Бас тақырыпОблыс әкімі

Жобалардың тиянақтылығына не кедергі?

Бұқара үшін қолға алынған мемлекеттік бағдарламалар барысы – билік назарында. Тың жобалардың тиянақтылығына тұсау салып тұрған жайттар жария етілген аппарат отырысында құзырлы орындар, жергілікті билік өкілдері облыс әкімі Ерлан Қошановтан бірқатар міндеттер алды. Сөйтіп, дәрменсіздік танытқан басқарма басшылары мен әкімдерге аймақ басшысынан пәрмен түсті. Ол пәрмен – жобалардағы кей кедергілерді жоюға ықпал етпек. 

МӘМС: қанатқақты жоба басталды

 Қарағанды облысы 1 қыркүйектен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жобасын іске асыруды бастады. Қанатқақты жобаның алғашқы нәтижелері де бүгінгі таңда белгілі. Облыстың денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев бұл туралы облыс әкімі Ерлан Қошановқа аппарат мәжілісінде баяндады. Басқарма басшысының айтуынша, басқарманың қасынан жобалық кеңсе ашылған. Ол кеңсе азаматтарға толық ақпараттандыру-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

– Жобаны іске асырудың бірінші аптасында екі мәселе белгілі болды. Бірінші – міндетті сақтандырудың табысты жүзеге асуы үшін тұрғындардың жоғары кешенді медициналық ақпараттық жүйемен қамтылуы 80 пайыздан кем болмауы тиістігі. Бүгінде тұрақты түрде сақтандырылған азаматтардың есебі жүргізілуде. Алайда, проблемалық мәселелер бар. Атап айтқанда, 2 қыркүйектегі жағдай бойынша тұрақты емханаға тіркелмеген адамдардың саны 44 882 адам екені анықталды. Осыған байланысты ішкі істер департаменті, әділет басқармасы, қала, аудан әкімдеріне жеке тұлғалар мәліметтерінің мемлекеттік базада тіркелуін өзектендіру жөнінде тапсырма берілуі қажет, – деді Ержан Нұрлыбаев

Екінші мәселе – аударылатын төлемдердің жүйесіздігі. «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңға сәйкес, жарна төленбеген жағдайда кешенді ақпараттық медициналық жүйесі бойынша азаматқа медициналық қызмет аударым жасалмаған кезден кейінгі уақытта үш айдан артық көрсетілмейді. Осыған орай, жұмыс берушілер тарапынан төленетін жарналардың тұрақтылығына талдау жасалыпты. Талдау нәтижесі соңғы 12 айда төлем жасаған жұмыс берушілердің саны облыста 23 949 екенін көрсеткен. Оның ішінде, соңғы 3 айда жарна аударған жұмыс берушілер – 19 470. Сөйтіп, тұрақты төлем жасамайтын 4 479 жұмыс берушінің міндетті сақтандыру жүйесінен шығып қалу қаупі бар. Осылайша, жұмыс беруші тарапынан салықтық және еңбектік заңнаманың сақталмау деректері орын алуда. Сонымен қатар, тұрғындар арасында кең ауқымдағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыру қажет. Бұл мәселе – аймақ басшысының ұдайы назарында. Осыған байланысты денсаулық сақтау басқармасы басшысына Ерлан Жақанұлы апта сайын ақпарат-мәлімет беруді жүктеді. Сондай-ақ, құзырлы орындарға төлемдердің мезгілімен аударылуын қадағалауды міндеттеді. 

Бағдарлама қандай қарекетті қажет етеді? 

«Ауыл – ел бесігі» жобасы «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы аясында іске асуда. Қарағанды облысында биыл бұл бағдарламаға үш аудан енген болатын. Олар – Нұра, Жаңаарқа, Ұлытау. Аймақта бағдарламаның іске асу барысы туралы экономика басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айжан Дурсун мәлімдеді. 

– 2019 жылға арнайы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына 1 млрд. 489 млн. теңге бөлінген. Оның ішінде, республикалық бюджеттен берілген қаржы көлемі – 1 млрд. 132 млн.теңге болса, жергілікті бюджет қаражаты – 365, 6 млн.теңге шамасында. Ұлттық экономика министрлігінің ұсыныстарына сәйкес, Қарағанды облысында даму үрдісі орташа әлеуеттегі үш аудан орталығы анықталды. Атап айтқанда, Жаңаарқа ауданынан – Атасу кенті, Нұра ауданынан – Нұра кенті, Ұлытау ауданынан – Ұлытау ауылы. Бағдарлама арқылы 3 бағытты қамтыған 26 жоба жүзеге асуда. Инженерлік инфрақұрылымды дамытуда – 8, әлеуметтік инфрақұрылымда – 14, көліктік инфрақұрылымдағы нысандарда – 4 жоба,– дейді Айжан Дурсун. Жобалар негізінде 134 жұмыс орны құрылды. Игерілген қаржы – 82,5 пайыз шамасында.

Атасу кентінде 10 жоба қолға алынса, оның 2-і мәреге жетті. Өзге жобалар бойынша кестеге сай жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда 47 жұмыс орны құрылса, тағы 38 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Нұрада – 6 жоба іске асырылуда. Қазіргі уақытта 2 жоба аяқталыпты. Ал, 4 жобада жұмыстар жалғасуда. Ұлытау ауылындағы 10 жобаның 2-і осы күні тәмамдалған. 

2020 жылы бағдарламаға 1 млрд. 665 млн. теңге лимит қарастырылып отыр. Алдағы жылға бағдарламаның қоржынында 27 жоба бар. Келесі жылға жоғары және орташа дамудағы 4 елді мекен жоспарлануда. Олар – Ақтоғай ауданының Ақтоғай ауылы, Қарқаралы ауданының Қарағайлы кенті, Осакаров ауданының Осакаров кенті, Шет ауданының Ақсу-Аюлы кенті. Бұл төрт еді мекенде 27 жоба жүзеге аспақшы. Сонымен қатар, Президент Жолдауына орай бағдарламаға қосымша қаражат бөлінуіне байланысты жергілікті әкімдерде басымдық берілген жобаларды тағы да анықтап, ұсыныс жасау міндеті тұр. 

Сондықтан, аймақ басшысы республикалық бюджеттен берілетін қаражатты алып, ел игілігіне пайдаланудың қажеттігін қадап айтты. Осы орайда тиісті сала басшыларына тапсырмалар берілді.

Қызғалдақ АЙТЖАН

Басқа материалдар

Back to top button