Жаңалықтар

Жезқазғандағы ахуал – бақылауда

          Облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ кеше өткен аппарат жиынында Жезқазған қаласының әкімі Батырлан АХМЕТОВКЕ сөгіс жариялады. Себеп – ыстық судың сапасы. Жезқазғандықтар пәтерлеріндегі шүмектен ыстық су орнына иісі сасық сұйықтық ағып жатқанын айтып шағымданған еді.

Бұл мәселені егжей-тегжейлі зерделеу мақсатында аймақ басшысы Жезқазғанға орынбасары Анатолий Шкарупа бастаған жұмыс тобын жіберген-ді.

– Арнайы отырыс өткіздік. Бірқатар жұмыстар қолға алынып, құбырлар желісі қайта шайылды. Қазір ыстық су сапасы жақсарды, – деп есеп берді Анатолий Шкарупа. Оның айтуынша, тұтынушыларға жеткізілетін ыстық су сапасына үнемі зертханалық зерттеулер жүргізіліп тұрады.

Облыс әкімі Жезқазған қаласының әкімі Батырлан Ахметовпен селекторлық байланысқа шығып, мәселенің себебін түсіндіруді талап етті. Өз сөзінде Батырлан Ахметов қыстың ерте түсуі салдарынан жылу беру маусымын әдеттегіден ерте бастау қажет болып, желіні шайып үлгермегендіктерін айтты.

– Біз лас су болады деп ойлаған жоқпыз, – деді Жезқазған қаласының әкімі.

Бұл жауапқа Ерлан Жақанұлының көңілі толмады.

– Бұл қалай болғаны?! Әзірге, қала әкіміне сөгіс жариялаймын. Келешекте қызметтік тексеріс қорытындысына сәйкес шешім қабылдаймыз. Ыстық су сапасын қадағалауды жалғастырып, қызмет көрсетуді жақсарту қажет, – деген облыс әкімі қоластындағы шенеуніктерге барлық салалар бойынша талап қатаң болатындығын ескертті.

Белгілі болғандай, Жезқазған қаласының тұрғындары бұған дейін Астана қаласындағы Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығының тәуелсіз сараптауына ыстық және суық су үлгілерін жолдаған еді.

Қарағандыда қоғамдық көлікте электронды билеттерді енгізуге дайындық басталды. Бұл бағытта жүріп жатқан жұмыстар туралы Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіров есеп берді.

– Электронды билет бағдарламасын алматылық «SMART CARD» компаниясы жүргізуде. Аталған компаниямен әріптестік жөнінде меморандумға қол қойдық. Қазіргі таңда компаниямен қаладағы барлық 9 жолаушы тасымалдаушы серіктестіктер келісім-шарт жасады. Қаңтар айының соңына дейін Қарағандыда филиалы ашылады. Бұдан кейін қала автобустарында терминалдар қойылып, төлем карталары әзірленеді, – деді Нұрлан Әубәкіров. Жоба мамыр айында іске қосылады деп күтілуде. Жеңілдік қарастырылған тұлғалар мен оқушылар үшін фотосуреті бекітілген карталар дайындалды. Жолаушылар жол жүру ақысын ұялы байланыс арқылы төлей алады. Әр көлікке 4 бейнекамера орнатылады.

Қала әкімі жаңа жүйенің тиімділігін атап өтті.

– Бірінші кезекте қаржылық ашықтыққа қол жеткіземіз. Жолаушы тасымалдаушының жұмысы айқын көрінеді. Бұдан бөлек, жергілікті атқарушы органдар дотация мен субсидияның дәл сомасын аудара алады, – деді Нұрлан Әубәкіров.

Облыс әкімі Ерлан Қошанов жобаны енгізу барысын ұдайы қадағалауда ұстауды тапсырды.

– Бұл – баршамыз үшін маңызды іс. Бастысы – қоғамдық көлік жұмысы сапасын көтеру. Қазір аталған мәселеге қатысты шағым көп, – деді Ерлан Жақанұлы.

Облыс әкімінің

баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button