Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл

Жезқазғанда Абай ескерткіші ашылды

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған шаралар аясында Жезқазған қаласының “Наурыз” саябағында ұлы ақын, ағартушы Абай Құнанбаевтың ескерткіші ашылды.

Алғашқы болып жезқазғандықтар мен қала қонақтарын құттықтаған Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Бектайұлы Әбсаттаров:

– Бүгін ашылғалы тұрған ескерткіш – ұл-қыздары ақылды, Абайдың «біріңді, қазақ, бірің дос, Көрмесең істің бәрі бос» деген сөзін мәңгілік ел қағидасына айналдырған 30 жылдық тарихы бар Тәуелсіз еліміздің тойы мен оның данышпан ақынының ақыл-шыңына қойылған ескерткіш, – деп атап өтіп, іс-шараның барлық ұйымдастырушыларына, қонақтарына және қатысушыларына алғысын білдірді.

Ұлы Абай ескерткішінің ашылуына Қазақстанның түкпір – түкпірінен шақырылған қадірменді қонақтар қатысты. Ұлы Абайдың туған жерінен келген Құрметті азамат, ҚР Білім саласының үздігі Е.М.Имаханов, Нұр –Сұлтан қаласынан келген ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ғалым Жайлыбай, Сәтбаев қаласының әкімі А.А.Ыдырысов, жас ақындар атынан «Өркен» мектебінің қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі Абай Ораз құттықтау лебіздерін білдірді.

«Қуанышты бөліссең көбейеді» деп дана халқымыз айтқандай, айтулы оқиғаға орай Абайдың туған ауылы Қарауылдан, Қарағанды облысының Абай қаласы, Абай ауданынан келіп түскен құттықтау жеделхаттарының легі таныстырылды.

Салтанатты шараның барысында Жезқазған қаласы шығармашылық ұжымдары әзірлеген Абайдың өміріне, шығармашылығына арналған театрландырылған қойылымдар көрсетіліп, өлеңдер оқылып, әндер шырқалды. Соңында келген қала жұршылығы мен қонақтары жаңарған саябақты аралап, тамашалады.

Ескерткіштің орнатылу тарихына келсек, 2021 жылдың басында “Абай ескерткіші” үздік эскиздік жобасына республикалық конкурс жарияланған болатын. Ұсынылған 7 жобаның ішінен 2 жоба іріктеліп алынып, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы монументалды өнер құрылыстарын орнату жөніндегі комиссияның қарауына жіберіліп, мемлекеттік комиссия суретші Саид Айнеков, мүсінші Тохтар Ермековтың жобасын бекітті.

«Абай тағылымы» кешеніне мына нысандар кіреді: Ескерткіш – қоладан құйылған, мүсіннің биіктігі 2,70 метр; тұғыртасы – 1,80 метр; Абайдың қарасөздерінен үзінді жазылған 5  тас тақталар.

Бұған қоса «Наурыз» саябағында ауқымды аббатандыру жұмыстары жүргізілді. Саябақта бұрынғы бар нысандарды жаңартумен қатар, “Наурыз көже”, “Домбыра”, “Тайқазан”, 4 әуенді шам түріндегі шағын сәулет формалары (ШСФ) орнатылды. Саябақтың кіреберісі абаттандырылып, Аманжолов көшесінен Байқоңыров көшесіне дейін тас төселіп, жолаушылар жолы жаңартылды. Саябақ ішінде қала тұрғындары жаңа жүгіру жолын пайдалана алатын болады. Сондай-ақ, 150 түп терек, қарағай, қарағаш көшеттері отырғызылды. Көгалдандыру жұмысы әрі қарай жалғасын табады.

Алдағы уақытта саябақты аббатандыру аясында жоба «Руханият аллеясымен» толықтырылады, яғни, Ұлытау – Жезқазған өңірінің мәдени-рухани саласының қалыптасуы мен дамуына, өркендеуіне айрықша еңбек сіңірген мәдениет, өнер саласы қайраткерлерінің есімдерін дәріптеу мақсатында ескерткіш белгілер орнатылады.

Жезқазған қ. Әкімдігінің баспасөз – қызметі

Басқа материалдар

Back to top button