Жездінің жай-күйін бағамдады

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Рысқали Әбдікеров Жезқазған-Ұлытау өңіріне жасаған сапары барысында Жезді кентіне арнайы атбасын бұрды. Алғашқы кезекте сенатор білім және тәрбие беру ошақтарында болып, олардың күнделікті тыныс-тірлігін жете бағамдады. Кенттің абаттандырылу жағдайына көңіл бөліп, жұртшылықпен жүздесті.

Байырғы оқу ошағы №6 орта мектебінің басшылығымен әңгімелесу кезінде халық қалаулысы мемлекет тарапынан оқу-тәрбие үдерісін жетілдіруге қатысты қолға алынған пәрменді шараларға жете тоқталып, ізгі ниетті іс-әрекеттердің тиімділігі туралы сөз қозғады. Әліпбиді латын қарпіне көшіруден туындайтын талаптардың мүдделі түрде оңтайлы жүргізілуі қажеттілігіне ерекше назар аударды. Мектептің уақыт талабына сай техникалық тұрғыда жарақтандырылуы жайына да қызығушылық танытып, міндетті шараларды тиімді тұрғыда атқарудың өзін-өзі ақтаған тәсілдері хақында ой бөлісті.

«Айгөлек» балабақшасында Парламент Сенатының депутаты тәрбиеші мамандармен жүздесіп, бүлдіршіндерге тәлім-тәрбие берудің қолданыстағы тетіктерін бағамдауға ден қойды. Ортақ мүдделі шаруалардың шырайын енгізе түсуге негіз қалайтын ілкімді іс-қимылдар туралы пікір алмасты. Сөз түйінінде тәрбие ошағындағы оңтайлы әрекеттерге оң баға беріп, ұжым қызметіне толайым табыс тіледі.

Содан кейін Рысқали Қалиақпарұлы кент әкімдігінің мәжіліс залында жергілікті жұртшылық өкілдері – ақсақалдар қауымы, кәсіпкерлер, бюджеттік мекемелер қызметкерлері және басқа да санаттарға жататын азаматтармен емен-жарқын жағдайда әңгіме-дүкен құрды. Бұқараны Астана күні мерекесімен құттықтап, Парламент қабырғасында соңғы кезеңде қабыл данған заңдарға қысқаша шолу жасады. Қолданысқа енгізілген заңдардың ел дамуын өрісті ете түсер ерекшеліктері жөнінде сөз қозғады. Мемлекет басшысының Жолдауларында қойылған міндеттер мен алуан бағытты қамтитын басқа да тапсырмаларының нақты жүзеге асырылуы хақында дәйегі мол деректерді ұсына отырып, тұжырымды әңгіме айтты.

Әрине, орталықтан алшақ орналасқан аудан тұрғындарын мемлекеттік деңгейдегі толымды істерден тысқары, жергілікті жердің бүгінгі таңдағы әлеуметтік ахуалы мен келешектегі даму үдерісі жайлы шынайы сөз қызықтырары бесенеден белгілі. Екіжақты терең түсіністік орнаған әңгіме кезінде бұл мәселе де назардан тыс қалмады. Жездінің өткені мен бүгінін жетік білетін сенатор Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасынан» өрбіте отырып, біршама жайттың басын қайырды. Сөз арасында ауыл балаларының болашағы, баспана мәселесі мен осы мәселеге қатысты мемлекет тарапынан қарастырылған мүмкіндіктер, көлік жолдары мен кенттегі ішкіорамдық қатынас жолдарының жөнделуі, ауылшаруашылығы саласында шағын шаруа қожалықтарын одан әрі дамыта отырып, ірі шаруашылықтарды құру жайы және өзге де өзекті мәселелер тілге тиек етілді.

 Парламент Сенатының депутаты тұрғындар тарапынан туындаған орынды сауалдардардың барлығына орнықты жауаптар қайтарды. Сонымен қатар, кез келген тұрғынның кез келген уақытта өздерін толғандыратын көкейкесті мәселелері бойынша өзіне тікелей шығуға болатыны туралы мәлімдеді.

 Жұртшылықпен жүздесуден кейін азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдаған Рысқали Қалиақпарұлы олардың біршамасының күрделі сауалдардарын қолма қол шешіп берді.

 Сенатордың Жезді кентіне жасаған сапары кезінде онымен бірге аудандық мәслихаттың хатшысы Талғат Сейтжанов пен аудан әкімінің орынбасары Мақсұт Оспанов болды.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
«Орталық Қазақстан»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.