Жинақ құрастырылды
Өткен жұма күні облыстық мемлекеттік архивтер ғимаратында облыстың дін істері басқармасының басшысы Нұрлан БИКЕНОВ, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан АҒЫМБАЕВ, облыстық мешіттің бас имамы Өмірзақ қажы БЕКҚОЖА және облыстық мұрағат директоры Жаңагүл ТҰРСЫНОВА қатысқан «ХХ ғасырдың 30-90 жылдардағы Қарағанды облысындағы діни конфессиялар» атты архив құжаттары жинағының тұсаукесер рәсімі өтті.

Өзге де қатысушылар қатарында облыс орталығындағы діни конфессиялардың, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен ұлттық-мәдени бірлестіктердің, облыстағы дін мәселесі бойынша уәкілетті органның, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың ғалымдары, архивистер болды.
Бүгінде Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Барымызды бағамдап, жоғымызды түгендеуге түбегейлі жол салған бұл мақала Қарағанды облысында да жүйелі түрде жүзеге асып жатқанын айта кету керек. Соның жарқын үлгісі – аталған құжаттар жинағының тұсаукесері.
Облыстың ордалы азаматтары бас қосқан шараны Жаңагүл Тұрсынова ашып, аталған жинақ облыстың мемлекеттік архиві құжаттарының негізінде әзірленгенін тілге тиек етті. Өз сөзінде мекеме басшысы жинақта 133 архив құжаты қамтылғанын, соның ішінде, аймақтағы діни ұйымдардың құқықтық ережелері мен қызметтерін құру, мемлекеттік-конфессиялық қатынастар мен тұрғындарды атеистік тәрбиелеу жөніндегі материалдар топтатастырылғанын жеткізді.
Тұсаукесер шеңберінде дін конфессияларына арналған арнайы фильм көрсетіліп, облыстың мемлекеттік архиві құжаттары бойынша «Бейбітшілік. Келісім. Диалог» атты құжаттамалық көрме ұсынылды.
Архив мәліметтері бойынша, 1987 жылғы 1 қаңтарда облысымызда 49 діни берлестік мен 9 конфессия тобы қызмет етсе, қазіргі күні Қазақстан 130-дан астам ұлт пен ұлыстың Отанына айналып, елімізде 17 түрлі діни ұстаным тіркелген екен. Бұл ретте, облыстың дін істері басқармасының басшысы Қарағандыда 34 діни бірлестік пен 15 конфессия барын айтып, конфессияаралық тұрғыда қайшылықтар мен түсініспеушіліктердің жоқ екенін ерекше атап өтті.
– Бүгін сіздер игі бастамаға куә болып отырсыздар. Қоғам үшін бұл кітаптың маңыздылығы аса зор. Атеизмнің күш алып тұрған Кеңес дәуірі кезінде біздің рухани құндылықтарымызды жоғалтпауымыздың бірден-бір дәлелі – осы жинақтағы құжаттар, – деді Өмірзақ қажы Бекқожа.
Рауан ҚАБИДОЛДИН



