Спорт

Жігер барда жасымақ жоқ

Республика күні қарсаңында Париждегі Паралимпиада ойындарында ядро лақтырудан қола медаль жеңіп алып, елдің мерейін үстем еткен Дастан Мұқашбековке өңірдің белсенді жастары мерекелік шара ұйымдастырды. Жас буынға рухы мықты тұлғаның үлгісі бола білген азаматқа осылайша құрмет көрсетілді. Шара «Сарыжайлау» кинотеатрында өтті.

Концерттік бағдарламаның алдында Дастан Мұқашбеков жеңіл атлетиканың жанкүйерлерімен әңгімелесіп, журналис­терге сұхбат берді. Паралимпиада жүлдегерімен бірге жеке бапкерлері Қазақ КСР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Президенттік көп сайыстан Қазақстан Республикасының спорт шебері Сергей Безгачев пен Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Александр Тиховский де келді. Бұл қатарда облыстық мүгедектер спортына мамандандырылған мектеп директоры Елена Фархутдинова да бар. Сұхбат алаңында «Сарыжайлау» кинотеатрының директоры Саят Әбдіғали модератор болды.

– Құрметті Дастан Мұқашбеков, сіз бұл күнде ел жастарына үлгі болып жүрсіз. Қаншама адам бұл күнде сізбен сұхбаттасып, кездескісі келеді. Ұлтымыз үшін ұлық мейрам Республика күні қарсаңында солардың арманын орындауды жөн көрдік, – деді Саят Әбдіғали.

Сұхбат барысында сауалдар жолданып, жауаптар алынды. «Дастан Мұқашбеков спорттық мансабын жалғастыра ма? Келесі Паралимпиада ойындарына баруға үмітті ме?» Бұл сауал жанкүйерлердің де көкейінде жүргені анық. Спортшы денсаулығы жеткенше ел намысын қорғай беретінін жеткізді.

– Келесі Олимпиада ойындары Лос-Анджелесте өтеді. Сол бәсекеге де баруды мақсат қойдым. Лос-Анджелестен кейін Аустралияға да баруға дәмелімін. Бәрі денсаулыққа байланысты. Күш-қайратым, денсаулығым жараса, соңына дейін барамын. Жоспар көп. Арманым айқын. Келесі жылғы әлем чемпионатында жүлде алуды мұрат етемін, – деді Дастан Мұқашбеков.

Кездесуге қатысқан жастарға да жігер берді спортшы.

– Өмірде небір қиындықтар болады. Солардың бірталайымен бетпе-бет келген адаммын. Бірақ, інілеріме берілмеңдер дегім келеді. Өмірде әр адамның миссия­сы бар. Ешкім мына дүниеге текке келмейді. Денсаулығың, күш-қайратың бар кезде қолдан келгеннің бәрін жасау керек, – деді өңір мақтанышы.

Сұхбаттан кейін қадірменді меймандар кинотеатрдың үлкен залына өтіп, өнерлі жастар ұйымдастырған концерттік бағдарламаны тамашалады. Зал төріне Дастан Мұқашбековтің Байрағымызды желбіреткен суреті ілініпті. Спортшыға жастар қошеметпен құрмет көрсетті.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button