыныш ӘБІЛ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button